Қарағанды – бала онкологына зәру
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сенсек, жыл сайын елімізде 600 балада қатерлі ісік анықталады екен. Оның 42%-ы 3 жасқа дейінгі балалар болса, көбісі 1 жасқа толмаған сәбилер көрінеді. Мамандар қатерлі ісік формалары генетикалық тұрғыдан ана құрсағында-ақ пайда болуы мүмкін екендігін алға тартады. Кез келген қатерлі ісік түрінің ерте анықталғаны – сауығып кетудің негізгі кепілі екенін бәрі біледі. Десе де, балалар арасында жаман ауруды ерте тауып, біліп, бетін қайтаратындай ем қолдана білетін маман тапшылығы шешілер емес.
Балалар онкологтары Елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталықта шоғырланған. Ал, аймақтарда атымен жоқ. Сондықтан, аталмыш орталықтан балалар онкологы келіп, қабылдау жүргізеді деген хабар баласы дертті ата-ананың қам көңілін шамалы болса да жұбатты. Арнайы келген дәрігер Арман Абенов облыстық балалар клиникалық ауруханасы қабырғасында үш күн қабылдау жүргізді. Үш күн ішінде 90 баланы қабылдап үлгерді.
– Алғашқы күні мұнда отыру мүмкін болмады, – дейді қабылдауға келіп отырған Марина есімді бойжеткен. – Небір түрлі халдегі балаларды көру қиын екен. Еңсеңді езетін, ауыр жағдай орнап тұр ды. Бес күн бұрын менің 16 жастағы сіңлімде аналық бездердің қатерлі ісігі анықталды. Барлығымыз үшін аспаннан жай түскендей болды. Содан бері онколог іздеп, шарқ ұрдық. Қарағандыда жоқ. Не жекеменшік клиникада, не онкологиялық диспансерде маман жоқ.
Кешегі күні келген дәрігер шұғыл жатқызуға жіберетінін айтыпты. Жағдайды нақтылап, Ана мен бала орталығына аттанбақшы екен олар. Бойжеткеннің айтуынша, отаны орталық жасайтын болыпты. Жаратқан жар болып, Арман Мақсұтұлы дәл уақытында келген екен деп қоямын ішімнен. Бұл қыздың «жолы болды» делік. Басқа науқастар ше? Қандай да бір мәлімет білеміз деп Елордаға шабылуына тура келеді.
Өзін Құндыз деп таныстырған тағы бір ана Бұқар жырау ауданынан арнайы келіпті. Аудан дәрігерлері елордалық маманның қабылдау жүргізетінін айтып, жіберген көрінеді.
– Менің балам туа бітті Гоше ауруына шалдыққан. Біз жыл сайын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында медициналық тексерістен өтіп тұрамыз. Алдындағы тексеріс кезінде бүйрекүсті безінде бір өскін пайда болды деген дәрігерлер. Бірақ, жаман ауру емес екен. Сонда да бір көрініп кетуге келдік, – деді ол.
5 жастағы баласын ерткен тағы бір ана Теміртаудан келіпті. Денесіне белгісіз жаралар шыққан көрінеді. Онколог маманға көрініп, кеңесін алуға кезекте тұрған басқалар да баршылық. Кезегімді күтіп мен де кірдім.
– Негізі балаларда онкологиялық аурларды анықтау қиын, – деді Арман Мақсұтұлы. – Бұл ретте аналардың жіті назары керек. Баласының күнделікті әрекеттеріне тән емес белгілер байқалса, бірден дәрігерге көрінген жөн. Біздің орталықта жағдай бала денсаулығына қатысты болса, кезек күту, порталға қою сияқты мәселе туындамайды. Шұғыл түрде шешіледі. Алғашы күні қабылдау нәтижесі бойынша екі баланы отаға жібердім.
Саладағы маман тапшылығының себебін дәрігер түрлі жағдаймен байланыстырады.
– Негізі балалар онкологиясы бойынша резидентураға тапсыратындар аз. Еңбекақының төмендігі, жұмыстың эмоционалдық тұрғыдан ауырлығы, адами факторлар да әсер етуі мүмкін, – деді ол.
Бауыр еті – баласын жаманатқа кім қисын? Көпшілік балаларда қатерлі ісік болуы мүмкін емес деп ойлайды. Алайда, бұл қазір жиі кездесетін жайтқа айналды. Қарапайым инфекциялық аурулардың артында да осындай қатер тұруы мүмкін. Бірақ, оны әдеттегі тұмауға «жаба салмай» астарына үңіле білетін дәрігер қайда? Онкологиялық білімді айтпағанда, бала денсаулығына бағытталған білім алмаған жалпы практика дәрігері анықтай қояды дегенге сену қиын. Қазір бір-бір учаскеде оқуын енді бітірген, диагностикалаудан тәжірибесі жоқ өрімдей жастардың отырғанын ескерсек, тіптен күдер үзетін сияқтымыз ғой.
Соңғы жылдары онкологиялық ауруларды ерте анықтауда ілгерілеу болса да, балалар қатерлі ісігінің жартысынан көбі (60%) 3-4 сатысында анықталады екен. Алдағы уақытта осы бағытқа күш салу керек.
… Кезекте отырған аналардың бірі сәбилердің жас бойынша стандартты медициналық тексеруіне онкологтың қабылдауы мен тиісінше талдамалар жасау шарасын енгізу керек дегенді айтып қалды. Алдағы уақытта жоғарыдағы көрсеткішті жақсартамыз десек, осы ұсыныстан бастаған жөн көрінді маған. Диагностикалау жақсарар сонда…
Жансая ОМАРБЕК.