АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды-Астана тасжолында 300-ге жуық көлік жолда қалды

Қарағанды облысының полиция қызметкерлері жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзақ сапарға шығудан бас тартуға кеңес береді.

— Облыс аумағында дауылды ескерту әлі де күшінде және облыстың басым бөлігінде қарлы боран сақталады. Облыстық полиция департаменті жүргізушілерге ауа райы жақсарғанша және жол ашылғанша алыс сапарларға шықпауға кеңес береді. Жолдардың жағдайы туралы ақпаратты қадағалауды және төтенше жағдайлар қызметінің кеңестерін ескеруді сұраймыз, – деді облыстық патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұқанов.

Облыс аумағында дауылды ескерту әлі де күшінде және облыстың басым бөлігінде қарлы боран сақталады. Тек соңғы тәуліктің ішінде арнайы қызмет өкілдері өңірдегі автожолдардан 68 адамды эвакуациялады. Адамдарға көмек көрсетуге полиция, ТЖД құтқарушылар, медицина қызметкерлері және еріктілер шықты. Сонымен қатар, ТЖД құтқарушылары бес жеңіл автокөлікті Осакаров ауданындағы Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан жылыту пунктіне жеткізді. Мұнда 12 адамға көмек көрсетілді.

Теміртауда жергілікті атқарушы органдар және «Шаңырақ» еріктілер қозғалысының өкілдерімен бірлесе отырып, төлем терминалының маңында тұрып қалған көліктердің жолаушыларына азық-түлік жеткізілді. Адамдарға полиция қызметкерлері де көмек көрсетіп, Шымкент – Астана бағыты бойынша жүрген екі автобустың 52 жолаушысын Теміртаудағы жылыту пункттеріне жеткізді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, жолаушылардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

Бұқар жырау ауданында, Үштөбе ауылдық округінде, Атамекен ауылынан 4 км қашықтықта ТЖМ апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері жолдағы қиындықтарға байланысты жедел жәрдем бригадасына көмек көрсетті. 1969 жылы туған әйел шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етті. Ол жол талғамайтын көлікпен жедел жәрдем көлігіне жеткізіліп, Қарағанды қаласындағы Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасына жатқызылды.

ТЖД облыс тұрғындарына төмендегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды:

– Елді мекендерден тыс жерлерге шықпаңыздар;

– Жол жабылған аймақтарда көліктердің кептелісін жасамаңыздар;

– Ресми парақшалар мен әлеуметтік желілердегі жолдардың жабылуы, көлік қозғалысының шектелуі немесе ашылуы туралы ақпаратты қадағалаңыздар!

Рузана ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

                                                                                                                                           Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 4 курс студенті

Суреттер мен видео: облыстық ТЖД 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button