Бас тақырып

«Қарағанды-Алматы»: жол құрылысы биыл аяқталады

«Қарағанды-Балқаш-Алматы» тасжолының құрылысы түрлі себепке байланысты сағызша созылды. Жылда айтылатын уәде – «биыл бітіреміз». Ендігі уәде жауаптылардың кәдесіне жарамайын деп тұр. Маңызды күрежолдың аяқталу мерзімі – Мемлекет басшысының назарындағы мәселе. Жақында ғана Қарағандыға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов те барлық жұмысты жылдың соңына дейін толық аяқтау қажеттігін қадап айтып, өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Сурет «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының ресми сайтынан алынды

«ҚазАвтоЖолдың» соңғы берген уә­десі мынадай еді: былтыр мамыр айында «Қарағанды-Алматы» тасжолы толы­ғымен бітіп, жолаушылар автобанмен қа­тынауы керек-тін.

Бірақ, құрылыс жұмыстарына қажет материал бағасының күрт өсіп кетуіне байланысты мерзімі тағы кешеуілдеді. Енді, биыл қараша айына дейін аяқталуы тиіс.

Шынымен, тасжолға төселетін материалдың бағасы екі есеге шарықтап кетіпті. Мәселен, ПЦ 400-Д0 маркалы портладцементтің құны сметалық құжатта – 16 330 теңге болғанда бекітілген екен. Қазіргі құны – 35 897 теңге тұрады. Жол құрылыс битумы 100/130 маркасының жобалық-сметалық құжаттағы құны – 106 230 теңге болса, бүгінгі бағасы – 210 146 теңгеге қымбаттаған. Одан бөлек, арматураның жобалық-сметалық құжаттағы құнын – 170 310 теңгемен есептесе, ол 376 202 теңгеге күрт көтерілген.

– Осыған байланысты жобалау-сметалық құжатқа түзетулер енгізілді. Соның салдарынан жұмыс жоспарын тағы бір жыл шегеруге тура келді. Бұл жағдайды «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті бірлесе отырып қарастырды. Жобаның бастапқы құны 248 млрд. теңге болса, қазір бағаның шарықтауынан 317 млрд. теңгеге жетіп отыр, – дейді «Қаз- АвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.

Сонымен, жұмыстың толықтай аяқталу мерзімі қараша айында деп отыр жауапты орган. Бүгінгі күнге дейін жұмыс­тың 85 пайызы орындалған.

– Құрылыс басталғалы жолдың ас­тыңғы топырақ қабаты үшін 36,4 млн. текше метр материал төселген. Яғни 714,8 шақырым астыңғы және 719,3 шақырым үстіңгі топырақты, қиыршық тасты қабаттар. Қазір жолдың 701 шақырымына (қарама-қарсы бағыттарды есептегенде) асфальт жабындысының бірінші қабаты төселген. Барлығы 720 шақырым болуы тиіс. Ал, асфальт жабындысының екінші қабаты жолдың 158,6 шақырымына төселген. Жол бойында 4 шақырым айналма жолдар ғана қалды. Дегенмен, автобанның қарама-қарсы бағыттарын бөліп тұратын қоршау мен жол белгілерінің жоқтығына байланысты көлік қозғалысы үшін барлық төрт жолағы бірден ашылған жоқ. Тек екі жолағына ғана жүруге рұқсат етілген. Осы күнге дейін 11 көпір салынған. Ал су өткізу құбырларының жалпы саны 311 болса, соның 309 салынған. Қалған жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Қыс бойы құрылысқа қажетті материалдарды дайындадық, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының Қарағанды облыстық филиалының ресми өкілдері.

Білуімізше, алдағы құрылыс маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Биыл жұмысты межесіне жеткізу үшін 795 жол маманы мен 610 техника жұмылдырылады.

Ауыл шауашылығы техникасына арналған 32 жол өткелі бойынша жұмыс 97 пайызға жүзеге асты. Балқаш қаласындағы жол айрық аяқталып, Ақсу- Аюлы селосынан айналып өтетін жол айрық дайындық үстінде. Мұнымен қоса, Балқаш қаласының айналма жолында теміржол арқылы өтетін жол өтпесі де дайын. Келісім-шартта құрылыстың аяқ­талу мерзімі 2024 жылдың 30 қарашасы деп көрсетілген.

Енді жыл соңына дейін жобаның орындалу мерзіміне жанталасатын жауаптылар сапа жағын жылы жауып тастамаса дейміз. Дегенмен, мұны «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жіті назарында ұстайды.

Жауапты компания төрт жолақты автобанды жыл соңына дейін аяқтамай жыр қылса, онда көптің көкейінде көлеңкелі ой туады. «Жолға кеткен қыруар қаржы қолға кетті ме?» деген.

Көптің жылдар бойы жырға айналып, ұзақ күттірген күрежол мерзімінен енді кешікпесе деген тілегі бар.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button