Қар суынан қатер бар ма?
Биыл Арқаға қар қалың түсті. Ауа температурасы нөлден көтеріліп, қар еритін кез де жақын. Осыған орай облыс аумағындағы су тасқыны болуы ықтималдылығы жоғары өңірлерді аралап, қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары басталды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов алдымен Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин кентіне, Садовое және Чкалово ауылдары, сондай-ақ, Ақтау кентіндегі Мырза станциясына барды.
Қазіргі таңда су өткізгіш құбырларды қардан тазартуға, өзен арналарының бойында орналасқан елдімекендер маңындағы қорғаныш біліктері мен габиондардың жай-күйін тексеруге ерекше назар аударылуда.
Бүгінде Қарағанды облысының 95% аумағы қар астында жатыр. Барлық өзендер мен су қоймалары қысқы режимде.
Елдімекендердің аумағындағы су жіберу құбырлары мен оның аумақтарын қардан тазарту, инертті материал дайындау жұмыстары жалғасуда.
– Осы аптаның соңына дейін автожолдардың учаскелеріндегі барлық құбырларды, су өткізу құрылыстарын, көпірлерді тазалау жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Қазір аумақтарды аралап, әр учаскенің жай-күйі нақтыланып жатыр. 20 наурыздан кейін тікұшақпен аралауды бастаймыз, – деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Нұра өзенінің арнасын Ертіс-Қарағанды каналынан Қарағанды-Павлодар жолындағы автожол көпіріне дейін арнайы барып, тексеріп шықты.
Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Бақтияр Санбаевтың айтуынша, өткен жылы мұнда арнаны 2,4 шақырым бойы санациялау, тазарту, тереңдету және кеңейту жүргізілген. Өзеннің ені 20 метрден 100 метрге дейін ұлғайтылып, өсімдіктер орылыпты.
Ал, Садовое ауылындағы қорғаныс үйіндісі 2017 жылы тұрғызылған. Араға екі жыл салып, жер үйіндісін нығайту жұмыстары да жүргізіліпті. Чкалово ауылында бөгет білігі тұрғызылып, габиондар орнатылған. Еріген су Мырза станциясындағы үйлерге өтпеуі үшін өткен жылы су өткізгіш құбырларды тазартуға баса назар аударылды.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аралау барысында Ғабиден Мұстафин кентіндегі көпірді қайта құру жұмысын да мұқият тексерді. Өйткені, көпірді сапалы қайта құру – аса маңызды. Неге десеңіз, жақын маңдағы ауылдармен, аудан орталығымен қарым-қатынас жасауда бұл көпірдің атқарар міндеті үлкен.
Гидротехникалық құрылыс облыстық маңызы бар Қарағанды-Теміртау-Токаревка автожолында орналасқан. Бұл көпірдің салынуын тұрғындар көптен бері күткенін айта кету керек. Бүгінгі таңда мұнда тікелей жол жоқ. Жаңа автомобиль көпірі бұрынғысымен салыстырғанда 30 метрге ұзын және биіктігі 2 метрден жоғары болмақ. Бұл судың көпір астынан көп көлемде өтуіне мүмкіндік береді. Көпір – жақын елдімекендерді байланыстыратын маңызды нысан. Құрылыс биыл аяқталуы тиіс.
Облыс әкім Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге барлық жұмыстардың бекітілген мерзімінде аяқталуы тиіс екенін айрықша ескертті.
Алдағы уақытта Ермағанбет Қабдулаұлы Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандары аумағындағы су тасу қаупі бар жерлерді аралауды жоспарлап отыр.
Өз тілшімізден.