Қар күреуге қамданыс
Кешелі-бүгінді даланы ақ көрпе қымтап, арасында борандатып, Арқа жеріне де қылышын сүйреткен қыс келді. Табиғаттың бұл мезгілі мен оның тосын мінезіне Бұқар жырау ауданының коммуналдық қызмет саласы да тастүйін дайын.
Атап айтқанда, алдағы қыс айларында 1,5 мың шақырымнан астам жолдарды қардан тазалау міндеті тұр. Бұл жұмыстарды орындау үшін 17 арнайы техника мен көктайғаққа қарсы 15 тонна материал әзірленген.
Бұл ауданның аумағынан республикалық маңызы бар 413 шақырым және облыстық маңызға ие 483 шақырым жолдар өтеді. Осы жолдарды қақаған қыс ішінде күтіп ұстау мақсатында мердігер ұйымдар анықталып, «Қазавтожол» ЖШС-нің 45,46,48 жол пайдалану бөлімшелері жұмылдырылған.
Аудан ішіндегі ауылдық жолдарды да қыс мезгілінде күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, көп ауылдар техникамен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар, грейдинг, су өткізгіш құбырларды тазалау мен су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша да дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оған қосымша даярлық барысында мердігерлер көпірлер мен құбырларды да қардан аршып, тазартатын болады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.
Ortalyq.kz