Қарғында қапы қалмау үшін
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің басшысы Мұрат Қатпанов жақында жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданында болды. Сапар барысында өңір басшысы бастаған топ бірқатар ауылдық округтерді аралап, көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарымен танысты.
Облыс басшысы су тасқыны болу ықтималдығы басым саналатын Ынталы, Угар, Қаршығалы, Тегісшілдік және Н.Әбдіров ауылдық округтеріндегі су өткізгіш құбырлардың, көпірлер мен су бөгеттерінің жағдайын көрді.
Аудан әкімі Әділжан Арғынов және округтердегі жергілікті ауыл әкімдері биыл түскен қардың деңгейі, жер тоңының қалыңдығы, жер жағдайы мен табиғи ерекшеліктері, жалпы дайындық шаралары бойынша ақпарат берді.
Қарқаралы ауданында барлығы 62 елді мекен болса, қарғын кезінде соның он төртін су басу қаупі бар. Оларда жалпы саны 220 үй бар, 871 адам тұрады.
Осы елді мекендердің бәрінде де көктемгі су тасқынының алдын-алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Инерттік материалдар қоры, құрал-жабдықтар мен мотопомпалар әзірленді, 30 тонна жанар-жағармай бөлініп, 5 мың дана қап алынды, су өткізетін 37 құбыр тазартылды.
Нұра өзенінің Ынталы ауылдық округінің аумағындағы арнасы былтырғы жылдың күз айында тазаланып, кеңейтілген болатын. Әрбір ауылдық округтегі шаруашылық нысандарымен су тасқыны орын алған жағдайда қолда бар техниканы жұмылдыру бойынша меморандумдар жасалды.
Аудан аумағында орналасқан бес гидротехникалық бөгет тиісті тексеруден өткізіліп, ақаулы тұстарына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, аудан басшылығы қосымша 10 мың дана қап, 20 тонна жанар-жағармай, 2 мың тонна инерттік материал қорын әзірлеп қойған.
Жалпы, қазіргі уақытта аудан көлеміндегі бір мың екі жүз шақырым автомобиль жолдарындағы 597 су өткізу құбыры мен арықтар тегіс тазартылып, көпірлер тұрақты бақылауға алынған.
Аймақ басшысы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтап, әкімдер мен жауапты органдарға ауа райының құбылуын үнемі бақылауда ұстауды, кез келген төтенше жағдайға әзір болуды тапсырды.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Қарқаралы ауданы