Қарағанды қаласына «1941-1945 ж.ж. Еңбек Даңқы қаласы» мәртебесі беріледі
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды қаласына «1941-1945 ж.ж. Еңбек Даңқы қаласы» мәртебесі берілуі жоспарланып отыр. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ресми түрде хабарлады.
– ҰОС кезінде Қарағанды КСРО-ның ауыр өнеркәсіп өнімдерінің төрттен бірін берді. Біздің аймаққа басып алынған аумақтардан көптеген ірі кәсіпорындар эвакуацияланды. Соғыс жылдарында Қарағанды еліміздің негізгі көмір базаларының біріне айналды, – деді аймақ басшысы.
Аталған шешім Алматы қаласында өткен ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында келісілді. Бұл бастама ТМД елдерінің ортақ тарихи мұрасын сақтау және ҰОС-та тылда еңбек еткен азаматтардың ерлігін ұлықтау мақсатында жүзеге асырылуда.
Бүгінде Қарағанды облысында 8 ҰОС ардагері мен 2634 тыл еңбеккері тұрады. Бұл атақ олардың еңбегінің бағаланғанының белгісі ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа тағылым боларлық тарихи сабақ.
Айта кетейік, «Еңбек Даңқы қаласы» атағы Қарағандының ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының Ұлы Жеңіске қосқан зор үлесінің дәлелі ретінде ел тарихында ерекше орын алмақ.