Қарқаралының агроөнеркәсіп саласы үшін биылғы жаз оңай болған жоқ
Өңірдің солтүстік-шығыс және шығыс аумақтарындағы ауылдық округтерде құрғақшылық орын алғандықтан, егін шаруашылығын дамыту түгілі мал азығына жемшөп әзірлеудің өзі оңайға түспеді. Осыған қарамастан, ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері биылғы 9 айда өздері басшылық жасап отырған салада серпінді өсім байқалды деген пікірде.

Ауданда есепті мерзім ішінде жалпы құны 46,7 миллиард теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, оның нақты көлем индексі 101,4 пайызды құраған екен. Соның ішінде, өсімдік шаруашылығының табысы 14,6 миллиард теңге, мал шаруашылығында 32,1 миллиард теңге. «Қазақ жері – мал кіндігі, ұлт меншігі» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан көрегендікпен айтқандай, ауыл шаруашылығының егіншілікте кеткен есесін мал өнімдері қайтаруда.
Биыл Қарқаралы өңірінде құны 3,9 миллиард теңге тұратын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланыпты. Мал бордақылау алаңын ашуға екі жоба, бір-бір жоба ет өңдеу мен суармалы егістік алқапты іске қосуға бағытталған. Атап айтқанда, Темірші ауылдық округіне қарасты «Мағаз» шаруа қожалығы – 100 басқа арналған, жылына 50 тонна ет өндіретін қуаты бар, құны 100 миллион теңге тұратын мал бордақылау алаңы. Шаруа қожалығы қаражатты өз есебінен жұмсамақ. Қазіргі таңда мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары аяқталды, онда 50 бас жылқы бордақылануда. Яғни, жоба іске қосылды. Тегісшілдік ауылдық округі аумағындағы «Қарынши» ЖШС – мұнда құны 250 миллион теңге тұратын, жылына 50 тонна ет өңдейтін жоба іске қосылды. Серіктестік былтыр Айнабұлақ қыстағында өз қаражаты
есебінен 1800 бас қой, 300 бас жылқы, 100 бас сиыр бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарын жүргізді, үш мал бордақылау және мал сою алаңы салынды. Шаруашылықта қазір 541 бас сиыр, 1,5 мың бас жылқы және бес мыңға тарта қой-ешкі бар.
Биыл кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес бюджеттен 185,7 миллион теңге қаражат бөлініп, Айнабұлақ қыстағына дейін 14,7 шақырымдық жоғары кернеулі электр желісі тартылып, іске қосылды. Бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтар (өндірістік тоңазытқыш, вакуумдық орау, жартылай фабрикаттар шығаратын цех) сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Алты адам жұмыс істейтін жобаны желтоқсанда іске қосу жоспарлануда. Н.Әбдіров ауылдық округіндегі «Атамекен» шаруа қожалығында биыл 160 гектар қосымша суармалы алқап іске қосылды, ол жұмыс жасап тұр. Екі адам жұмыс істейтін жобаның құны – 250 миллион теңге. Н.Нұрмақов ауылдық округіндегі «Атамұра Табыс» ЖШС-де 5000 бас малға арналған бордақылау алаңын құру үшін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның құны 3,3 миллиард теңге болса, оның 1,2 миллиард теңгесі серіктестіктің өз қаражаты есебінен, 2,1 миллиард теңгесі бюджеттен. Қазір шаруашылықта 550 бас сиыр және 330 жылқы бар.
Қазір мал бордақылау алаңдарына асыл тұқымды бұқашықтар сатып алу үшін аудан шаруашылықтарымен келіссөздер жүргізуде екен. 2026-2027 жылдары өңірде бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Қарқаралы қаласында «Ірі қара мен жылқы терісін тереңдетіп өңдеу бойынша цехын салу жобасы». Іске асырушы – «Бизнес партнер Астана» ЖШС. Жобаның құны 700 миллион теңге, оның 200 миллионы серіктестіктің өз қаражаты болса, 500 миллионды Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі бойынша 2,5 пайыз өсіммен он жыл мерзімге мемлекеттен сұрап отыр. Қазіргі таңда жер телімі және жер актісі алынып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Электр жарығын қосуға техникалық шарттар жасалды. Енді сараптама қорытындысы күтілуде. Қарқаралы қаласында мал сою алаңын және ет өңдеу цехын ашу жобасының құны – 85 миллионтеңге. Қуаттылығы – күніне 15- 20 бас мал. Қазіргі уақытта жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Шарықты ауылдық округінің «Мустафин Ақбай» шаруа қожалығында 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын және ет өңдейтін цех салынады. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы электр желісін тартуға жобалық-сметалық құжаттар дайындауда бүгіндері. Мал бордақылау алаңының құрылысы басталды.
Аталған инвестициялық жобаларды Қарқаралы ауданы аумағында іске асыру өңірдің салық базасын нығайтуға, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қайта өңдеу көрсеткіштерін ұлғайтуға, сондай-ақ, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
– 2025 жылдың 1 маусымына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 3 ауыл шаруашылық кооперативі және 40 жеке кәсіпкер 372,8 миллион теңге көлемінде несие алып, жеке шаруашылықтарын, бизнестерін дамытуда. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және оларды тиімді жұмыс істету мақсатында пилоттық жоба ретінде 5 ауылдық округте 8 ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды. Бұл бастама ауыл шаруашылығын дамытуға, жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, Қарқаралы қаласында өндірістік кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Құрылысты «Колесо Групп» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны – 95 миллион теңге. Кешен аудан кәсіпкерлеріне шығаратын өнімдерін өңдеп, сатуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, аграрлық саланың өндірістік қуатын арттырып, нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік тудыра ды, – дейді Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің
басшысы Айдын Қасымов.
«Жайлау» бағдарламасы аясында маусымдық мал жайылымын ұйымдастыру және тұрғындар малын жайлауға шығару үшін Қ.Аманжолов және Қаршығалы ауылдық округтеріне 10 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, 2 вагон сатылып алыныпты. Қарқаралы өңірінде биылғы көктемде 34,2 мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымы себілді. Оның ішінде, 18,5 мың гектарға бидай, 13 мың гектарға арпа, 2,6 мың гектарға сұлы, 0,2 гектарға қара бидай егілген еді. Мал азығына арналған дақылдардан 2,1 гектарға көп жылдық, 5,9 гектарға бір жылдық шөп себіліп, 19 гектарға картоп отырғызылыпты.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қарқаралы өңірінде ауа райының қолайсыз болуына байланысты егін орағы науқаны қазіргі таңға дейін аяқталмай тұр. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 11 шаруашылық 218 тонна дизель отынын алу үшін келісімшартқа отырыпты. Дизель отыны Қарағандыда орналасқан «Retail Oil Trade» және «Мұнай-Company» ЖШС арқылы литрі 250 теңгеден босатылуда екен. Ауданда ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 1,512 миллиард теңге тұратын 115 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл жоспарланған 178 техниканың 64,6 пайызы. Сатып алынған техникалардың 68-і – трактор, 10-ы – ірі жүк тиегіш, 32 дана шөп шапқыш, тайлағыш, тырма, КУН, 1 комбайн, 4 тіркеме және басқа да қосымша жабдықтар бар көрінеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарқаралы ауданы



