Руханият

Арғын Нұрбай батырдың ерлік рухы

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырларының ішінде Арғын Нұрбай батырдың алар өзіндік орыны бар. Сонау он алтыншы ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша жаумен күрескен Нұрбай батырдың жауынгерлік ерлік істері бізге аманат болып жеткен.

Қалмақтарға қарсы Есім хан бастаған жорыққа он сегіз жасар Нұрбай да қатысқан. Бұл 1627 жыл болатын. Нұрбай Қорғастағы шайқаста Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі – Қоту-Қойсынның інісі Барғаймен жекпе-жекке шыққан. «Тасқара» атты тұлпарын мінген жас жігітті қорашсынған қалмақ батыры:

Көрінгенше құба таң,

Бәріңді бүгін сұлатам,

«Шеже көзді» дәл қазір,

Тобықтан ұрып құлатам, – деген екен.

Нұрбай батыр бұл сөзге іле жауап беріп, былай депті:

Салсаңдағы барыңды,

Судай шашам қаныңды,

Кәпір қалмақ бермен кел,

Алам бүгін басыңды, – депті. Сол сәтте екі батыр шайқаса кетеді. Тұлпарларымен бір-біріне қарамақарсы болған алғашқы қақтығыста Барғай Нұрбайды шоқпарымен ұрып құлата алмайды. Қайырылып соққан екінші қақтығыста Нұрбай қалмақтың ең мықтысы атанған Барғайды найзасымен басынан шаншып өлтіреді. Бұл Нұрбай батырдың алғашқы ерлігі болатын.

Батыр боп, туған елдің төсінде өскен,

Найзасымен бес елі тасты тескен,

Есім ханның қалмақпен соғысында,

Қара қалмақ Барғайдың басын кескен, – деп Нұрбай батырды мадақтаған жыр шумақтары күні бүгінге дейін ел аузында сақталып қалған. Арғын-Алтай руының рухына ұран болған Нұрбай батыр ХVII ғасырдың басында Қарағанды облысы, Жаңаарқа өңірінде туыпөскен. Нақтырақ айтқанда, Қаражал қаласымен іргелес жатқан Ақтау тау сілемдерінің іргесіндегі Шажағай өзені бойында кіндік қаны тамған.

Нұрбайлардың қыс айларында қыстайтын жері, Бетпақдаладан Қызылша тауына, Шудың терістігінен Үшқызыл, Бұғылы-Тағылы тауына дейін, Сарысудың солтүстік ағысы, Шажағай, Шұбыра, Ақши, бұрынғы Қараөткел мен Ақмола бүгінгі Астанадағы Майбалық көлінің төңірегі, Қорғалжынның Құланөтпес өзенінің сол жағы, Желтау, қазіргі Ақтау таулары мен Шажағай, Шалқия өзендерінің бойы.

Ал, жазғы жаз жайлауы: Өлеңті, Шідерті өзендерінің бойымен Есіл мен Нұраға дейін созылған, Сондай-ақ, Ерейментаудың оңтүстік жағындағы Күншалған мен Сұңқарқия тауларының етегі мен Алыссай даласынан басталып, Аршалы, Тасақақпадан қазіргі Осакаров өтіп, сонау Жамбылдың шекарасындағы Аққұдық, Тасқұдыққа дейін кете береді. Ал, Тасақақпа дегеніміз қазіргі Осакаров ауданы, ертеде Нұрбай батыр жаугершілік заманда қосымша әскер күтіп, ой, шұқыры көп осы жерді біршама күн паналаған екен. Бұл жер негізінен ой шұқыры көп тасажер екен. Содан Тасақақпа атанып кеткен. Кейін тың игеру кезінде орыстар бұл жердің атына тілдері келмей Осакаровка деп атап кеткен. Міне, ақиқат қайда жатыр?

1980 жылдары журналист марқұм Есіркеп Тәжиннің Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде «Жердің аты «Осакаровка емес, Тасақақпа» деген мақаласы жарық көрді. Сол мақаласында жазушы Тасақақпаны Арғын Нұрбай батырдың жері деп келтіреді. Бәріңізге мәлім, Кеңес Одағы кезінде музыкалық аспаптар домбыра, мондалина, гитара тағы басқа саз аспаптар жасайтын Осакаровка фабрикасын ешкім ұмыта қойған жоқ шығар. Сол фабрикада жиырма жыл жұмыс істеген күйші-домбырашы Әбу Көнербаев ақсақал да бұл жердің бұрынғы аты Тасақақпа деп айтқан еді маған.

