Қар екі ауысымда тазаланады
Қарағанды түскен қарды тазалауға сақадай сай. Одан бөлек, автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға дайындық белсенді жүргізілуде. Қарағанды әкімдігінің хабарлауынша, барлық жұмыстар бірнеше негізгі кезеңдерге бөлінген. Ал, қауіпсіздік әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін арнайы күш пен құралдан кемдік жоқ. Жұмыстар екі ауысымда жүргізіледі.
Бүгінгі күні Қазыбек би атындағы аудан бойынша күндізгі ауысымда 110 мамандандырылған техника жұмыс істейді. Сондай-ақ, жүзге тарта жұмысшы бар. Олар жол бойындағы қарды тазалайды. Ал, түнгі ауысымдағы жұмыс үшін 30-35 арнайы техника бөлінген және елуге тарта жұмысшы бар. Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы техниканың негізгі бөлігі түнгі ауысымда. Бірақ, мұның барлығы қардың түсуіне байланысты.
Көктайғақпен күресу үшін инертті материалдардың қажетті қорлары дайындалғанын да айту керек. Қазірдің өзінде Қазыбек би атындағы аудан бойынша 220 тонна құм-тұз қоспасы себілген. Жалпы, аталған аудан аумағында автомобиль жолдарын күтіп ұстау, сондай-ақ, қала көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қыс мезгілінде 220-дан астам техника дайын.
Негізгі техниканың ішінде механикаландырылған жол-құрылыс жұмыстарына арналған 28 машина, 26 МТЗ тракторы, 21 фронтальды тиегіш, 16 табанды тиегіш, 10 грейдер, 120 түрлі техника, сондай-ақ, 160 жол жұмысшысы бар. Жұмыстар екі ауысымда жүргізіледі. Ал, қалың қар жауған жағдайда жүк көлігі, грейдерлер мен тиегіштерді қоса алғанда, қосымша 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылатын болады. Одан бөлек, техниканы жалға алу да қарастырылған.
11 қарашада Әлихан Бөкейхан ауданының автомобиль жолдарын қардан аршу және тазалауға 55 мамандандырылған техника мен 50 жұмысшы жұмылдырылғанын айту керек. Атап айтқанда, жүріс бөлігін сыпыру, құм-тұз қоспасын себу және аялдама қалталары мен кіреберістерді тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда аталған аудан бойынша 800 тоннадан астам құм-тұз қоспасы себілді.
Қала бойынша көктайғақпен күресу үшін инертті материалдардың қоры жеткілікті. Қазірдің өзінде 13 мың тонна құм-тұз қоспасы сатып алынды. Сондай-ақ, тағы 10 мың тоннаға тапсырыс берілген. Бір маусымда 25 мың тонна құм-тұз қоспасы себіледі деген болжам бар.
Жауапты мердігер ұйымдар көктайғаққа қарсы материалдарды сатып алуды жалғастыруда. Сондай-ақ, мамандандырылған техниканы дайындау аяқталды. Оның ішінде 2 автогрейдер, 5 МТЗ тракторы, 2 МДК және 1 табанды тиегіш сатып алынды.
Жұмыстар жүргізілуі тиіс жолдардың жалпы ұзындығы – 417 шақырымды құрайтын 185 көше және 210-нан астам орамішілік өтпе жолдар. Сондай-ақ, ұзындығы 183 шақырым болатын жаяу жүргінші жолдары бар.
Қазыбек би ауданының аумағында екі қар полигоны жұмыс істейді, оларға қарды тиімді кәдеге жарату үшін мердігер ұйымдар бекітілген.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz