Қарағандыда Нұркен Әбдіров даңғылындағы 22/1 және 34/1 үйдің жанындағы екі ескі саябақты абаттандыру жұмыстары басталды. Жаз айының соңына дейін қала тұрғындары үшін екі шағын жаңа саябақ пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қазір екі саябақ Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының бақылауында тұр. Жөндеу жұмыстары Қарағанды қаласы «урбанистика орталығының» құзіреттілігінде.
– Бір алаңның ауданы – 1500, екіншісінікі – 1015 шаршы метр. Алдағы уақытта бұл жерде балалар ойын алаңы, демалуға арналған перголалар, орындықтар мен гүл вазондары болады. Жөндеу жұмыстары барысында барлық жасыл желектер сақталады. Тұрғындардың демалуы үшін шатыр астындағы үстел, орындықтар орнатылады. Аула тұрғындары ол жерден тамақ ішіп, үстел ойындарын ойнай алады, – деді Қарағанды қаласының «урбанистика орталығының» мамандары.
Сонымен қатар, жарықтандыру тіректері орнатылады деп күтілуде. Екі паркті жөндеумен бір мердігер компания айналысады. Жөндеу жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz