Ресми

Қарғын қапы қалдырмас үшін

Аймақта қарғынға қамданыс басталғалы біраз болды. Тілсіз жаудың бірі – қызыл судың қауіпі кейінгі жылдары еліміз бойынша күшейіп тұрғаны шындық. Бүгінде облыста тасқынның алдын алу үшін төтенше жағдайға қарастырылған резерв – 4,3 млрд. теңге. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановтың мәлімдеуінше, 3371 тонна жанар-жағармай, 78 мың тонна инертті зат, 68 мың дана қап дайын. Негізгі су қоймаларындағы қардың үлесі мен одан су жіберу назарда. Дегенмен, аймақтың бар өңірінде бақылау күшеюі тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа аппарат мәжілісінде төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов баяндады.

Елді мекендерден 461 мың текше метр қар шығарылған. Жұмыс жалғасуда. Департамент басшысы бұл орайда Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран қалалары белсенді екенін атады. Басқа әкімдіктерге жұмысты жандандыру міндеті тұр. Қазір өзен, су қоймалары қысқы жағдайда. Бірақ басты су қоймаларда санитарлық су жіберу басталды.

Нұра-Сарысу бассейні инспекциясының мәліметінше, су қоймаларының кейбіреуінде су мөлшері былтырғыға қарағанда көптеу. Атап айтқанда, Самарқант су қоймасындағы су үлесі 81% шамасында. Ынтымақта 68, Шерубай Нұрада 74%. Ал су қоры Нұрада 23 пайызға кем, Шерубай-Нұрада 19 пайызға, Тоқырауында 20 пайызға артық болып тұр. Мұздың қату тереңдігі 57 см-ден бастап, 157 см-ге дейінгі аралықта екен.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Ынтымақ су қоймасынан секундына сегіз текше метр, Самарқанттан секундына үш текше метр су өзенге жіберілген.

– Басқару ұйымдары үшін тасқынға қатысты жұмыс алгоритмі жасалды. Елді мекендерді аралау басталады. Елді мекендер үшін төтенше жағдай туындағанда басшылыққа алатын нұсқаулықтар әзірленді. Ең бастысы, оған дейін барлық елді мекендер арықтардың, нөсер кәріз желілерінің жағдайын тексеруі тиіс. Оны тазалап, түсіндіру жұмыстарын қолға алуы керек. Сонымен қатар, елді мекендер, нысандар маңынан траншеялар тартылып, онда орналасқан гидротехникалық құрылымдарға кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілуі қажет, – дейді Мұрат Қатпанов.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы, Нұра аудандары әкімдеріне қарғынға дайындықты бақылауда ұстауды тапсырды. Өйткені, бұлар әзірлігі әлсіздеу аудандар тізімінде.

Ал Қарқаралы ауданы әкімі Ерлан Құсайын қарғынның алдын алу үшін жұмыстың тиянақты, үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтады.

– Аудан аумағында елді мекендердің жолын тазалау мақсатында 26 мердігермен келісімшарт жасалған. 54 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінде 7 жарым мың текше метр қар шығарылды, – дейді аудан әкімі.

Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов аудан аумағынан 2000 текше метр қар шығарылғанын мәлімдеді.

– Ауданда қар шығару жұмысы қолға алынған, тоқтаусыз жүріп жатыр. Демалыс күндері де бұл бағытта дамыл жоқ. Техникалар әлі де жұмылдырылады, – деді Бақытжан Мұқанов.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмысты одан әрі жалғастырып, ұдайы назарда ұстау қажеттігін ескертті.

– Су тасқыны, ең алдымен, Қарқаралы, Шет аудандарында басталады. Сондықтан сіздерден жоғары жауаптылықты талап етемін, – деді аймақ басшысы. Тиісті құзырлы орындарға міндеттер жүктеліп, нақты тапсырмалар берілді.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button