Қарағанды қазақ драма театрына “музыкалық” мәртебесі беріледі

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры музыкалық-драмалық театр деген атау алады. Қазір құжаттарды рәсімдеу жүріп жатыр, ұжым жасақталуда. Бұл туралы театр басшысы Құрман Қалымов сұхбатында айтты.
— Музыкалық — бұл жай ғана мәртебе емес. Бұл тағы бір бөлек ағза жұмыс істейтінін білдіреді. Соңғы үш жылда біздің театр тиісті білім алған әнші актрисалар және актерлермен толықтырылды. Біз драмалық және музыкалық жанрларда жұмыс істейміз. Мысалы, егер жылына бес қойылым болса, оның екеуі жасөспірімдерге арналған, ал қалған үшеуінің бірі музыкалық болады. Қазір біз құжаттарға өзгерістер енгізіп жатырмыз, Жарғыда “музыкалық драма театры” термині пайда болады.
Біздің театр құрылғанына 90 жыл болды. Оның ішінде 20 жылға жуық музыкалық және драмалық болды. Яғни, біз бастапқы дәрежемізге ораламыз. Театр ғимараты музыкалық бағытқа сәйкес келетінін атап өткім келеді: оркестр шұңқыры, балет және хор залдары бар. Енді олар жұмылдырылады.
— Театрды жаңа бағытқа ауыстыру жұмыстары қашан басталды?
— Бұл бағыттағы жұмыс үш жыл бұрын басталды. Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай “Рақымжанның Қасымы” атты музыкалық поэтикалық спектакль қойылып, “Қарагөзде” көптеген әндер шырқалды. Бұл келушілердің қызығушылығын тудырды және біз өзіміз үшін жаңа бағыт туралы ойландық. Труппада дирижер мен оркестр музыканттарын қосқанда қосымша 25 штаттық бірлік пайда болды.
Бұл камералық оркестр, онда біз халықтық, үрмелі және симфониялық аспаптарды біріктіреміз. Қаламыздағы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрінен және халық аспаптар оркестрінен музыканттарды жұмысқа қабылдаймыз (қосымша жұмыс ретінде). Дирижер — Әбілқайыр Сағымбаев. Ол сонымен қатар композитор және музыка көркемдеуші. Бұған дейін біздің театрда алты музыкант жұмыс істеген. Енді олар оркестрге қосылды. Қазір біздің актерлерде вокал мен хор бойынша қосымша сабақтары бар. Вокалды Майра Мұхамедқызының шәкірті Ырысты Рақымжан үйретеді. Дана Сатаева хор әнінен сабақ береді, ол бізде бұрыннан жұмыс істейді. Шеберлік сабақтар өткізу, қойылымға байыпты жұмыс жасау үшін балетмейстерлер, қосымша хор әншілері және музыкалық театр болуға көмектесетін басқа да мамандар шақырылады.
— Спектакльдерге кәсіби әншілер немесе опера труппасы қатыса ма?
— Бізде опера және балет театры емес, музыкалық-драмалық театр болады, сондықтан барлық рөлдерді біздің актерлер мен актрисалар орындайды. Жалпы, олар жаңа форматтағы театрда жұмыс істеуге дайын.
— Алғашқы музыкалық қойылым үшін қандай шығарманы таңдауды жоспарлап отырсыздар?
— Бірінші спектакль үшін материал ретінде “Қыз Жібек” эпосын қарастырамыз. Қазір дайындық жүріп жатыр. Бұл көп уақытты талап етеді. Театрдың бұрынғы мәртебесін жандандырудан біз тек пайда көреміз деп ойлаймын.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі