АймақҚарағанды

Қарағайға қарап, тал өсер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде орман алқаптары да қалыпқа келтірілуде. Атап айтсақ, Қарағанды қаласының іргесіндегі Тихонов атанған қала бөлігінде қарағай орманы бар. Сол орманның 309 гектар аумағында тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін облыстық бюджеттен 101 млн теңге бөлініп, жаңа жоба бекітілді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл орман осыдан жарты ғасыр бұрын отырғызылған. Жыл сайын ағаштарға санитарлық күтім жасау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биыл арнайы жоба аясында қурап қалған қарағаш және үйеңкілерді отап, қарағайды қалдырған. Яғни, олардың орнына әуелі қарағаш, бес жылдан кейін үйеңкі отырғызылмақ. Сонымен қатар, жоспарға сай орманның әр жеріне 12 демалатын орын орнатылған.

– Қала тұрғындары мен қонақтардың осында келіп, алаңсыз демалуы үшін жағдай жасалуда. Кез келген тұрғын демалысын осында тиімді өткізе алады. Саңырауқұлақ теріп, табиғат аясында серуендейді. Ал, жоспар бойынша орнатылған 12 демалатын орын 309 гектар жерге аз. Алдағы уақытта оларды көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығының директоры Мақсат Мұқанов.

Жалпы, аталған шаруашылық балансында 700 гектар орман алқабы бар. Ал, дәл осы орман алқабын тазарту жұмыстары былтырдан басталыпты. Тазалау және кесу жұмыстары Орман кодексіне сай жүргізіледі. Әуелі орман алқабы толық тексеріліп, өкілетті органнан рұқсат алынады. Сол жерде тазартылатын аймақтың аумағы да атқарылатын жұмыстар да толық көрсетілуі шарт. Былтыр 112,7 гектар аймақ тазартылса, биыл жыл соңына дейін 109,6 гектар аумақты қалыпқа келтіру жоспарланған. Қалған 86,7 гектар аумағы – келер жылдың еншісіндегі іс. Қазіргі уақытта тазарту жұмыстары жүргізілген аймаққа тамақ ішетін үстелдер мен орындықтар толығымен қойылған.

– Мұнда бекітілген орман күзетшісі бар. Қауіпсіздік қатаң қадағаланған. Бірақ, біздің тараптан қоқыс жәшіктері қойылмаған. Себебі, халық демалатын жерде қоқыс жәшіктері тұрғаны ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан, демалушылардан қоқысты өздерімен алып кетуді сұраймыз. Біз келушілерге өз тарапымыздан осындай талап қойып отырмыз. Қоқысты шашып кеткен жағдайда орман күзетшісі хаттама толтырып, әкімшілік жауапқа тарта алады. Оған толық құқығы бар, – деді Мақсат Жеңісұлы.

Сонымен қатар, мұнда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істеп тұр. Әрі мұнда демалыс күндері күзет те күшейтілген. Жедел топ та өз қызметін мінсіз атқаруда. Демалушылардан өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау сұралады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button