Нұрбайлар Қазан көтерілісінен кейін 1907 жылы алсайлардан бөлініп, жеке Шажағай болысын құрады. Болыстың құрамына бұрынғы Атасу болысының №№ 2,3,7 8,9,10,11 ауылдары кірді. Ақбұйрат, Мұқыр, Жамбасқұдық, Тасқора, Келтетал, Қайыңдышілік, Көнек тауы, Жартас, Құрым, Манақа, Байыр, Шікір, Көнек, Құмкөл, Толағай, Ақтау, Ортау, Қатпартас, Сарысу, Қаражал, Қызылсүйір, Қызылшоқы, Аралтөбе, Қарағаш, Жосалы, Көкалабие сияқты жерлер нұрбайлықтардың еншісіне тиді. Атасу болысы мен арадағы шекарасы Шолақеспе өзені бойымен Желтаудан әрі Жарқымбайдың моласына дейін бекітіліп, өзеннің солтүстік жағын нұрбайлықтар иемденді.

Тарихи дерек бойынша Орта жүзде Нұрбай руы екі жерде болыстыққа қол жеткізген. Біріншісі – 510 үй болған Шажағай болыстығы, ол Жаңаарқа өңірі болса, екіншісі – Ақмола өңіріндегі Майбалық болыстығы – 840 үй болған Нұр-Сұлтан қаласындағы Майбалық болыстығы. Бүгінгі Елорда әуежайынан екі шақырым жерде орналасқан. Екі болыстық та Ақмола уезіне қараған. Сондықтан бүгінгі таңда Нұрбайлардың ең көп қоныстанған жері Жаңаарқа ауданы мен Нұр-Сұлтан қаласы болып отыр. Қазіргі дерек бойынша Астана мен оның маңайындағы елдімекендерде 1000-нан астам нұрбай түтіні бар. Ал, Ақмола облысын қоссақ одан да көп.

Арқаның, оның ішінде Қорғалжын өңірінің атақты Құлтума ақыны үш жүзге сауын айтылған Жайманың асында Нұрбайдың белгілі ақыны Шақаумен өте сыйлас, дос болған екен. Ақын досын көптен көрмеген соң, сағынышын жайып сап, былай деген екен:

Шажағай, Желтауменен тайлағы ғой,

Қара жартас, Көнек тауы байлауы ғой,

Қарағаш, Жартас, Жаркөл, Шұбаркөлі,

Нұрбайдың еншілеген жайлауы ғой.

Батырдың мысы бүгін басып жатыр,

Су ішкен әр бұлақта ізі жатыр,

Халқына қорған болған тар заманда,

Ер Нұрбай Қорғалжынға жақын жатыр, деген жыр шумақтарымен Құлтума ақын Нұрбай батырдың ерлік ісін мадақтап және әулетінің жаз жайлауының қай жерлер екендігін өзінің өлеңімен тарихи тұрғыдан айқын көрсетіп кеткен. Құлтума ақын Шоң Телғозыұлының ұлы дарынды ақын Ахметжанмен айтысқанда ол біздің жеріміз орманды, жержаннаты деп мақтанып, сендер Қорғалжынның балығымен жан сақтап отырған Алтай Тінәлісіңдер деп тиіскен екен. Сонда Құлтума ақын мынандай тарихи деректерді алға тартады:

Аталас бауырларды іздеп кеп ем,

Бұл заман өскелеңді өрлет деген,

Шоң әкең шерлі шешен болсадағы,

Сендерге біле білсең жер бітпеген.

Жөн сөзге жол бермейтін батырсыңдар,

Әрине, шешендікпен асылсыңдар,

Қарағашты қалмақтардан алып қалған,

Нұрбай батыр жерінде отырсыңдар, – деп қатты кеткен. Сол заматта тоқа руының тәпек Тоқан деген биі басу айтып, екі ақынды тоқтатқан екен.

