АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды аграршылары егіс науқанына сақадай сай

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастады. Қазіргі уақытта шаруашылықтарда 100 мың тоннадан астам тұқым қоры жасақталған. Егістік алқаптарына 11 мың трактор, 229 егіс кешені және 10 мыңнан астам сепкіш пен топырақ өңдеу агрегатын шығару жоспарланып отыр. Техниканың дайындығы 96 пайыздан асты.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Дайындық барысы облыстық жедел штабтың тұрақты бақылауында. Бұл туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов мәлімдеді.

2025 жылдың нәтижесі бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 531,1 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы кезең көрсеткіштерінен жоғары. Өсім егін және мал шаруашылығы салаларында қамтамасыз етілді. Бұған егіс алқаптарын кеңейту, техниканы жаңарту және мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті.

Егін шаруашылығында негізгі дақылдардың егіс көлемі мен өнімділігі артты. 1 млн тоннадан астам астық бастырылып, картоп, көкөніс және майлы дақылдар өндірісі көбейді. Бір жыл ішінде суармалы жерлердің аумағы шамамен 10 мың гектарға ұлғайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 60 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, оң динамика жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалану, тыңайтқыш енгізу, қарқынды технологияларды қолдану және машина-трактор паркін жаңарту есебінен қамтамасыз етілген.

Мал шаруашылығында да өсім байқалады: ет және сүт өндірісі артты, жұмыртқа өндіру тұрақты деңгейде сақталды. Ірі қара малдың асыл тұқымды басының үлесі біртіндеп ұлғайып келеді.

Мемлекеттік қолдау аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жол картасы бойынша бір жыл ішінде 31 инвестициялық жоба іске асырылып, 287 жұмыс орны құрылды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы 83 жеңілдетілген несие беріліп, фермерлер мен кооперативтердің жобалары қаржыландырылды. Соның нәтижесінде шамамен жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Қаржының негізгі бөлігі мал шаруашылығын дамытуға және техника сатып алуға бағытталды.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Ғарыштық мониторинг пен геоаналитика нәтижесінде 146,2 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл шара жайылым тапшылығын азайтуға бағытталған.

2026 жылы егіс алқаптарын одан әрі кеңейту және өнімділікті арттыру көзделіп отыр. Негізгі назар майлы дақылдар өндірісіне және оларды өңдеуге аударылады. Өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген қаржыландыру шикізаттың кепілді өткізілуін және өндірістік қуаттардың толық жүктелуін қамтамасыз етуге тиіс.

Мал шаруашылығында мал басын көбейту, селекциялық жұмыстарды күшейту және жаңа нысандарды — сүт-тауар фермаларын, бордақылау кешендерін, құс шаруашылығы кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған.

Мәселен, Нұра ауданы аумағында 660 сауынды ірі қараға арналған «Рамадан» сүт-тауар фермасы іске қосылып, сүт өндірісін ұлғайтуға серпін бермек. Шет ауданында суармалы жерлерді кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және мал басын арттыру арқылы өнімділікті көтеру көзделген. Селекциялық жұмыстарға, асыл тұқымды репродукторлар мен бордақылау алаңдарын құруға ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, дрондар мен жасанды интеллект секілді заманауи құралдарды қолдану жоспарлануда.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткен жылдың күрделі болғанына қарамастан, аграршылар лайықты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

– Мемлекет тарапынан саланы дамытуға қаржы бөлініп, субсидиялар берілуде, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл барлық секторда өнім көлемінің өсімін қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы – агротехникалық мерзімдерді сақтай отырып, егіс науқанын сапалы өткізу, шаруашылықтарды тұқыммен, тыңайтқышпен, жанар-жағармаймен және қаржымен толық қамтамасыз ету. Алдағы міндеттерді нақты айқындап, тиімді шешімдер қабылдау маңызды, – деді өңір басшысы.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button