Бас тақырып

Қарағанды қауіпсіз қалаға айналады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паев пен қала әкімі Мейрам Кожухов тұрғындармен мазмұнды кездесу өткізді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай 6 сағатқа созылған жүздесуде жұртшылық сауалына жауабын толық алғандай.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Тегін Wi-Fi: Жаңа заманға қадам

Облыс орталығында бұқара жұртшылыққа қолайлы орта қалыптастыру жұмысы қарқын алып келеді. Қала әкімдігінің шаһар халқының ұсыныстарын тыңдап, жобаларын тиімді іске асыруы – көшесінен көсегесіне дейін көркеюіне деген нақты қадам. Әкімдік тарапының қысқы демалысты ұйымдастыру бағытындағы бастамалары да көңілге қуаныш ұялатады. Қыстыгүні саябақтар мен алаңдарда сан түрлі шаралар өтуі, мұз айдындары мен сырғанақ алаңдарының пайда болуы – әркімнің болсын бос уақытын пайдалы әрі көңілді өткізуге соны мүмкіндік бермек. Бұл баянды бастамалар тек инфрақұрылым саласын жақсартып қана қоймай, қоғамдағы ынтымақтастық пен қуаныш сезімін нығайтады.

Саябақтардағы тегін Wi-Fi орнату да цифрландыруға бет алған қаланың заманауи талабына сәйкес келетін маңызды шешім. Бұл амал қаланың барлық тұрғыны үшін урбанистика мен технологияның үйлесімін айғақтайтындай. Әрбір жаңа бастама мен ілгерілеушілік – тек инфрақұрылымдық өзгеріс емес, елге деген қамқорлықтың көрінісі. Қарағандыны жайлы әрі заманауи қалаға айналдыру – уақыт талабы. Осы мақсаттағы жүйелі жұмыстар қаланы жаңа белестерге шығарады.

– Біздің мақсатымыз – Қарағандыны жаяу серуендеуге мейлінше ыңғайлы ету. Бұл ретте өз ұсыныстарын алға тартып, өміршең жобаларын әзірлеп жатқан урбанистер көмектесіп жатады. Мәселен, биыл жеті алаң абаттандырылды. Оңтүстік-Шығыстағы «Сарыарқа» гүлзарын абаттандыру бойынша ірі жобаға ерекше назар аударамыз. Жұмыс әлі аяқталған жоқ, келесі жылы бұл алаң қала тұрғындары үшін жаңа бір демалыс нүктесі болуы керек, – деді аймақ басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев қала әкімдігіне барлық аудандардың скверлері мен саябақтарында қысқы демалыс ұйымдастыруды тапсырды. Егер ауа райы рұқсат еткен болса, жеті мұз айдыны құйылады. Сарыарқа көшесіндегі саябақта мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары пайда болмақ.

Жолымыз тегіс болады

Келелі кездесу барысында Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық аудандарының инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажеттілігі ескерілген еді. Әкімдер келесі жылды осы аудандарды дамыту жылы деп жариялауды да ұсынды. Ал, Оңтүстік-Шығыс пен «Көгілдір тоғандар» аялдамасына дейінгі аралықты спорт кластері үшін 72 гектар жер бөлініп, жабық стадион, мұз аренасы, бассейн және спорт залдар салу жоспарланғаны да мәлім болған. Майқұдықта заманауи оқушылар сарайы салынады деген ақжолтай ақпар да жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Жол инфрақұрылымына қатысты көптеген жұмыстар атқарылды. Биыл 100 шақырымнан астам жол жөнделіп, 309 көше көріктене түскен. Келесі жылы 43 учаскеде жөндеу жоспарланып, қалада қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру мақсатында 2000-нан астам жарық бағаны тұрғызылғандығы белгілі болған. Ғарышкерлер көшесіндегі автожолды жаңарту жалғасын табуда. Бұқар жырау даңғылынан Камск көшесіне дейін асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары толығымен аяқталған-ды. Маңайында жарықтандыру тіректері, гранит шекарасы орнатылды. Ал, Гогольден Штурман көшесіне дейін қос қабат асфальт төселді. Өткелді кеңейту үшін «Гоголь-Ғарышкерлер» қиылысы қайта құрылды. Ірі жобалар қатарында С.Мұқанов көшесінде автомобиль жолдарын салу, Университет көшесінен А.Гапеев пен Сарыарқа көшелеріне шығатын жолға дейін жөндеуді жалғастыру, сондай-ақ, «Күнгей 1, 2, 3» шағын аудандарында магистральдық автожолдарын салу қарастырылған.