Енді, Арғын Нұрбай батыр қайда жерленгендігі туралы қарама-қайшы жаңсақ пікірлер көп айтылып келеді. Соған орай төменде нақты дәлелдер келтірмекпін. 1980 жылдары Целиноград облысық атқару комитетінің төрағасы қызметін Қайредин Кәрібаев атқарды. Қайрекең ол кезде орыс билеген заман болсада ұлтжанды, ешкімге ығын бермейтін анау-мынауға көнбейтін бірбеткей адам еді. Мен облыстық «Коммунизм нұры» газетінде қатардағы тілші болып қызмет істеймін. Таңертеңгілік жұмысқа келгенім сол еді телефон шыр ете түсті. «Алло» деп телефон трубкасын көтердім. Әр жағынан «Мағжан амансың ба? Мен Қайредин Кәрібаевичпін, сені Свердловск облысына қарындасымның баласының үйлену тойына асаба ретінде алып бармақшымын. Газеттің бас редакторы Октябрь Әлібековпен келіскенмін. Домбыраңды ұмытпа. Бүгін күндізгі сағат 2-де ұшақпен ұшамыз» деді. Сөйтіп, АН-24 ұшағына мініп Свердловск қаласына кешке қарай келіп қондық. Қайрекең Свердловскіде болатын аймақтық жиынға қатысып, ертең келетін болды да, біз бірнеше адам Свердловск облысына қарайтын Қарашілік деген ауылға жүріп кеттік. Облыс оталығынан 250 шақырым жерде орналасқан орман арасындағы Қарашілік бөлімшесінде 80-90-дай қазақ үйі тұрады екен. Салт-дәстүрлерін жақсы сақтаған. Ертеңгісін қазақтың салт-дәстүрімен үйлену тойы өз дәрежесінде өтті.

Қайтарда той иелерінің айтуымен бүкіл ауылына сыйлы әрі қадірлі 90 жастағы ақсақалға сәлем беруге бардық. Ол кісі жасының егде тартқанына қарамастан әлі тың екен. «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беріп келген бізге «Жоғары шығыңдар, бауырларым, елден келдіңдер ме?» деп бәйек болып, асты-үстімізге түсті. «Рахмет, рахмет» деп жатырмыз біз. Дастарханға үйіп салынған бір табақ жылқының еті әкелініп, бір жас жігіт ет турай бастады. Сәлден соң, ақсақал дауысын көтере сөйлеп, менің атым – Бостан, Руым Арғын АлтайҚарпықтан тараймын. Оның ішінде Нұрбай батырдың ұрпағымын. Сендер қай ел боласыңдар?» деді. Облатком төрағасы Қайрекең: «Мен қыпшақпын. Сіздің нағыз бауырыңыз мына бала (мені нұсқап) болып шықты» деді. Сол күні оңаша қалып, мен Бостан ақсақалмен бірер сағат әңгімелестім. Ол уақытта сөзді жазып алатын диктофон жоқ. Журналистің қаруы қалам мен блокнот емес пе? Сол кезде ол кісінің былай деп айтқаны бар. «Менің әкем Жасақ 93 жасында өмірден өтті. Мен қазір 90-ға келіп отырмын. Менің есімде қалғаны әкем елін қатты сағынатын. Асан қайғыға – (ауданның бұрынғы аты) Жаңаарқаға бармақшы болды, бара алмады. Нұрбай батырды жиі-жиі айтатын әкем марқұм». «Ол Жаңаарқаның басында жерленген бе?» дегенімізде, «Жоқ, ол Шажағай өзенінің төменгі ағысынан әріректе Қопай деген биік төбенің басында жерленген» деп айтатын бізге. Жаз жайлауымыз қаз, үйрегі мол Дуанакөл болушы еді» дейтін.

Міне, Батыр бабаның қайда жерленгендігі туралы Бостан ақсақалдың айтқан бір дерегі осы. Бостан ақсақал өзінің Ресейге қалай келгендігі туралы ғажайып әрі қызықты оқиғалармен айтып берді. Ол өз алдына көп әңгіме. Енді, Омбы архивінен алынған төмендегі дерекке көз жүгіртейік. «… Путешествуя по направлению к Китаю по Шелковому пути, специальная экспедиция в составе 22 человек верхом на лошадях и верблюдах сбились с намеченного маршрута. Наш небольшой караван выехал из города Омска, одноко где-то через 1000 километров выяснилось, что мы заблудились, поэтому пришлось передвигаться вдоль подножия невысоких гор, где было множество хрустально чистих, прозрачних родников. Но этот казус обернулся для нас удачей. Потому что оказалось что у подножия этих гор жили люди, которые называли себя казахами. Мы узнали, что эту эпоху казахским народом правил Есим-хан.

