Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыға министр Саясат Нұрбек келді

Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзінде 25 мыңнан астам жоғары оқу орны бар екен. 25 мың жоғары оқу орнының ішінде, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университеті 981-ші орында тұр. Бұл – топ мыңдық. Ал, Азиядағы университеттер арасында ҚарҰЗУ 167-ші орында. 12 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті облыс орталығындағы алғашқы Ұлттық университет мәртебесін алған еді. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы келді.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетов те құрметті қонақ болды. Құрметті меймандар қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен өңірдегі жоғарғы оқу орындарының ректорлары да бар.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

 Университеттің профессорлық және жалпы оқытушы құрамы қатысқан салтанатты жиынның алғысөзін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков айтты. Ол университет ұжымын білім ордаларына берілетін жоғары мәртебемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа даму кезеңінде ғылым мен жоғары білімнің шешуі рөлін үнемі атап өтеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес университеттер бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап қана қоймай, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруы – олардың басты міндетінің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев, әсіресе, аймақтарды дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Қарағанды өңірі – Қазақстанның жүрегі, еліміздің ең ірі өндірістік аймағы. Бұл өлке өндірісімен ғана емес, білім мен ғылымға қосқан үлесімен де танымал. Жаңа мәртебеге ие болған университетіміз өңірдегі интеллектуалды буынның орталығына айналды. Мыңдаған жасқа сапалы білім беріп, еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып келеді, – деді Нұрлан Дулатбеков.

1938 жылы Қарағанды мұғалімдер институты болып негізі қаланып, 1972 жылы университет мәртебесін алған жоғары білім ордасы осы уақытқа дейін 130 мыңнан астам студентке білім беріпті.

Білім ордасының ректоры түлектердің еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрлан Дулатбеков университет қарамағындағы оқу корпустарының маңы түгелдей абаттандырылып, жатақхананың орталықтандырылған жылуға қосылғанын, университет көшелеріне су жаңа асфальт төселгенін тілге тиек етті. 

Осы тұста ел болашағы – жастарға білім беру жолында маңызды рөл атқаратын жоғары оқу орнына айрықша қамқорлық жасайтын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа да алғысын жеткізді. Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде сөз алып, білім ордасының ұжымына лебізін арнады.

          – Құрметті әріптестер, профессорлар, оқытушылар, баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек университет ұжымының ғана емес, тұтас облыстың жетістігі деп білемін. Бұл мәртебе – университеттің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ғылыми әлеуетінің, жоғары білім беру сапасының, тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Енді білім ордасының алдында жаңа міндеттер мен белестер тұр. Тарихқа бай, тамыры тереңге жайылған білім ордасы десе, еске әуелі қазақтың заңғар ғалымы Ебіней Арыстанұлы түседі. Сонымен қатар, білім саласындағы әйгілі реформатор, айтулы педагог Сұлтан Досмағанбетовті де атап өтпеске болмас. 1996 жылы Сұлтан Досмағанбетовтың басшылығымен университет құрамына Қарағанды педагогика институты кірді. Бұл – білім ордасының еліміздегі интеллектулады орталыққа айналуында маңызды рөл атқарды. Университеттің заман талабына сай жаңа белестерге көтерілуіне ықпал еткен Жамбыл Ақылбай, Зейнолла Молдахмет, белгілі физик, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетай сияқты академиктер мен еңселі тұлғалардың жарқын бейнесін еске аламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ермағанбет Бөлекпаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары ғылымға зор үлес қосып келе жатқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университетінің жетістіктеріне ерекше назар аударатынын атап өтті. Бұл шешім Ебіней Арыстанұлының 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өткен жөн. Қарағандыға арнайы келген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа мәртебенің артықшылықтарына тоқталды.

 – «Ұлттық университет» деген мәртебе оқу орнына не береді? Біріншіден – жоғарғы оқу орнына мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат көлемі артады. Бұл қаражат ғылымның дамуына және сол мақсатта қызмет ететін ұстаздардың жалақысына үлестіріледі. Яғни, оқытушылардың жалақысы өседі деген сөз. Сонымен қатар, болашағынан зор үміт күттіретін студенттерге берілетін грант мөлшері көбейеді. Бұл қаражат ғылыми орталықтар мен зертханалардың да, технопарктердің де ашылуына сеп болмақ. «Ұлттық университет» мәртебесі еліміздің түпкір-түпкіріндегі талантты һәм талапты жас өрендердің осы білім ордасына келуіне себеп болады. Әлеуеті зор жас ғалымдардың да легі осында ағылады. Е.Бөкетов атындағы университет – «Ұлттық» мәртебесін алған тұңғыш өңірлік университет, – деді Саясат Нұрбек.

Арнайы мәртебе академиялық және ғылыми дербестікті кеңейтуге, қосымша ресурстар мен үздік ғалымдарды тартуға, сондай-ақ, халықаралық білім беру кеңістігіндегі позицияны нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл инновациялық бағдарламаларды енгізуге, озық зерттеулер жүргізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жаңа жол ашады. Жалпы, еліміз бойынша ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орындарының саны – 18.

Университетке «Зерттеу университеті» мәртебесі былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен берілген еді.

Бүгінде университетте бакалавриаттың 99, магистратураның 68 және PhD докторантураның 19 білім беру бағдарламасы, соның ішінде, 12 инновациялық бағдарлама жүзеге асырылуда. 12 факультетте 14 мыңнан астам студент, магистрант және докторант, сонымен бірге жүздеген шетел азаматы білім алуда.

Ерік НАРЫН

«Ortalyq Qazaqstan»  

 

Басқа материалдар

Back to top button