– Орташа жөндеу жұмыстары 94 шақырымға жүргізілді. Санамаласақ, барлығы 309 қала көшесі. 210 автожол және әлеуметтік нысандарға кірме жолдардың жағдайы жақсартылды, – деді Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов. – Пичугин, Новоселов және Четская көшелеріндегі жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Сондай-ақ, К.Дүйсембеков, Е.Бөкетов көшелеріндегі автожолды жалғастыру жұмыстары басталды. Негізгі жұмыстар 2025 жылы аяқталуы керек.

Сонымен, келесі жылы автожолдардың 43 учаскесіне орташа жөндеу жүргізу жоспары бар. Орамішілік жолдар мен кірме жолдарды жөндеу бойынша жобалар да маңызды. Биыл 100 мың шаршы метрден астам жол жөнделді. Тұрғындар өтініштері негізінде 27 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер тротуарлары төселді.

Су мен газ

Қала әкімдігі ауыз су және газбен қамтамасыз ету мәселелерін жыл санап шетінен сетінетіп шешіп келеді. Газдандыру бағдарламасы да әр азаматтың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған. Бұл бастама экологиялық таза және үнемді энергия көздеріне көшу үрдісін жылдамдатып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын едәуір арттыруға ықпал етеді. Бұл кешенді жұмыстар тек Қарағандының ғана емес, біртұтас өңірдің дамуына кең серпін береді.

Қарағандыдан Төреқұлов пен Оңдасынов көшелерінде, сондай-ақ, Сахалин кентінде жаңа су құбыры желілері салынды. №6 су құбыры қайта жаңартылды. Тұрғындарды сумен жабдықтауды жақсарту үшін өзге де тың жобалар жүзеге асырылуда.

– Келесі жылы жаңа және ескі Тихоновкада, Линейная, Литвин көшелерінде, 2-ші орам ауданында су құбыры желілерінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Су арнасын бұру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Мұнай базасы» деп аталып кеткен аумақтағы жеке секторда нөсер кәрізінің құрылысы толығымен аяқталды. Яғни, көктемгі су тасқыны кезінде су басу қатерінің бетін қайтарады. «Қарағанды Су» инвестициялық бағдарламасы аясында Әлихан Бөкейхан ауданындағы №2 сорғы станциясы мен кәріз желілерін қайта жаңарту амалдары жүргізілуде. 2025 жылға №19 кәріз коллекторларын және Совхозная көшесін қайта жаңартуды бастау жоспарланған. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жоба бар.

Мейрам Кожухов газдандыру қарқыны туралы да баяндады.

– Бүгінгі таңда 300 шақырымға жуық желі салынды. Газ тарату желілері 10 мыңға жуық жеке тұрғын үйге жеткізілді. Жеке тұлғалар үшін қосылуға 4 мыңнан астам техникалық шарт берілді. 3139 үй қосылды. Оның ішінде 86 отбасы мемлекеттің көмегіне ие болды. 2025 жылға көмек алу үшін тағы 170 отбасы өтініш берді, – деді қала әкімі.

Сауалына жауабы

Қос әкімнің ресми мәлімдемелерінен соң іле-шала сұрақ-жауап сессиясына ойысқан қос тарап толғақты сауалдарына толайым жауап алды. Ермағанбет Бөлекпаевпен кезекті кездесуде Қарағанды тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, жолдарды жөндеу, әлеуметтік сала мәселелерін алға тартты. Үш сағат бойына жалғасқан сұхбатта, өңір басшысы қала тұрғындарының барлық өтініштерін тыңдап, кейін тағы екі сағатқа созылған азаматтарды жекелеген сұрақтары негізіндегі қабылдау өткізді.

Майқұдықтағы жергілікті өзін-өзі басқару өкілі №4 магистральдық су құбырындағы апатқа шағымданды. Бір жыл ішінде төрт апат болған. Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов бұл мәселе белгілі екенін және шешіліп жатқанын атап өтті. Су құбыры қала қарамағына беріліп, қажетті сметалық құжат дайындалады. Келесі жылы магистральдың төрт тармағының екеуін ауыстыру жоспарлануда.

