Қарағандыға IT жастар қажет
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ақпараттық технологияны дамыту 30 озық елдің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін бірден-бір жетекші фактор екенін қадап айтқан болатын. Осы мақсатта елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде ақпараттық технология саласын меңгерген маманға сұраныс артты. Қарағандыда жыл сайын IT жастар арасында форум жиындар өтеді. Ұйымдастырушылар ақпараттық технологияға қызығушылық танытқан белсенді жастардың аз екенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, өндірістік өңір ақпараттық технологияны меңгеруге құштар IT жастарға мұқтаж.
Бәсекеге қабілетті жас деген кім?
Ғалымдардың айтуынша, робот тақырыбы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қарқын алып, шетел жазушылары Мэри Шеллидің «Франкенштейн», чех жазушысы Карл Чапектің «R. U. R.» шығармаларында айтылған. Кейін туындылар сахналанып, «робот» термині әдебиеттен ғылым мен техникаға енген. Сөйтіп, ХХІ ғасырда ақпараттық технология қанатын кеңге жайды. Адам өміріне робот араласты. Елімізде цифрлы технология қарқын алды. Құзырлы органдар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, елде 2021 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында 182 мың адам жұмыс істеуі керек, бұл саланың табысы жалпы ішкі өнімнің 4,9 пайызын құрайтынын атады.
Бірақ, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда цифрлы технологияның нақты бір саласына маманданған адамдар аз. Әсіресе, жергілікті компаниялар интернет ресурстардағы техникалық мәселені шешу мақсатымен маман іздегенде саусағын сорып қалады.
Мәселен, Қарағандыдағы белгілі басқарма басшысы алдыңғы аптада мекеме сайтын ретке келтіретін маман таппағанын айтып қалды.
- Басқармадағы келеңсіздікті реттеу үшін ақпараттық жүйемен жұмыс істейтін қазақтілді маман таппадық. Бірақ, Қарағандыда ресейлік IT компаниялардың бөлімшелерімен келісім негізінде жұмыс істейтін мамандар бар екен. Сұрайтын қаржысы тым қымбат болса да, қызметіне жүгіндік, – дейді ол.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, елде жаңа технологияларды білетін мамандарға сұраныс көп болғанымен, IT саласындағы жас мамандар арасында өзара бәсекелестік жоқ. Бәсеке болмаған жерде, ізденіс жоқ.
Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған «Қазақтелеком» АҚ-ның Қарағанды филиалының маманы «көп компаниялар бағдарламашы (программист) барлық ақпараттық жүйені жетік меңгерген болуы тиіс деп түсінеді. Алайда, ақпараттық технологияда сала көп. Оның үстіне, жеке компаниялар жалақыны аз төлейді. Сол үшін қазақстандық білікті жігіттер Канада, Австралия секілді елдерге кетеді. Мысалы, «Google»-де қызмет істеп жүрген жастар бар» – дейді.
IT маманның жалақысы – 500 000 теңге
Қазақстанда IT саласы бойынша бірнеше университет білім беретінін ескерсек, кадр тапшылығы сезілмеуі тиіс» екенін айтады Алматыдағы халықаралық ІТ университетінде оқитын Алмат Қанатұлы. Оның айтуынша, 3-4 жылғы тәжірибесі бар бағдарламашылар елімізде 500 000 теңгеден жоғары жалақы алады.
- Ақпараттық технология саласында қызмет көрсететін мамандар жетерлік. Тек, көпшілігінің әлемдік жаңа бағдарламадан хабары жоқ. Қазір барлық тауарларды интернеттен табуға болады. Әрбір дәуірдің адамдары әлемдік технологиядан хабардар болмаса, артта қала береді, – дейді Алмат.
Ал, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Ақпараттық жүйе» мамандығының ІІ курс студенті Гүлден Жолтаева «Жаңа технологияларды жастарға меңгерту үшін ІТ саласын жетік білетін мұғалімдер керек. Оған қоса, бұл салада сабақ беретіндер ағылшын тілін жақсы меңгерген болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде интернет ресурсынан бұрын, шет тілін меңгерген мамандар аз» дейді.