Нам пришлось провести три дня в ауле казахов, который расположился вдоль реки Сарысу. Мы ознакомились с бытом кочевого казахского народа, с его традициями и культурой. Член экспедиции Нонор, хорошо владеющей тюркским языком, почерпнул множество сведений из истории казахов. Мы узнали о храбрых батырах Нурбае. Нурбай был очень смелым и отважным воином. Он жил близ реке Шажагай. В битве с калмыками, недалеко от местечка Коскултук, проявил беспрецедентный героизм. Батыр вместе со своими воинами не дал возможности врагам укрепиться в лесу и уничтожил захватчиков. Нурбай прославился тем, что вызвал на поединок известного калмыкского батыра по имени Баргай и победил в честной схватке. Нурбай батыр участвовал в 77 боях и из всех вышел победителем. (Из книги о путешествии Кашкарской зкспедиции.188 часть,216 стр.). Қарап отырсақ бұл деректе… вдоль подножия невысоких гор, дегені бұл Ақтау, Ортау, Қызылтау тауларының етегіндегі бұлақтарды айтып отырғандығы айдан анық. Аталмыш Қашқария саяхатшылардың кітабында қазақ тарихында Нұрбай батыр ерлігінің айырықша екендігі айтылумен қатар, аталмыш деректе батырдың туған жері Шажағай өзенінің маңы болғандығы айтылады. Енді Нұрбай батырдың қайда жерленгендігі туралы деректі растайтын тағы бір нақты дәлел, мынау: 2003 жылы Астанада Мәжіліс депутаты болған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның үйіне қонаққа барғаным бар. Онда мен «Астана ақшамы» газетінде бас редактор болып қызмет істейтінмін. Шерағаңның үйінде Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова ақын Қайрат Жұмағалиев, Әнес Сараев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты елімізге белгілі бір топ адамдар отыр. Ішінде сол кездегі Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері марқұм Қаратай Тұрысов ағамыз да бар екен. Мен үйге кіріп келгенде Қаратай аға Шерағаңа қарап: «Мына жігіт кім?» деп мені сұрады. Шерағаң, «Бұл Жаңаарқаның азаматы, Мағжан деген ініміз?» деп таныстырып жатты. «Ой, Шераға мен Қаражал қаласында он жылдан аса бірінші хатшы болдым, сондықтан Жаңаарқаны беске білемін» ғой деді. Сәлден соң Қайрекең маған қарап, «Бауырым, сен Нұрбай батырдың ұрпағы емессің бе?» деді. Иә, «дедім» мен. «Ендеше саған беретін бағалы сыйлығым бар, бірақ ол өте қымбат тұрады» деді, жымиып күліп. Бұл не сыйлық деп іштей ойланып мазам кеткен мен, үзіліс кезінде Қарекеңнен «Аға манағы сыйлығыңыз туралы айтпайсыз ба?» деп сұрадым тағатсызданып. Менің жүзіме ойлана көз тастаған Қаратай аға «Айналайын, менде сенің Нұрбай батыр бабаңның Шажағай өзенінің жағасында Қопай деген төбенің басында орналасқан мазарының суреті бар еді. 1960 жылдары Қаражал қаласының бірінші хатшысы болып жүргенде археолог Әлкей Марғұлан Ортау, Ақтау өңірінде қазба жұмыстарын жүргізгенде көп кесенелердің ішінен тас белгідегі арабша жазудың негізінде Нұрбай батыр зиратын тауыпты. Әлкей Марғұлан мені биік төбенің басында салынған батыр зиратының басына арнайы апарған еді. Ол кезде ФЕД-3 фотоаппаратымен татар жігіті Нұрбай батыр мазарын суретке түсірген болатын. Сол сурет менде үйде сақтаулы бір келіп алып кетерсің», деді Қарекең. Кейін мен бір айдан кейін суретті Қайрекеңнен аттай қалап алған едім. Міне, батыр бабамыздың қайда жерленгендігі туралы тағы бір нақты екінші дерек осы. Сондықтан, Нұрбай бабамыздың мазары Ерейментауда, Шет ауданында жатыр немесе Қодан Жетімеков ақсақал Нұрбай батырдың жерленген жерін көрсетіпті деген сөз жаңсақ. Бұл жерде өзі де геолог болған 15 жылдан аса Қаражал қаласының бірінші хатшысы қызметін атқарған Қаратай Тұрысов ағамыз да Нұрбай батыр зиратының Шажағай өзенінің бойында орналасқандығын нақтылы айтып отырған жоқ па? Бұл Нұрбай батыр бабамыздың қайда жерленгендігін айғақтайтын тағы бір нақтылы дәлел емес пе?