Ал, Н. Әбдіров даңғылы, 25 үйінің тұрғыны кіреберісіндегі лифті жұмыс істемейтінін көлденең келтірді. Көршілерімен бірге олар тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына өтініш берген. Бірақ, қаржыландыру жоқ. «Келесі жылы өтінім мақұлданады», деп уәде берді құзыретті орган өкілдері. Бүгінгі таңда Қарағанды бойынша тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына лифттерді ауыстыру бойынша 15 өтініш келіп түскен.

Федоров халқы шағын көшелерде жарықтың жоқтығына наразы. Жарық тек басты – Молоков көшесінде орнатылған. Қала басшысы бұл мәселе біртіндеп шешілетінін атап өтті. Келесі жылы мектептерге іргелес көшелерді жарықтандыру да көзделген көрінеді.

Саяжай иелерінен де бірнеше сұрақтар жолданды. Олар «Бақша учаскелеріне апаратын жолдар жөнделе ме?» және «Сумен жабдықтау тарифтерін қайта қарауға бола ма?» деп сұрады. Облыс әкімі саяжай қауымдастықтары мен бақша учаскелері туралы орталық мекеме тарапына заң қабылдауға бастама құжаты жіберілгенін хабарлады. Егер ол қабылданса, көптеген мәселелер өз шешімін табады.

Тағы бір маңызды мәселе – есірткінің таралуына қарсы күрес. «Тыйым салынған заттарға қарсы үгіт-насихаттың ауқымы жоғары болуы керек», дейді қала тұрғындары. Ермағанбет Бөлекпаев шамамен үш апта бұрын ғана Қарағандыда синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленгенін әрі оны облыс тұрғынының өзі әзірлегендігін атады.

– Есірткіге қарсы үгіт-насихатпен бірлесіп, бірігіп айналысу маңызды екенін баса белгілеп өтемін. Бұдан өзге әдіспен ауқымды жұмыс нәтиже бермейді. Біз ең қажетті деген іс-шаралар қатарына қажетті қор мен тиісті қаражат бөлеміз. Бірақ, отбасында да, мектептерде де қауіптен тастүйін сақтану маңызды. Ақпараттық жоспарды да орындаймыз. Қаладағы үй қабырғаларында жасырын жарнама арналарының атаулары не өшіріп, не боялған. Егер тұрғындардың бірі болсын, жаңа күмәнді жазуларды көрген болса, ол турасында есеп беруден бас тартпаңыз да, еш тартынбаңыз. Біз пәтер иелерінің кооперативін де осы мәселеге назар аударуын сұраймыз, – деп түсіндіре кетті Ермағанбет Бөлекпаев.

Ұтырлы сөзге ұтымды жауап

Шағымдардан өзге ұтымды ұсыныстар легі де қабылданып жатты. Мәселен, бірінші топтағы мүгедектер мүдделерінің өкілі оларды шипажайға ертіп жүретіндерге жолдамалар сапарға дейін алдын ала төленуін ұсынды. Облыс әкімі болса, мәселені зерделеуге уәде берді. Қала тұрғындары көптеген мәселелер оңды шешіліп жатқанын да атап өтіп, алғаусыз алғысын білдіріп жатты. Ендігіде билікпен тығыз қарым-қатынас орнату ниеттерін қоса жеткізді. Ермағанбет Бөлекпаев белсенді тұрғындармен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтіп, бір кездері жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құруға бастамашы болғанын еске салды.

«Оптимист» саяжай қоғамының өкілдері судың бағасы төмендегенін тілге тиек етті. Фермерлер үшін дизель отыны, тыңайтқыштар, арнаулы субсидиялар барлығын айта келіп, қарағандылықтар жеке тұлғалар ретінде электр энергиясы тарифінің бағасын төмендетуге жәрдемдескені үшін билік тарапына рақметін жаудырды. Аталған негізбен су тарифін де мейлінше қарауға ұсыныс білдірді. Бұл мәселеге Ермағанбет Бөлекпаев жауапты мекемелер өкілдерімен бірлесіп, пысықтайтынына сендірді. Мұндай жағдайда өңір басшысы елімізде саяжай саласындағы заңнама қажет екенін атап өтті. Қазірдің өзінде бастама көтеріліп, әр деңгейлі мінберлерде айтылып жүргендігін баса айтты. Заң қабылданса, мұндай түйткілдер түбегейлі шешілмек. Өз кезегінде қала тұрғындары саяжай қоғамдары мен бау-бақша серіктестіктерін қолдау үшін арнаулы жол картасын әзірлеуді қоса ұсынды.

