Қарқаралы округ болмай тұрып-ақ қазақтардың мекені болған
1826 жылы Қарқаралы округіне зерттеу мақсатымен келген шет елдік ғалым Мейердің күнделігі Қарқаралыны округ орнықпай тұрғаннан қазақтар мекен еткенін растайды.
1826 жылдың 26 шілдесінің кешінде ғалым Мейер Семейден Қарқаралыға бет алады. Мейер қаладан шығар күні Қарқаралыдан үрейлі хабар жетеді. Қырдағы мал арасында сібір күйдіргісі тағы да тарай бастапты. Сонымен бірге, Қарқаралы маңайында орыс әскері 2 мыңдай қазақтармен қақтығысып қалған. Күйреген қазақ қолының қалдықтары бұларға жол бойында кездесу қаупі Семейден Шыңғыстау арқылы Қарқаралыға жеткенше сейілмейді. Мейер Семейге Ресей астаналары арқылы ғылыми экспедицияның құрамында жеткен.
1826 жылы Алтай мен Шығыс Қазақстанның флорасын зерттеу мақсатында Алманияның Дерпт университеті құрамында ғалымдар К.Лебедур, А.Бунге, К.Мейер бар ғылыми экспедиция ұйымдастырады. Ғалымдардың күнделіктері 1829-1830 жылдары Берлинде неміс тілінде жарық көрген.
Мейер Семейден шыққан күннен төрт апта бойы дала кезіп Қарқаралыға 26-шы тамызда жетіп құлайды. Жергілікті молла Саллик Сагитич диоптаздық рудникке дейін жол басшы болуға келіскен. Молда Салликтің шыққан тегі татар, 30 жылдан астам осындағы қазақтармен тұрады, Қарқаралының жер-суын жақсы біледі, ертеректе Шангин мен Вяткиндерге жол көрсеткен. Қарқаралыға кім келіп, кім кетпеген. Молданың мәліметі бізге Қарқаралы отарлаушы округ құрылғанға дейін XVIII қазақтардың байырғы тұрақ мекені болғанынан хабар беріп тұр.
Марат АЗБАНБАЙ
Автордың «Қарқаралының көне тарихы Архив құжаттары байырғы заң мəтіндерімен салыстырылуы тиіс» атты мақаласынан.