Жастардың айтуынша, отандық университеттер бағдарламасында танымал «Hyundai», «Toyota Motor Corporation» секілді компаниялардың автоматизация жүйелерін оқытатын курс болуы тиіс. Бірақ, отандық ЖОО-лар теориялық білім берумен шектеліп отыр. Осыны жақсы білетін студенттер тіл үйреніп, ақпараттық технологияны жеңіл меңгертетін курстарды интернеттен оқып алады екен. Кейін шетелге жұмысқа кетеді.
«Университет пен мектеп арасында байланыс жоқ»
Мәселен, «цифрлы технологияны дамытудың бір саласы – робототехника», – дейтін Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектептің робототехника және IT мұғалімі Ертуған Мүсілім қанша жерден білікті болса да, шетелге кетуді жөн көрмейді. «IT жастарды мектеп қабырғасынан даярлау керек. Біз мектепте оқытқанмен, оқушылар оны әрі қарай дамытпайды. Оқушылар мен «автоматты басқару» секілді мамандықтарды меңгерген оқу орындарының оқытушылары арасында байланыс жоқ» – дейді Ертуған.
Жалпы облыстың мектептеріне робототехника 2014 жылдан бері енгізілгенін ескерсек, бүгінде 209 робототехника зертханасы жұмыс істейді. 70 IT-сынып пен 4 балалар технопаркі ашылған. Қарағандыда дәстүрлі «Roboland» фестивальдері өтіп тұрады. 2018 жылғы робототехника фестивалі қатысушылар мен санаттар саны бойынша рекорд орнатып, оған республиканың 3Д принтерлер, «Лего» және «Ардуино» роботтармен жұмыс істеуге бейім белсенді жастары қатысты. Нәтижесінде қарағандылық оқушылар Қазақстан атынан алғаш рет Азия-Тынық мұхит өңірлерінің «RoboCup» халықаралық жарыстарына қатысып, Дубайда (БАӘ) өткен турнирде қола жүлдені жеңіп алды. «Roboland» фестивальдерін ұйымдастырып жүрген «Kazdidak» қауымдастығының төрағасы Валерий Лебедев:
- «Roboland» – алғыр оқушыларды зияткерлікке бағыттау мақсатында өтеді. Негізі Қазақстан робототехника бойынша Ресейден – 8 жыл, Америкадан – 25 жыл (1993 жылдан роботехника енгізілген) артта келеді. Алайда, жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Көрші елдердің тәжірибесін меңгеру арқылы робототехника саласында арнайы бағдарлама құрып, маман даярлауға толық негіз бар, – дейді.
Жақында жоғарыда атаған Ертуған Мүсілімнің оқушылары АҚШта робототехника бойынша өтетін «VE Competition» әлемдік біріншілігінде жеңімпаз атанып келді. Бұл республика көлемінде ақпараттық технологияда, әсіресе, роботты меңгерген облыс оқушыларының биік қарқынын көрсетеді.
«Жасанды ақылдылық»
Жастардың пікірінше, қазіргі таңда әлем ақпараттық технологияда адамдардың эмоцияларын бақылайтын «нейротехнология» саласына басымдық берді. Бұл салада Қарағандыдағы №1 «Білім-инновация» лицейінің оқушылары өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған протез қол ойлап шығарған. Протез қол жасаған сол оқушылар – болашақта мамандықтардың 90 пайызы ақпараттық технологияға тәуелді болатынына сенімді. Өкініштісі сол өзін-өзі басқара алатын машина, робот және компьютерлік жүйелер пайда болған уақытта адамдар да жасанды ақылдылыққа АІ (artificial intelligence) мойын бұруы мүмкін. Әзірге жасанды ақылдылықты телефондардан кездестіресіз. Бірақ, келешектің жоспары – жасанды жүйені адамдардан бірнеше мәрте ақылды ету. Тағы да жұмыссыздық қаупі басым. Десек те, Қарағандыға IT жастар қажет екені айқұлақтанып тұр.
Аяулым СОВЕТ.