Бас тақырып

Қар – жерге ырыс, ылғал – елге ырыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз…» дей келе, агроөнеркәсіп кешені бәсекеге қабілетті озық сала болуы керектігін баса айтты. Осы орайда, Қарағанды өңірінде де аграрлық салада айтарлықтай жұмыстар жүзеге асып жатыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен табысы бойынша Қарағанды облысы жетекші бес облыстың қатарында. Өңір экономикасында аграрлық саланың алатын орны айрықша екенін осыдан анық байқауға болады.

«Көктемнің әр күні – жылға азық» демекші, қыста жауған қар мен жауын-шашын көктемгі дала жұмыстарына айтарлықтай әсер етеді. Бітік егін мен қамба толы астық жердің ылғалына тікелей байланысты. Қар қалың жауса, қырдағы шаруагер, «қуаңшылық болмайды» деп қуанады. Алайда, биыл қардың аз түсуі, диқандарды алаңдатып отырған жайы бар.

Жердегі ылғал жеткілікті ме? Тұқымның өнуі мен көктеуі қалай болмақ? Құрғақшылықтан құтқаратын қандай технология бар? Жердегі ылғал – мол өнімге кепіл бола ма? Жалпы, межеленген жоспар қандай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Біз осы сұрақтарға жауап іздедік.

Қарекет қамданыстан басталды

Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру, экспорттың әлеуетін күшейту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде кешенді шараларды қабылдады. Тапсырманы орындау шеңберінде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін бағытталды. Қомақты қаражат қарағандылық шаруагерлердің де үлесіне тиді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, 2024 жылдың күзгі және көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Кең дала 2» бағдарламасы іске қосылды. Жоғарыдағы қомақты қаражат негізінде жүзеге асып отырған бағдарлама «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бір жылға 5%-бен жеңілдетілген несие беруге бағытталды. Алғашында аймақ шаруашылықтары 2,4 млрд теңге көлемін қаражат алса, биылғы көктемгі дала жұмыстарына деп осыншалықты көлемде тағы несие берілді. Бұл шаруагерлерге тыңайтқышты алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және барлық қажетті жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымша қолдау тетігі ретінде 5 млрд теңгеден астам субсидия қарастырылды. Аталмыш қаражат тұқым алу, пестицидтер мен тыңайтқыш алу үшін, суармалы алқаптардағы судың бағасын арзандату үшін беріледі. Субсидия­ның бір ерекшелігі егістік алқапқа қажетті тыңайтқышты ерте көктемнен бастап, алдын ала 60% төлеп қоюға мүмкіндік береді. Ал, қалған 40% жиын-терім аяқталған соң шаруашылық өзі төлейтін болады.
Көктемгі дала жұмыстарын кедергісіз бастап кету үшін жанар-жағармай мәселесі де оңтайлы шешілген. 17200 тоннаға аймақ шаруашылықтарынан өтінім түсті. Жеткізуші оператор – павлодарлық «Ритейл Трейд» кәсіпорны. Литрін 250 теңгеден тасымалдап жатыр.

Егіс алқабының аумағы ұлғаяды

Биылғы жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының кө­лемі артып отыр. 1 млн 193 мың гектар алқапқа егін егу межеленуде. Былтырғы жылмен салыстыр­ғанда 100 мың гектарға артық. Сондай-ақ, үш жыл қатарынан болған қуаңшылықты ескере отырып, майлы дақылдар алқабын ұлғайту қолға алынды. Күнбағыс пен зығырға деген сұраныс жоғары болғандықтан бұл жобаны қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен субсидия қарастырылды. Алынған шикізатты қайта өңдейтін кәсіпорын ашу жұмысы қолға алынуда. Еңбек өнімділігі 500 тоннаны құрайтын кәсіпорын ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етпек. Әрі зауытқа тапсырылған күнбағыстың тоннасына 28 мың теңге, зығырға 5 мың теңге қосымша қаражат төленеді.

Картоп алқабы 12 300 гектарды, көкөніс алқабы 1000 гектарды құрайды. Былтырғы жылмен салыстарғанда егістік алқабы едәуір ұлғайған.
Аймақ бойынша Осакаров ауданында 400 мың гектар, Нұра ауданында 300 мың гектар, Бұқар жырау ауданында 190 мың гектар көлемінде ең ірі егіс алқабы бар. Абай, Шет аудандарында картоп егу дұрыс жолға қойылған.