Саяжайға барар жол да сұрақ туғызбай қоймайды. Осы жылдың шілдесінде жолаушы автобусы «Оптимист» саяжай қауымдастығының маңында аударылып кете жаздағаны елдің есінде. Содан кейін «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының өкілдері учаске батпақты жерде орналасқандығын, жер төсемі көлік ағынының әсерінен деформацияға ұшырайтындығын ескеріп, қазірде мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп, 2024-2025 жылдары мәселе шешімін табатынын мәлімдеді. Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов келесі жылы жолда жол жиектері «күшейетінін», ал, жалпы билік саяжай тұрғындарымен кездесуге және өзекті жайттарды бірлесіп шешуге көмектесуге даяр екендігін жеткізді.

Қарағанды орталық саябағында жұмыс істейтін кәсіпкерлер «Келесі жылы ынтымақтастық туралы шарт ұзартыла ма?» деген сұрақты қойды. Даму тұжырымдамасы барлығын, құжатты кәсіпкерлерге міндетті түрде ұсынылатындығын айтты Мейрам Кожухов. Осы мақсатта олар желтоқсанның үшінші онкүндігіне жақын кездесу өткізбек.

Ұсыныстар қатарында қаладағы белгілі бір өзгерістер кезінде тұрғындар пікірлерін ескеру, сұрауларға дер шағында жауап қату ескерілді. Қарағандылықтар ескі әуежай ауданында аялдама павильонын орнатқаны үшін билік тарапына ақжарма алғыстарын білдірді. Ал, халық қалаулылары желтоқсан айында әлеуметтік осал топтары оқушыларымен өмір мен кәсіп туралы арнайы әңгімелесу үшін кездесулер ұйымдастыру ұсынылды. Осындай шара балаларға пайдалы дүниелерді білуге септесіп-селбесіп олар үшін риясыз қолдау болады деп, сендірді.

Кездесуге облыстық басқармалардың басшылары қатысып, өтініштердің бір бөлігі бірден қаралды. Ермағанбет Бөлекпаев жекелеген мәселелерді бақылауға алды.

Байлам

«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген халық даналығы Ермағанбет Бөлекпаев пен Мейрам Кожухов өткізген кездесу барысында тағы бір мәрте шынайы көрініс тапқандай. Облыс пен қала әкімдерінің тұрғындармен ашық әрі мазмұнды сұхбаты көптеген өзекті де іргелі мәселелер кешенінің шындап шешімін табуға түрткі болды. Ертеңгі күн – бір белес. Жаңа белестерге – бірлесіп қадам басу өміршең меже. Асыл тас қанша лағыл да ақық болса да, оны егемей құны қалмайды. Қала әкімдігі қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, заман талабына сай жобаларды жүзеге асырып келеді. Әкімдердің өз сөзімен айтсақ, кез келген мәселенің шешімін табу үшін халықтың үнін тыңдау маңызды. Иә, бажайлап келгенде Қарағандыны жайлы, қауіпсіз және заманауи қалаға айналдыру тек әкімдіктің ғана емес, тұрғындардың да үлесіне тиесілі екендігін ұмытпаған жөн шығар. Ермағанбет Бөлекпаевтың сөзінше, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту қала мен өңір тұрғындарының белсенділігіне тәуелді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, әкімдік пен тұрғындардың бірлескен жұмысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кең серпін беретіні анық.

Қарағанды – тіршілігі қайнаған, дамуға бет алған қала. Бұл кездесулер халық пен билік арасындағы сенім көпірін нығайтып, барлық мәселелерді бірлесіп шешудің нақты үлгісін көрсетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, әр тұрғынның идеясы мен ұсынысы маңызды. Ал, жаңа жобалар мен жоспарлар қаланы заман талабына сай деңгейге көтеретіні, келешегін кең ететіні сөзсіз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button