Жаңалықтар

Қарағанды қаласының полиция басқармасында «Ашық есік күні» өткізілді

1-ші маусым Балаларды қорғау күніне және Қазақстан полициясының 30-жылдығына орай Қарағанды қаласының полиция басқармасында «Ашық есік күні» өткізілді. Іс-шараға Қарағанды қаласының политехникалық колледжінің студенттері мен №83 мектеп оқушылары қатысты.

Суреттер автордан

Шара барысында оқушылар Қарағанды қаласының ПБ орналасқан жедел басқару орталығында болып, ондағы бейнекамералар көмегімен ашылатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға куә болып, басқару орталығының жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Қарағанды қаласының патрульдік полиция полкінің қызметкерлері оқушыларға қызметтік көліктерді және патрульдік полиция полкінің тир залында атыс және қорғаныс техника құралдарын көрсетті. Сонымен қатар оқушылар Қарағанды облысының ПД «Динамо» спорт кешенінде болып, жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдану жаттығуларын көріп қайтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Қазіргі кезде елімізде балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Ұрпағымызға бақытты балалық шақ сыйлау – біздің ұлттық міндетіміз»,-деп атап өтті Қарағанды қаласының ПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Ержан Мүрсәлімов.
Іс-шара соңында Қарағанды қаласының ПБ қызметкерлері оқушылармен студенттерге арнайы сыйлықтарын тарту етті.
Өз кезегінде балалар мереке қарсаңында осындай іс-шаралар ұйымдастырып отырған полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, мұндай шаралардың балалардың болашақта мамандық таңдауына ерекше ықпал ететіндігін жасырмады.

Гүлназия ҚҰРАЛБЕК, 

Қарағанды қаласының Полиция басқармасы.

Басқа материалдар

Back to top button