Сіңіруге тұқым дайын

«Тары болса, тауық табылады» демекші, егістік жерлер дайын болғанда оған себетін тұқым да әзір. Өткен жылғы егін жинау науқанында өңір шаруашылықтар өздеріне қажетті 109 мың тонна тұқымды дайындап қойған. Бүгінгі күнде тұқымның сапасы тексерілуде. Ауа райы тұрақтанып, жерді өңдеу жұмыстары аяқталғанда егіннің бітік шығуына тілекші диқандар бір мезетте дәнді сіңіріп шықпақ. Жалпы, егістік алқаптан мол өнім алу кешенді күтімді қажет етеді. Алдымен сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштарды уақытында себу мен питицидтерді мөлшермен қолдану, жаңа техниканы пайдалану секілді жұмыстарды жүйелі жүзеге асырумен қатар, ауа райының қолайлы күндері диқандар үшін маңызды. Аймақтағы егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың басым бөлігі Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы шығарған «Қарағанды – 30, 31, 60» деп аталатын тұқым түрлері мен республика бойынша жақсы өнім беретін «Астана», «Сәке» тұқым түрлерін өз қалауынша қолдана алады. Тұқым таңдауда ешқандай шектеу жоқ.
Шаруашылық үшін элиталы тұқым алдынғы орында. Сондай ақ, І,ІІ,ІІ кластерлі тұқым алғашқыда жақсы нәтиже көрсеткенімен, жылма-жыл ауыстырып отыру қажет. Сапалы астық алу тыңғылықты дайындықты қажет ететіндігін тәжірибелі диқандар жатқа біледі. Мәселен, күзде жаңбырға ұрынып, ылғалдылығы 18% болған бидай тұқымдыққа жарамайды.

Технология – сапалы өнім кепілі

Тұқымға күш беріп, бітік шығуына минералды тыңайтқыштардың тигізер септігі мол. Егер қажетті технологияны уақытылы қолданса, мол өнім алуға кепілдік болмақ. Егістік алқаптың сапасын арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан «Кең дала 2» бағдарламасында негізгі басымдық технологияны жүзеге асыруға бағытталған. Бүгінгі күнге тыңайтқыш алуға «Қазазот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарымен 600 млн теңгеге келісімшарт жасалып, 12 мың тоннасы жеткізілді. Сонымен қатар, шаруагерлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 1млрд теңге қосымша қаражат бөлінді.

Үш жыл қатарынан болған қуаңшылық, егістік алқапта суармалы жүйені енгізуді айқындап берді. Аймақта 99 мың гектар суармалы алқап тіркелген. Оның 75 мың гектары шаруашылықтар иелігінде, қалғаны мемлекеттік қорда. Жалпы, егістік алқаптағы дақылдарды жиі ауыстыру – бірде бидай, бірде арпа, сұлы, картоп егу. Яғни айналым тізбесін енгізу, егістік алқапты әр жыл сайын кезектестіре демалдыру арқылы да сапалы өнім алуға болады.

Аймақ бойынша көктемгі дала жұмыстарына 10 500 трактор, 229 егіс кешені, 4 мыңнан астам тұқым сепкіш, 6 мыңға тарта басқа да топырақ өңдейтін техника жұмылдырылады. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартудың да тиімді тәсілі қарастырылған. Егер қажетті техниканы лизингке алса, кепілдікке сол алынған техника қойылады.

Экспорт көңіл көншіте ме?

Басын көтеріп, елден сұрағанша, басын иіп, жерден сұрайтын диқан үшін маңдай тер еңбегінің өтеуі қашанда маңызды. Көктемде күтіп, ала жаздай аптапқа ұрындырмай, күзде қамбасына құйылған астықты шетелге шығарып тиімді бағада сатуды дұрыс жолға қойған. Былтыр аймақтан 27 мың тонна бидай, 4300 тонна арпа, 105 мың тонна ұн көршілес Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспортқа шыққан.
Сондай-ақ, аймақтағы 17 ұн тарту кәсіпорындары ішкі нарықты ұнмен толық қамтамасыз етіп отыр.

Егіннің шығымы қандай болмақ?

Аймаққа құбылмалы ауа райы тән болғандықтан, көктем мен жазғы жауын-шашынды болжау мүмкін емес. Дегенмен, білікті агроном мамандар мен тәжірибелі шаруашылық иелері табиғаттың тылсым жайттарына қарап, өзінше болжайды. Айтуларынша, биыл егін жақсы болмақ. 2021 жылдан басталған қуаңшылық үш жыл қатарынан диқаншылардың еңсесін түсіргені тағы бар. Қар түсімі, жаңбырдың жаууы, айдың туысы секілді жайттарды ескеріп, жақсылыққа балап отыр.

– Биыл қар нормаға сай түсті. Қатты аяз болмағандықтан жерге тоң түсіп үлгермеді. Бұл біріншіден, көктемгі су тасқынының алдын алды. Екіншіден, сай саладан аққан қар суы біркелкі жерге толықтай сіңіп жатыр. Оның үстіне жауған жауынның да пайдасы бар. «Қар аз жауды, су мөлшері аз» деп алаңдаудың қажеті шамалы. Бастысы жерде ылғал бар. Айдың туысы да жаман емес, алдағы уақытта тұқым жерге түскеннен кейін маусым айында жауын жауса, дәнектің көктеуі жақсы болады. Шілде айында жауған жаңбыр бидай сабағына нәр болмақ, – дейді «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Қарқаралы аудандық филиалының басшысы Қымбат Дүйсенбек.

Сағыныш ӘБІЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button