Қарағанды-Балқаш тасжолындағы жол апатынан зардап шеккендердің хал-жағдайлары қалай?
Кеше, 14 шілде күндізгі сағат 12.00 шамасында Ақшатау кентінен 30 шақырым жерде «Алматы-Екатеринбург» тасжолында Қарағанды қаласына бара жатқан автобус пен «Тойота Естима» көлігі соқтығысқан болатын. Дәрігерлер жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді.

Еске салайық, оқиға салдарынан «Тойота Естима» көлігінің төрт жолаушысы мен автобустың бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. 11 адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
– Облыстың әртүрлі стационарларына 11 адам түсті. Олардың төртеуі амбулаториялық ем шаралардан өтті, алты адам ауруханаға жатқызылды, оның екеуінің жағдайы ауыр – жансақтау бөлімдерінде. Барлығына толық көлемде көмек көрсетілуде,- деді бүгін профессор Х.Ж. Макажанова атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Төлеубаев.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен 11 адамның бірі Ақсу-Аюлы медициналық мекемесінде екенін айтты.
Сондай-ақ, басқарма апаттан зардап шеккендердің арасында екі бала болғанын атап өтті. Оның бірі амбулаториялық негізде босатылды, біреуі (2008 жылы туған) бөлімшеде ем алуда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz