Медицина

Қарағанды қаласындағы жұқпалы аурулар орталығы заманауи жабдықтармен қамтылды

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінің екінші блогына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ғимаратта желдету, жылыту жүйесі, су құбыры және кәріз желілері жаңартылды, сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтар жақсартылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жөнделген корпуста болып қайтты.

Екі қабатты ғимарат 1955 жылы салынған. Ауданы – 2100 шаршы метр. Жөндеу жұмыстары соңғы рет 2012 жылы жүргізілген. Биыл күрделі жөндеу кезінде барлық инженерлік инфрақұрылым ауыстырылды. Су құбыры, кәріз желілері, жылыту және ауа желдету жүйелері толық жаңартылды. Ауа желдету жүйесі санитарлық шарттарға сәйкес. Ол әр палатада бөлек ауа айналымын қамтамасыз етеді. Ал, бұл инфекциялардың таралуына жол бермейді.

Жаңа металл және пластикалық есік блоктары орнатылған. Бөлмелердегі ескі линолеум заманауи біртекті жабынға ауыстырылды. Ғимараттың қасбеті қапталып, қосымша оқшауланған. Жаңа санитарлық жабдықтар, емдік газбен жабдықтаудың сыртқы және ішкі желілері орнатылды. Реанимация бөлімі де толығымен қайта жаңартылды. Енді реанимациялық блок қабылдау – диагностикалық бөлімшенің жанында орналасқан.

– Бұрын реанимация үшінші корпуста орналасқан. Яғни, жұмыс істеп тұрған екі корпустан және қабылдау бөлімшесінен алшақ болды. Сонымен қатар, ол екінші қабатта болды. Бұл пациенттерді тасымалдау және эвакуациялау тұрғысынан қолайсыз. Қазір реанимация бірінші қабатта. Қабылдау бөлмесінің жанында орналасқан. Біздің орталықтың ерекшелігі – жедел көмек көрсетуімізде. Қабылдау бөліміне ауыр халде түскен науқасты бірден реанимация бөліміне жібереміз. Сонымен қатар, бұл ғимаратта екі балалар бөлімі орналасқан, – дейді жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Ержан Жүнісов.

Жөнделген корпус үшін жаңа жабдықтар сатып алынды. Желдеткіштер, төсек жанындағы мониторлар, заманауи ультрадыбыстық аппараттар. Олардың бірі – стационарлық, екіншісі – портативті. Сондай-ақ, өткен жылы орталық үшін қабатты зерттеу мүмкіндіктері бар цифрлық рентген аппараты сатып алынды.  Сонымен қатар, медициналық техника мен жиһаз ауыстырылды. Бүкіл ауруханада SOS жүйесі, дабыл түймелері орнатылды.

– Реанимация бөлімшесі алты төсекке шақталған. Бұл қаладағы балаларды да, ересектерді де қабылдауға қабілетті жалғыз бөлім. Жұқпалы аурулар орталығы 190 балалар мен ересек науқастарды қабылдауға қауқарлы. Біз респираторлық, ішек, вирустық инфекциялармен ауыратын науқастарға көмек көрсетеміз. Нейро және тамшы инфекциясы бар науқастар үшін бөлек блок бар. Жөндеу жұмыстары кезінде науқастарды басқа екі корпус қабылдады. Өткен жылы 7,5 мыңға жуық адам емделді, – дейді Ержан Жүнісов.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button