АймақБас тақырып

Қарағанды – Астана автожолында үш жол-көлік апаты тіркелді

Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 ақпан күні шамамен сағат 18:30-да Қарағанды – Астана автожолының Осакаровка кенті маңында, елорда бағытында алты автокөліктің қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Сурет polisia.kz

Апаттар бір-бірінен 150–200 метр арақашықтықта орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – қолайсыз ауа райы жағдайында белгіленген жылдамдықты асыру және жол қозғалысының қарапайым талаптарын сақтамау. Абырой болғанда, жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Сағат 19:00-ден бастап «ҚазАвтоЖол» АҚ шешіміне сәйкес аталған автожол учаскесінде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Жеңіл автокөліктер үшін қозғалыс жылдамдығы сағатына 60 км-ден асырмау белгіленді.
Қарағанды облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жол қозғалысына қатысушыларды қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, мұндай күрделі жол жағдайында жылдамдықты дер кезінде төмендету, қауіпсіз арақашықтықты сақтау және рөлде барынша мұқият болу аса маңызды.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button