СУРЕТТЕ: Қаражал өңіріндегі Шажағай өзенінің жағасындағы Қопай төбесінің басында орналасқан Нұрбай батыр кесенесі. Сурет 1962 жылы шілде айында түсірілген (Қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың маған берген суреті осы).

Арғын Нұрбай батыр – бір топтың немесе бір рудың батыры емес. Ол бүкіл қазаққа ортақ халық батыры. Тарихта «шеже көз» Нұрбай батыр атымен даңқы шыққан ол азаттық байрағын биік ұстап, елдің бостандығы, жеріміздің жау қолында кетпесі үшін жоңғар мен қалмақтардың шабуылына тойтарыс жасап, басқыншыларды жерімізден түре қуып шыққан азулы ер, айтулы қолбасшы болған. Бұл айтқанымызға нақты дәлел, Нұрбай батырдың ерлігі, қаһармандығы, өжеттілігі жөнінде халық аузында жатталып қалған дастан-қиссаның табылуы. Бұл үлкен олжа, әрине. 1942 жылы белгілі ғалым Бұқара Тышқанбаевтың құрастыруымен халық аузында қалған батырларды дәріптеген «Тосын толғау» атты кітап жарық көрген. Кітаптың ішіне ел аузынан алынған Қарға, Есім сері қиссалары кірген. Бұл кітаптың алғашқы нұсқасында Нұрбай батыр дастаны болған екен. Бірақ, ұлт батырын тым көп дәріптеген деген желеумен «цензура» кітапқа Нұрбай батыр дастанын кіргізуге рұқсат бермеген. Мен мұны ақын Оразақын Асқар ақсақалдың тауып беруімен қырқыншы жылдары баспада корректор болып қызмет істеген, сексен жасқа келген Дәмеш апайдың өз аузынан 1985 жылы естіген едім. Ол кісінің қолында Кіші жүздің Сөлтек, Тотай сияқты белгісіз қазақ батырларымен бірге, Нұрбай батыр туралы қиссаның қол машинкамен басылған шамалы беттері қалған екен. Толық нұсқасын таба алмады. Міне, сол дастанның қолда барын төменде шамалы үзіндісін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қаһары өткен жер көктен,

Семсерін сілкіп селдеткен,

Еңкеймеген дұшпанға,

Астындағы «Тасқара»,

Жүйрік болған құстан да,

Тасты тесіп семсермен,

Қазандай тасты төңкерген,

Жау келсе егер кенеттен,

Өшпенділігі өртенген,

Айдарлы ел Арғында,

Нұрбай деген ер өткен…

…Шікірден бермен өткенде,

«Қушыққа» келіп жеткенде,

«Қосқолтық» төбе етегін,

Қалмақтың бір топ әскері,

Түн қатып бір күн жатқанын,

Нұрбай батыр білгенді.

Сақтандырып бар маңын,

Мініп ап, қара тұлпарын,

Шажағайдан шаңдатып,

Әскерімен кеп жетті,

Қақтығыс бірден басталды,

Найза, қылыш жарқылдап,

Бұлт торлады аспанды,

Қос қолдап ұстап найзасын,

Ортада жаудың қалғанда,

Нұрбай батыр, ер жүрек,

Қаймықпады қашпады,

Семсермен топты бұзғанда,

Сегізін бірден құлатты,

Қайта айналып, соққанда,

Тоғызын тағы сұлатты…

Тұтас халықтың абырой, беделін көтерген, дарабоз батырлардың есімдерін бүркемелеп, оны санадан сызуға, ұмыттыруға күш салған заман енді келмеске кетті. Әсіресе, ұлтарақтай жер үшін жанын пида еткен батырларымызға деген халқымыздың ішкі рухын ешкім өлтіре алған жоқ. Ол бүгінгі күнге дейін жетті.

