Қарағанды ғалымдары сүйекке орнатылатын «ақылды импланттар» жасап шығарды
Қарағанды медицина университетінің ғалымдары ортопедиялық хирургия саласында үлкен жаңалық әкелетін жобаға кірісті. Олар сүйекке орнатылатын «ақылды импланттар» жасап жатыр. Жаңа импланттар биосәйкестік қасиетке ие, яғни адам ағзасына бейімделіп, сүйекпен бірге бітетін болады.

Оның құрамына антибиотиктер мен сүйек тінін тез өсіретін арнайы заттар қосылады. Бұл науқас жарақатының тез жазылуына, әрі қайта ота жасау қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай импланттарды қолданған кезде емделу уақыты екі есе қысқарады. Импланттарды жасау үшін 3D-басып шығару сияқты жаңа технологиялар қолданылады. Бұл тәсіл кез келген күрделі пішінді жоғары дәлдікпен дайындауға мүмкіндік береді. Ғалымдар әзірлеген материал сүйекке өте ұқсас құрылымға ие, сондықтан ол ағзаға тез бейімделмек.
Жоба аясында сүйек түтікшелері мен бас сүйегіне арналған импланттардың үлгілері жасалып, сынақтан өтеді. Оларды дайындау үшін полисүт қышқылы және оның туындылары қолданылады. Жаңа материалдың құрамына антибиотиктер мен кальций тұздары қосылады. Бұл олардың ағзаға бейімделуін жеңілдетіп, әр науқастың жеке қажеттілігіне сай қолдануға жол ашады.
– Біздің басты мақсатымыз – қолжетімді әрі тиімді импланттарды жасау. Ол үшін биоажыратылатын жаңа материалдарды қолданамыз, – дейді жобаның жетекшісі, профессор Азамат Едрисов. – Арнайы сынақтар жүргізіп, оның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейміз. Дәстүрлі титаннан немесе қарапайым пластиктен жасалған бұйымдардан айырмашылығы – бұл материалда сүйек өсуін ынталандыратын қоспалар бар. Соның арқасында науқастың жазылу уақыты екі есе қысқарады және артық операциялар қажет болмайды. Бүгінде біз бұл жаңалыққа Қазақстаннан бөлек, Еуразиялық және Америкалық патент те алдық, – деді профессор.
Жоба аясында сүйек құбырлары мен бас сүйегіне арналған прототиптер әзірленіп, сынақтан өтеді. Әсіресе, 12 жасқа дейінгі балаларға жасалатын бас сүйегін қалпына келтіру оталарына ерекше көңіл бөлінбек. Жаңа материалдың ерекшелігі сол – оның құрамындағы қоспалар сүйектің тез әрі дұрыс өсуіне жағдай жасайды.
Жобаның бірлескен жетекшісі, профессор Дмитрий Хрусталев алдағы уақытта жаңа технология медициналық қызмет сапасын арттырып, отандық өнімді нарыққа шығаруға жол ашатынын айтты.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
“Ortalyq Qazaqstan”