Бас тақырып

Қарғын суға қамданыс қарқынды

Премьер-Министрдің орын­басары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары аясында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және өңірдің төтенше жағдайлар департаменті бастығы Марғұлан Аманбаевпен бірге аймақ­тың су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Бұқар жырау, Шет және Абай аудандары аумағындағы елдімекендер, Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арналары, Самарқанд және Шерубай-Нұра су қоймалары мұқият тексерілді.

Қазіргі күнде Қарағанды облысында елдімекендерді су тас­қынынан қорғау мақсатында 180-ге жуық іс-шара орындалған. 1 наурыздан жағдайды тұрақты ба­қылау үшін жоғары дайындық режимі енгізілмек.

Вице-премьердің жұмыс сапары Мемлекет басшысының су тас­қыны қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстарын үйлестіру бойынша берген тапсырмаларының орындалуын бақылау мақсатын көздеді.

Бүгінде облыста 150 елдімекен ерекше бақылауға алынды. Одан бөлек, 140-қа жуық автомобиль және теміржол учаскелері басты назарға алынып отыр. Өңірде 217 су шаруашылығы құрылыстары бар. Әзірге аймақта жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде. Судың деңгейі төмен және су аз болады деген болжам бар.

Вице-премьер аймақта су тас­қынына дайындық жұмыстарының алдын ала басталғанына көз жеткізді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс­тағы инженерлік жұмыстар жоспары аясында 180-ге жуық іс-шара орындалса, оның ішінде 65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері салынып, бекітілді. Өзен арналарының 18 шақырымнан астам су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілді. 26 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. Автомобиль жолдарының 75 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылған. Жанар-жағармай (ЖЖМ), инертті материал және қаптар қоры қамтамасыз етілген.

Елдімекендер аумағынан миллион текше метрден астам қар шығарылып, жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, су бұру орларын жасау, каналдар мен арықтарды, су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Вице-премьер былтыр 60 үйді су басқан Шет ауданында су тасқынына қарсы шаралардың жүргізілуіне баса назар аударды. Делегация мүшелері әуеден бақылау барысында Ақсу ауылына қонып, дайындық жұмыстарымен танысты. Мұнда ұзындығы 2,3 шақырым болатын қорғаныс білігі тұрғызылған. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров жүргізілген жұмыс­тар туралы кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, қорғаныс біліктері бекітілген, қосымша су өткізу құбырлары салынып, су өткізу құрылыстары тазартылыпты.

– Қазгидрометтің болжамынша, көктемде ауа райының күрт жылынуы күтіліп отыр. Біз Төтенше жағдайлар министрімен бірге су тасқыны қаупі бар аймақтарды айналып ұшып, тексеріп өтуді қолға алып отырмыз. Бұл жұмыс Қарағанды облысынан басталды. Былтыр су тасқыны орын алған барлық аумақты айналып өтіп, бірқатар елдімекенді араладық. Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында қар деңгейі нормадан жоғары. Шет ауданына келсек, қар нормадан төмен, ылғал қоры да қалыпты деңгейде. Топырақтың қатуы өткен жылмен салыстырғанда төмен. Сапар барысында облыс­та ауқымды жұмыс атқарылғанына көз жеткіздік. Десе де, кез келген жағдайға дайын болу керек. Болжам бойынша алда әлі қалың қар жауады және ауа райы жылынады, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Сонымен бірге, Вице-премьер дайындықты тағы бір рет пысықтап, барлық күштерді, техниканы әзірлікке келтіру керектігін баса айтты. Жағдайды күн сайын қадағалап отыру қажеттігі де мұқият тапсырылды.

– «Қамдансаң, қапы қалмайсың» демекші, қарғын су қау­пінің алдын алуға байланысты атқарылып жатқан шараларды көріп, көзіміз қуанды. Өзім Шет ауданының тұрғыны болғандықтан қардың еритін мезгіліне сақадай сай тұру керек деп есептеймін. Өйткені, күтпеген жерден күн жылып кетсе, су тасып, былтырғыдай аудан тұрғындарына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды өте орынды деп ойлаймын, – дейді Айдар Алпысұлы.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button