Қарағандыға роботты медициналық құрал-жабдықтар келді
Х.Мақажанов атындағы көпбейінді емханаға миға нейрохирургиялық ота жасау үшін қолданылатын роботты медициналық жабдық келді. Қытайда шығарылған операциялық робот емхананың нейрохирургтеріне емдеуді тиімді әрі қауіпсіз жүргізуіне мүмкіндік береді.
– Соңғы бірнеше жылда әлемде робототехника белсенді түрде қолданыла бастады. Робот-медициналық құрал-жабдықтарын бірінші болып Еуропа мен Америка елдері қолданды, бірақ кейінгі бес жылда Қытайда да осындай жабдық шығарылуда. Бүгінде бұл құралды сынақтан өткізуге мүмкіндігіміз бар, – дейді Нейрохирургия және неврология орталығының басшысы Ғабит Махамбаев.
Дәрігерлер қаламызда бұрын жасалмаған оталардың қатарында бірқатар ота жасауды жоспарлап отыр. Жақын арада эпилепсиямен ауыратын науқастарға жаңа жабдықтың көмегімен стерео электродтар және терең ми стимуляторы орнатылмақ.
– Кеше біз ми ісігінің биопсиясына отаны сәтті жасадық, науқас өзін жақсы сезінеді. Ота 40 минутқа созылды. Мұндай операциялық роботтың бірқатар артықшылықтары бар, – дейді Ғабит Махамбаев.
Сондай-ақ, сатып алынған роботты навигациялық станция ретінде, дренаждарды имплантациялау, ми жүйелерін айналып өту, трансназальды хирургия үшін пайдалануға болады екен.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.