Жаңалықтар

Қарағандыға газ келді

Қарағанды қаласында Михайловка аталатын аумаққа газ тартылды. Бірақ, Төлепов пен Челябинск көшелеріндегі екі-ақ тұрғын үйге енгізуге өтініш білдіріпті. Неге? Сонымен қатар, «Газ бағасы қанша болады?». «Қай қала үйге газ енгізуге дайын?». Осы және басқа да облыс тұрғындарын толғандырған сұрақтарға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қарағанды бөлімшесінің директоры Талғат ҚЫЗЫЛБАЕВ пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ аймақ журналистерімен өткен жиында айтып берді.

Айта кетейік, Қарағанды қаласындағы Михайловка, Теміртау қаласындағы Соцгород, Жезқазған қаласының маңындағы Пристанционный және Талап кенттерінде тұратын 2472 абонент табиғи газды пайдалана алады. Алайда, қысқа көмір алып қойған тұрғындар асығар емес. Көгілдір отынды жеткізумен және оны берумен «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы айналысады. Бүгінгі таңда ол 2 742 әлеуетті тұтынушының үйлеріне дейін коммуникацияларды тартып үлгерген екен.

– Қарағандылықтар біздің халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады. Ол облыс орталығында Ермеков көшесі, 104/1 мекенжайында орналасқан. Жезқазған қаласындағы бөлімше Сәтбаев көшесі, 10/1, Теміртау қаласындағы Менделеев көшесі, 11-үйде орналасқан. Біздің орталықтар бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді, электрондық кезек, кеңесшілер бар. Тұрғындар газға қосылуға өтініш бере алады, кеңес ала алады, сондай-ақ құжаттар мен қосылуға техникалық шарттар ала алады. Қарағанды облысының тұрғындары үшін бір текше метр газдың құны 40,94 теңгені құрайды, – деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының басшысы Талғат Қызылбаев. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы тұтынушыларды газбен жабдықтауға қосып қана қоймай, қызмет көрсетуге, сондай-ақ авариялық жағдайларды жоюға дайын. Ол үшін филиалда авариялық-диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Қоңыраулар әзірге (8-7212) 25-26-49 нөмірі бойынша қабылданады. Газбен жабдықтау желілеріне қосылу төмендегідей кезеңдерден тұрады:

  1. Газбен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды (бұдан әрі – ТШ) алуға байланысты газ тарату ұйымына (бұдан әрі – ГТҰ) абоненттің өтініш беруі.
  2. Абоненттің ГТҰ өтінішімен бірге тапсырылған құжаттардың толықтығын қарау.
  3. Абонентке ТШ беру.
  4. Газдандыру жобасын әзірлеу.
  5. ТШ сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу.
  6. Абоненттің құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталғаны және газбен жабдықтау желілеріне қосылуға дайындығы туралы Қарағанды өндірістік филиалын хабардар етуі.
  7. Абонентті газбен жабдықтау желілеріне қосу. Бұл – қаланы таза ауамен тыныстату үшін келелі жұмыс. Газдандыру бір күндік мәселе емес. 2036 жылға дейін созылатыны да айтылды. Үлкен іске жігер керек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button