Қарағанды-Астана электр пойызының қозғалыс кестесі өзгереді
Қарағандылықтар Қарағанды-Астана бағытындағы электр пойызының қозғалыс кестесіндегі өзгерістерге наразы. Егер бұрын пойыз таңертең ерте 5.30-да кететін болса, енді 10 желтоқсаннан бастап, түскі уақытта жүрмек.

– Электр пойызының қозғалыс кестесін өзгертпеуді сұраймыз, өйткені ол таңертең елордаға ерте жетуге, барлық жұмысты бір күнде бітіріп, кешке қайтып оралуға өте ыңғайлы, – дейді тұрғындар әлеуметтік желілердегі парақшаларында.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясы шынында да пойыздың қозғалыс кестесі өзгеретінін растап, себебін түсіндірді.
– «Интермодальды тасымалдау-хаб жүйесі» жобасын дамыту шеңберінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ маршруттық желіні және поездар қозғалысының кестесін өзгерту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізеді. Жоспарланған іс-шаралардың бірі жолаушылар пойыздарының қозғалысының «пакеттік» кестесін әзірлеу және енгізу болып табылады. 2023 жылғы 10-желтоқсаннан бастап «пакеттік» кестелер шеңберінде Тальго вагондарының 20 минут аралығымен төрт жолаушылар пойызының қарқынды қозғалысы көзделген. Осыған байланысты электр пойызының қозғалыс кестесі өзгертіледі, – деді «Жолаушылар тасымалы» компаниясының мамандары.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