Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды қаласындағы №61 мекемеде жаңа тергеу кабинеттері ашылды

Адам құқығын қорғау – әділетті қоғамның басты қағидаты. Осы ұстанымды ұстын етіп Қарағанды қаласындағы №61 мекемеде жаңа тергеу кабинеттері ашылды. Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған тергеу орнында тергеушілер мен адвокаттар, сондай-ақ, азаматтардың өз құқықтарын іске асыруына арналған барлық жағдай жасалған.

Сурет облыстық Полиция департаментінен

Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, прокуратура, полиция және адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.

– Біздің басты міндетіміз – тергеу іс-шаралары мен күдіктілерді уақытша ұстау кезеңінде отырған азаматтарға барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Бұл – Мемлекет басшысының барлық азаматтың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі тапсырмаларын орындаудың нақты көрінісі, – деді Әлібек Үсенұлы.

Жаңа ғимаратта адвокаттар мен тергеушілердің жұмыс істеуіне арналған сегіз кабинет, сот приставтары үшін жеті бөлме жабдықталған. Кеңейтілген күту залында теледидар, жеке заттарға арналған сөрелер және ұялы телефондарға арналған жеке кілтті ұяшықтар орнатылған. Бұл жаңартулар келушілердің уақытын тиімді өткізуге және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

– Бұл ғимаратта барлығы заң талаптары мен халықаралық стандарттарға сай. Мұнда қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген, әңгімелесу бөлмелері телефон байланысы арқылы жүргізіледі. Ең бастысы – адвокаттар енді сағаттап кезек күтпей, өз жұмысына дер кезінде кірісе алады. Бұл қорғау тарапына сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Оқас Әбікенов.

Жаңа кабинеттердің ашылуы арқылы  тергеу изоляторларындағы инфрақұрылымның жаңғырып келе жатқанын көре аламыз. Бұл бастама құқық қорғау саласында адам құқығын сақтау мәдениетін арттыруға, сондай-ақ, азаматтардың әділдікке сенімін нығайтуға бағытталған.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button