Жоғарыда Омбы архивінен және дастаннан алынған деректерде тайға таңба басқандай етіп айтылғандай, «Қосқолтық» төбесінің етегінде Нұрбай бабамыз қалмақтармен соғысқан. Нұрбай батыр байрағы тігілген. Яғни, табаны тиген жер. Сондықтан, тарихтың тәбәрігі ретінде батырдың ұрпақтары Нұрбай Алтайұлына арналған белгі тасты 2017 жылы (Ақтүбек ауылынан 20 шақырым, тас жолдан 200 метр жерде) Қосқолтық төбесіне қойды. Өйткені, 2030 жылдан бастап, төрт жолақты Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды тас жолы салына бастайды. Осы жолмен күніне 10 мың машина өтетін болады. Яғни, 10 мың адам белгі тасты күн сайын көреді деген сөз. Сондықтан Нұрбай батыр бабамызға қойылатын тас белгі қалтарыста, тасада, жұрттың аяғы жетпейтін жерде қалмағандығы өте орынды. Мысалы, түркі халықтарының бабасы Күлтегінге арналған үлкен тас белгі Енесей өзенiнiң бойы мен қазiргi Моңғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батордың батысындағы 400 километр жердегi Орхон өзенi бойындағы Кошо-Цайдам ойпатында орналасқан. Бұл ойпаттан жеті жаққа жол шығады. Сондықтан Күлтегін бабамызды жеті дүние танысын деген ниетпен тас белгі осы жерге қойылған. Демек, барша қаймана қазақтың, Орта жүз арғындарының қастерлі баһадүрі Нұрбай батыр белгі тасының барша елдің көз алдында тұруы бүгінгі тіпті бізден кейінгі ұрпағымызға «мен Нұрбай батырдың қанынан жаратылғанмын» деген патриоттық, әрі мақтаныш сезімін оятады.

Кейбір деректерге қарағанда, Нұрбай батыр 120-дай ұрыстарға қатысып, 29 ірі шайқастарды басқарған және жекпе-жек шайқастардың бәрінде де жеңіске жеткен қолбасшы. Шажағайдан бері Қарағаш орманына жауды жібермеймін деп «Қосқолтық» төбенің етегіндегі шайқаста қалмақтарды ойсырата жеңді. Сөйтіп, сол жердегі биік шоқының басына Нұрбай елінің белгісі – бөрілі байрағы тігілген. Бұл жеңістен соң Нұрбай бүкіл Алтай руының ұранына айналды. Сондықтанда осы «Қосқолтық» төбесінің етегіне батыр Нұрбай Алтайұлына арнап, белгі тас қойылуы бабамызға жасалған құрмет пен тағзым деп білеміз. Ал, «Қосқолтық» төбе етегінде қасықтай қаны қалғанша қалмақтармен айқасып, азаттықтың аспанына бұлт торлатпаған батыр Нұрбай бабамыздың «Тасқара» тұлпарының үстінде найзасы жарқылдап, семсері серпіліп, шоқпары шытырлап, садағы серпілді емес пе? Демек, сол Қосқолтық төбесі етегінде Нұрбай батырдың ерлік пен қаһармандық рухы жатыр. Олай болса, белгі тасты сол биікке қою арқылы батыр бабамыздың даңқын мәңгілік жүрегімізде сақтайтын боламыз. Енді орайы келгенде айтайық дегеніміз, жақында облыстық онамастикалық комиссияның шешімімен Нұрбай батырды мәңгілік есте сақтау мақсатында Жаңаарқа ауданының Атасу кентіндегі бір көшенің аты берілді. «Рухани жаңғыру» аясындағы мұндай игілікті істі барша жаңаарқалықтар қуанышпен қарсы алды.

Мағжан Садыханұлы,

филология ғылымдарының кандидаты, журналист.

Басқа материалдар

Back to top button