Қарағанды қаласында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі аяқталды
Қарағанды қаласында Оқушылар сарайы ғимаратында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан сайысты.

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.
Байқаудың ашылу салтанатында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал іс-шараға арнайы келген Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева байқауда бақ сынап жатқан өрендер мен ұстаздарға рухани дем беріп, өнерлерін тамашалады.

Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, Қазақстан Оқу Ассоциациясының аға оқытушысы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова, Е.А.Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінің профессоры Салауат Кентбеков, Қазақстанның құрметті журналисі Сағат Батырханова қазылық етті.

Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.

Нәтижесінде қазылар шешімімен Қарағанды қаласы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:
1 орын (150 мың теңге) – №82 мектептің оқушысы Еркежан Ермек, дайындаған мұғалімі – Г.Өтемісова.
2 орын (100 мың теңге) – №82 мектептің оқушысы Нұрайым Сабикен, дайындаған мұғалімі- Ж.Балабекова.
3 орын (70 мың теңге) – №1 арнайы мектеп оқушысы Нұрсая Рзағали Нұрсая, жетекшісі – Гүлнұр Балтабаева.
Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылуда. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.
Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.
Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.
Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА



