Қарқаралының ежігей құрты сырт елге экспортталуда
Агросалада серпіліс бар. Соның бір айғағы – ауыл өнімінің сауда нарығына шығуы. Онымен қоса, құнары мол картоп пен Арқа даласының ет өнімі сырт елге экспортталып жатыр. Бір айтары – аймағымызда ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейінгі тұтас өндірісті толығымен жолға қойған кәсіпорындар бар.

Нәтижелі «Нәтиже»
Солардың бірі – сапа көрсеткішімен көш бастаған қарағандылық бренд «Нәтиже» сүт өнімдері кәсіпорны. Бүгінде бұл атау тек Қарағанды үшін ғана емес, еліміздің басқа да аймақтары үшін сапа мен сенімділіктің белгісіне айналды.
Сүт зауыты өз жұмысын 1999 жылы бастаған. Алғашқы кезде кәсіпорын өнімдерін «Балқашсүт» атауымен нарыққа ұсынған еді. Алайда 2003 жылы компания өз жолын жаңа бағытта жалғастырып, «Нәтиже» атты жеке брендін қалыптастырды. Бұл атау зауыттың басты қағидатын – адал еңбек пен таза өнім арқылы нақты нәтиже көрсету ұстанымын білдіреді. «Нәтиже» өнімдерінің ерекшелігі – олардың табиғилығында. Мұнда ешқандай консервант қолданылмайды, сақтау мерзімі де тым ұзақ емес, себебі өнімнің экологиялық тазалығы басты назарда. Сүт тек жергілікті фермерлерден қабылданады. Сиырлар құнарлы жайылымда жайылады. Таза бұлақ суын ішеді. Сондықтан да, «Нәтиже» өнімдері табиғи дәмін жоғалтпай, тұтынушының дастарқанына табиғи қалыпта жетеді.
Кәсіпорын үнемі жаңғыру үстінде. 2011 жылы атақты швейцариялық «Tetra Pak» компаниясының жоғары өнімді жабдықтары орнатылып, сүтті қайта өңдеу цехы толық жаңартылды. Бұған қоса, италиялық технологиялар енгізіліп, өндіріс процесі толықтай автоматтандырылды. Зауыттағы заманауи гомогенизаторлар мен сепараторлар өнімнің сапасына әсер етеді. Мәселен, пастеризация қондырғысы сүттегі зиянды бактерияларды 85 пайызға дейін жояды, ал, гомогенизатор сүттің біркелкілігін сақтап, май
түзілімдерінің бөлініп қалмауын қамтамасыз етеді. Осылайша, айран, қатық, сүзбе сияқты өнімдердің дәмі мінсіз болады. Кәсіпорында сүт қабылдау мен өңдеу жүйесі нақты ғылыми негізде құрылған. Әрбір сүт көлігіндегі басты өнімнен арнайы сынамалар алынып, зертханада тексеруден өтеді. Мұнда өнімнің майлылығы, тазалығы, қышқылдығы анықталып, санитарлық талаптарға сәй- кестігі расталған соң ғана өндіріске жіберіледі. Цехтағы процестердің басым бөлігі компьютер арқылы бақыланады.
Әрқайсының температурасы мен ылғалдылығы автоматты түрде реттеледі. Мысалы, қатық ұйыту үшін 42-46°C, айран дайындау кезінде 22-26°C температура ұсталады. Маусымдық өзгерістерге бұл көрсеткіштер де бейімделеді. Өндіріс үдерісі үздіксіз жүру үшін кәсіпорын басшылығы көлік паркын толық жаңартқан.
Бүгінде 18 тонналық арнайы цистерналар ауыл-аймақтарды аралап, жаңа сауылған сүтті тікелей зауытқа жеткізіп отырады. Бұл – шикізаттың сапасын сақтаудың ең тиімді жолы.
«Нәтиже» зауыты бүгінде 30- дан астам түрлі сүт өнімін шығарады. Барлық өнім табиғи айран ұйытқысымен дайындалып, ешқандай жасанды қоспасыз өндіріледі. Бүгінгі таңда «Нәтиже» өнімдері Қарағанды мен Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана мен Екібастұз қалаларында үлкен сұранысқа ие.
Кәсіпорынның басты жетістігі – дәстүрлі сүт өндіру әдістері мен заманауи технологияны үйлестіре білуінде. Осындай тәсілдің арқасында «Нәтиже» бренді тек өңірлік деңгейде ғана емес,ұлттық деңгейде де сенімге ие болды.
Өнім сапасына, экологиялық тазалыққа және технологиялық тәртіпке ерекше мән беретін «Нәтиже» кәсіпорны – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы табысты жобалардың бірі. Бұл зауыттың жетістігі – адал еңбек пен үздіксіз жаңашылдықтың нәтижесі. Қарағандының «Нәтиже» бренді бүгінде елдің түпкір-түпкіріне таралып, әр үйдің дастарханынан лайықты орын алған.
Қарқаралының құрт-майы
Алысқа ат арытқан бабаларымызға ас болған қазақтың «алты малтасы» тағы да тарихи міндетті атқарып отыр. Қарқаралының әйгілі құрты сыртқы сауда нарығына да шыға бастады. «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Сламбек Қинаят ауылынан алысқа ұзамай-ақ ұлттық дәмді саудалап-ақ, көл-көсір табысқа кенелуде.
Сламбек Қинаят өз ісін бастар алдында облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінген болатын. Ондағылар болашақ кәсіпкерді «Бастау» бағдарламасы бойынша оқуға жібереді. Оқуын тәмамдаған ол бизнес-жоспарын алып, ауыл шаруашылығын қолдау қорына барып, 18 миллион теңге несие алып, Қытайға жол тартқан. Ол жақтан өзіне қажетті, көптен бері ойында жүрген құрал-жабдық әкелді. Қалған ақшасына сүтті 10 сиыр сатып алды. Сөйтіп, тасы өрге домалап, көп ұзамай шағын кәсіпорнынан шарапат сезіне бастайды. Әрине, бәрі де – адал еңбегінің өтемі. Өндірілген сапалы сүттен Сламбек бүгінде тибеттік технологиямен құрттың 17 түрін жаяды. Онымен қоса, май шайқап, ірімшік қайнатады. Бүгінде
Сламбектің цехынан шыққан сүт өнімдеріне Қарқаралы ауданы ғана емес, Қазақстанның өзге өңіріндегі кәсіпкерлер де қызығады. Онымен қоса, Германияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне де құртын жолдайды.
Осыдан алты-жеті жыл бұрын табиғаты тамылжыған Қарқаралыға Біріккен Араб Әмірліктерінен, Германиядан бір топ турист қыдырып келген болатын. Сол кезде шетелдіктер жергілікті кәсіпкердің шағын кәсіпорнында да болып, құрттың қалай жасалатынын, майдың қалай шайқалатынын көріп, таңданыстарын жеткізген. Немістер ежелгі әдіспен алынған сары майдың дәмінтатып, бас шайқаса, араб азаматтары бал татыған құртқа қатты қызыққан екен. Елдеріне қайтарында әлгі саяхатшылар өздерімен бірге бір-бір дорба құрт ала кетіпті. Арада уақыт өтіп, Араб елінен Сламбекке қуанышты хабар жолдапты. Сөйтсе, арабиялық саяхатшылар еліне жеткен соң Сламбектің құрттарын зерттеп, оның 98 пайыз тап-таза табиғи шикізаттан тұратынына көз жеткізген. Содан олар Сламбектің құртын молдап алдырады.
«Қазір жұрт көбіне құртты тұрып қалған немесе сепараторда айырылған көксүттен жасайды. Ал, мен қаймағы алынбаған сүтті қайнатып барып құрт сығам. Содан да болар, менің құртымның дәмі ерекше. Бұдан бөлек құрт құрамына түрлі дәмдеуіш қосамын. Мысалы, Алтай балын қосқан құрттың дәмі, жесеңіз, таңдайдан кетпейді. Жалпы, қоспалар тағам құрамында биологиялық белсенді үстеме қызметін атқарады» дейді кәсібінің құпиясымен бөліскен Сламбек Қинаят.
Кәсіпкердің айтуынша, ең пайдалысы – ежігей құрты. Ол қайнатылған қатық пен сары ірімшіктің қоспасынан дайындалады. Ақуыз ға өте бай. Мұнымен қоса, Сламбек құрт жасауға емдік қасиеті мол өсімдіктерді пайдаланады. Қауын, қарбыз тәрізді жеміс-жидектердің сөлі қосылған құрттың да денсаулыққа әсері мол дейді ол.
«Ертеде ата-бабаларымыз күбіге су құйып, түбіне тас салып қоятын еді. Мен сол тәсілді пайдаланамын. Себебі, мұндай тас сүттің бойындағы зиянды заттарды залалсыздандырады. Егер, сиырда ауру болса, сүтінің бойындағы вирусты тас сіңіріп алады», – дейді тың тәсілімен бөліскен цех иесі. Бүгінде Сламбек ай сайын сауда нүктелеріне 130 келіге жуық сары май мен 100 келіден астам құрт жөнелтіп отырады. Саудаға шығарылар басқа да сүт өнімдері жетерлік.
«Саумал» – әлемдік нарықта
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Eurasia Invest LTD» ЖШС ұн- тақталған «Саумал» бие сүтін ұсынып, әлемдік нарыққа алып шықты. Жарқын жоба. «Саумал» ұнтағы Қазақстаннан бөлек, Қытай мен Ресейге, Германияға да экспортталып үлгерді. Бұл – Осакаров ауданында орналасқан кәсіпорыннан шығып жатқан өнім.
«Саумалды» нарыққа шығармас бұрын Ұлттық ғылыми медициналық орталық құрғақ, яғни, ұнтақ күйге түсірілген саумалдың құрамын зерттеген. Ғалымдар, әсіресе, бұл өнімнің созылмалы бауыр дертімен ауыратындарға ықпалы мен қауіпсіздігіне ден қойған. Зерттеу тәжірибесіне өз келісімімен отыз адам қатыстырылыпты. Олардың әрқайсысына күн сайын екі қасық құрғақ қымыз сумен араластырылып, екі мезгіл беріліп отырған. Бір айдан кейінгі нәтиже көрсеткендей, бұл емдік шараның ешқандай кері әсері
байқалмай, қайта науқастардың сырқаты жазыла бастағаны байқалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, медицинаның жоғары жетістіктеріне қарамастан, бауыр ауруының асқынған түрлерінде оны айырбастағаннан, яғни, трансплантация жасағаннан басқа амал жоқ. Дегенмен, құрғақ қымыз оған дейін біршама уақыт ұтуға көмектесе алады екен. Ақыры не керек, осы ғылыми зерттеулердің негізінде «Saumal» кеден одағының қауіпсіздік талаптарына сәйкестік декларациясына ие болды. Яғни, осыдан барып бұл өнім алыс-жақын шетелдерге экспорттала бастапты.
– Өндірістің әр кезеңі – қатаң бақылауда. Яғни, сүт әр процестен өткен кезде біздің технологтар жіті бақылап, сапасын қадағалап отырады. Сублимация процесі өткен уақытта сүт мұздатылып, кептіріледі. Яғни, бұл – дайын өнім. Содан кейін барып ұнтақты арнайы герметикалық пакеттерге ораймыз. Арнайы
оралған пакеттеріміз өнімнің балғындығына, құнарлығы мен сақтау мерзімінің ұзақтығына мүмкіндік береді, – дейді кәсіпорын директоры Серік Жүнісов.
Зауыт еуропалық жабдықпен жылына 10 тонна саумал ұнтағын шығара алады. Олай болса, біздің өңір құрғақ қымыз өндіруден әлемдегі ең ірі орталыққа айналады.
Ұлттық бренд ұшпаққа шығарады
Қарағанды аймағының агроөнеркәсіп саласы айтарлықтай табысқа қол жеткізіп отыр. Мұны ауыл өнімдерінің ішкі нарықта ғана емес, шетелге де шығуы айқын дәлелдейді. «Нәтиже» сүт зауытының сапа мен сенімділікті қатар ұстанған табысты жолы, Қарқаралының дәмі – құртты әлемдік нарыққа шығарған Сламбек Қинаяттың қажырлы еңбегі, «Саумал» бренді арқылы бие сүтін ұнтақ түрінде экспорттаған «Eurasia Invest LTD» кәсіпорнының инновациялық бастамасы – бәрі де бір мақсатты, яғни, отандық өнімнің өрісін кеңейтуді көздейді. Жоғарыдағы мысалдар ауыл кәсіпкерлігінің әлеуеті зор екенін, ғылым мен технологияны тиімді ұштастырған жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілетті бола алаты- нын көрсетеді. Қысқасы, үш кәсіпорын да ұлттық брендтің қалыптасуына берік негіз қалап отыр.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



