Қарағандыға жер аударылғандардың ісі мұрағатқа тапсырылады
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Президент Жарлығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімдері және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмалары негізінде 2020 жылдан Қарағанды түзеу-еңбек лагері – Қарлаг мұрағат қорларын құпиясыздандыру, түгендеу және цифрландыру бойынша жұмыс жүргізді.
Департаменттің мұрағатында 20 ғасырдың 30-шы жылдарының басы, 50-ші жылдарының аяғына дейінгі аралықта жер аударылып, Қазақстанға жіберілген Кеңес азаматтары жайлы мәліметтер бар құжаттар сақталған.
Олардың қатарында орыстар, белорустар, украиндар, поляктар, немістер, жапондар, шешендер, ингуштар, татарлар, литвалықтар, эстондықтар, латыштар және басқа ұлт өкілдері бар. Көбісі Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша «Контрреволюциялық қызмет» үшін жаза қарастырылған атышулы 58-бабы (1961 жылы күші жойылған) аясында сотталғандар.
Өкінішке қарай, сотталғандардың денінің сүйегі Қарағанды жерінде қалды, қайда жерленгендері де белгісіз. Бұл мәселемен бүгінге дейін отандық тарихшылар айналысуда.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің өңірлік мұрағаттарын құпиясыздандыру, түгендеу және цифрландыру отандық ғалымдарға аталған жұмысты жалғастыруға және ел тарихының күрделі және қайғылы кезеңін қамтитын құпияның пердесін ашуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, мыңдаған адамдардың тағдырын анықтауға көмектеседі.
Департамент басшысы Жұлдыз Бұламбекованың айтуынша, арнайы қоныс аударушылардың негізгі бөлігі – 1941 жылы диверсанттар мен тыңшылар деп жарияланған немістер (атап айтқанда, Еділ бойынан) болды.
Бұған дейін де Қарағанды облысына кеңестік республикалардан мүлкәі тәркіленген «халық жаулары» жіберілген болатын. 1944 жылы Қазақстанға шешен және ингуш халықтарының өкілдері жер аударылды («Жасымық» операциясы). Қазақ жеріне еврейлер, мордва корейлері, армяндар, ал, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін әскери тұтқындар жеткізілді.
Жер аударылғандардың бір бөлігі Кеңес Одағының басқа аймақтарында негізгі жазаларын өтегеннен кейін жер аударылған болды. Олар КСРО ІІМ арнайы лагерьлеріне жіберілді. Мәселен, Қарағанды облысының аумағында осындай екі лагерь болды. Біреуі – Қарабас теміржол станциясының аумағындағы «Песчаный», екіншісі – Жезқазған маңында орналасқан «Степной». Арнайы лагерьлерде тұтқындар қатаң режимде ұсталды. Бұл жерлерге жалпы түзеу-еңбек лагерлерінен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған тыңшыларды, диверсанттарды, террористерді, антисоветтік ұйымдардың қатысушыларын ауыстырды.
– Біздегі жеке істерде сауалнамалық мәліметтер, арнайы қоныс аударушылар мен сотталғандардың отбасы мүшелері туралы ақпарат, лагерьден келгені және кеткені туралы белгілер, фотокарталар бар. Осы деректердің барлығы өңделіп, цифрландырылады және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Қазір бізге Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шет елдерде тұратын азаматтардан көптеген сауалдар келіп түсуде. Олар ата-бабаларының, әкелерінің тағдыры туралы білгілері келеді. Іздеу нәтижелері бойынша оларға мұрағаттық анықтамалар мен іздеудегі азаматтардың жеке істерінің көшірмелерін береміз.
Сұралған ақпарат заңмен қорғалатын жеке деректерге қатысты болғандықтан, тікелей туыстарына ғана берілетінін айту керек. Яғни, сұранысқа іздеудегі адаммен туыстығын растайтын туу туралы куәліктер (өздерінің және ата-аналарының) қоса берілуі керек. Ал, бөтен адам болса, туыстарынан нотариалды куәландырылған сенімхат қажет.
Жоғарыда айтылғандай, қазір құжаттардың барлығы құпиясыздандырылған. Оларды түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Орталық Қазақстанға жер аударылғандардың 160 мыңға жуық жеке істі Алматы қаласындағы Президент мұрағатына тапсыру жоспарда.
Ж. БУЛАМБЕКОВА,
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы.