Қарағанды аяқ киім фабрикасы мұнай компанияларымен әріптестікті кеңейтуде
Қарағанды аяқ киім фабрикасы өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлеріне арналған арнайы аяқ киім – берцтер мен етіктер өндіреді. Әр жұп толық өндірістік цикл арқылы дайындалады: былғарыны пішуден бастап, құйма табаны бар дайын өнімге дейін. Бүгінде бұл бренд Қазақстанның барлық өңірінде танымал. Қарағандыда жасалған жұмыс аяқ киімі металлургтер, теміржолшылар, энергетиктер, геологтар, мұнайшылар секілді түрлі саланың мамандары арасында кең сұранысқа ие.

Кәсіпорын өкілдері Батыс Қазақстандағы мұнай компанияларымен әріптестікті кеңейтуге мүдделі екендерін айтады. Мұндай қадамға өңірде жергілікті өндірушілерді қолдау бағытында жүргізіліп отырған жүйелі жұмыс оң ықпал етуде. Биыл облыс әкімдігінің бастамасымен мұнай-газ саласындағы ірі оператор – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының делегациясы Қарағандыға келіп, фабрика жұмысына жоғары баға берді. Қол қойылған меморандум бүгінде нақты нәтижелерге жол ашып отыр.


Қазіргі уақытта арнайы аяқ киім жеткізу жөніндегі келіссөздер басталып, тараптар серіктестікті нақтылауда.
Фабрика әр тапсырыс берушінің талабына сай өнімді бейімдеп шығарады. Арнайы аяқ киімнің ең басты ерекшелігі – аяқтарды соққы, шаншу, қызған металл және өндірістегі өзге де қауіпті факторлардан қорғайтын қосымша күшейтілген элементтермен жабдықталуы.
– Табан екі қабатты, құйма тәсілмен жасалады. Әр тапсырыс берушінің талабын қатаң сақтаймыз. Мысалы, дәнекерлеушілер мен электриктерге арналған аяқ киім мүлде металсыз өндіріледі. Бау ілгектері орнына арнайы былғары тұтқа қойылады. Дәнекерлеушілерге арналған үлгілерде ұшқыннан қорғайтын қосымша клапан бар. Геологтар мен мұнайшыларға арналған модельдер бір-біріне ұқсас. Былғары толықтай табиғи, қалыңдығы 2 миллиметрге дейін жетеді және су өткізбейтін арнайы қоспамен өңделеді, – деді цех шебері Ольга Медведева.


Кәсіпорын заманауи жабдықпен жарақтандырылған. Өндірісті жаңғырту мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асып, фабрика «Даму» қорының қаржылық құралдарын белсенді пайдаланып келеді.

Фабриканың негізгі артықшылықтарының бірі – немістің Desma маркалы құю машинасы. Бұл құрылғыда екі қабатты полимер табан қалыптасып, роботтандырылған жүйе табанды аяқ киімнің жоғарғы бөлігімен молекулалық деңгейде біріктіреді. Осындай технология табанның ажырау қаупін барынша азайтады. Биыл машинаға жаңа матрицалар сатып алынып, модельдер қатары кеңейтілді.

Сонымен қатар, дайындамаларды тігуге арналған жартылай автоматтар алынды. Бұл жабдық өндіріс уақытын қысқартып, еңбек өнімділігін едәуір арттырады. Бағдарлама аяқ киім өлшемін автоматты түрде реттеп, жылдамдықты белгілейді. Бір мезетте бірнеше операция орындалып, төрт қатар тігіс жасалады.

Бүгінде фабрикада шамамен 80 адам жұмыс істейді. Желтоқсан айында кәсіпорын жеті мыңға жуық жұп аяқ киім өндірген.

Қарағанды аяқ киім фабрикасы ішкі нарықтағы позициясын нығайтып, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестігін кеңейтіп келеді. Осы арқылы кәсіпорын өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



