Спорт

Қарқаралыдағы шаңғы сайысы мәресіне жетті

Қара жердің бетін қар жапқан сәттен қарқаралылықтар шаңғысын сайлайды. Қыс бойы тау бөктері, орман алқабында шаңғы теуіп, сейіл құру – жергілікті жұрттың қалыптасқан дағдысы. Бұған қоса, түрлі жарыстар ұйымдастырып, өзара күш сынасу да игі дәстүрге айналғалы қашан. Сол бастамалардың бірі – жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін «Қыс мерекесі» спорттық сайысы. Аталған спорттық сайысқа аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Иксанов қатысып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Биылғы турнир спорттың алты түрін қамтыды. Шаңғы жарысы жыл сайын оқушылар мен ересектер арасында жас ерекшеліктеріне қарай жекелей өтетін. Биылғы бағдарламаға командалық сайыс түрі де қосылыпты. Одан бөлек, қатысушылар турнир аясында конькимен сырғанау, шаңғы жарысы, арқан тартыс, алыптар айқасы сынды спорт түрінен де сынға түсті.

– Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – жастарды спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту. Осы тұрғыдан алғанда, табиғаттың ерекше сыйы саналатын Қарқаралы өңірі – спортпен шұғылдануға таптырмас мекен. Жылдың төрт мезгілінде де көркі көз тартатын бұл өлке, әсіресе, қыстың шуақты күндерінде шаңғы тебуге айрықша қолайлы. Сондықтан, салауатты өмір салтын серік етіп, спортпен тұрақты түрде айналысуға шақырамыз, – деді Нұржан Ағыбайұлы.

Шаңғы жарысы қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі қашықтықта ұйымдастырылды. Биыл жарысқа қатысқан командалар саны әлдеқайда артып, бәсекелестік күшейген. Солардың қатарында жыл сайын «Қыс мерекесін» асыға күтетін жандардың бірі – Амангелді Баймейрамбеков те бар. Ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарып, бүгінде зейнет демалысында жүрген ардақты ардагер. Сөйте тұра, спорттан күні бүгінге дейін қол үзген емес. Былтыр да шаңғы жарысынан ардагерлер арасында үздік шығып еді. Биыл да қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

– Спортпен 25 жылдан бері үзбей айналысып келемін. Оның ішінде, шаңғы спорты жаныма жақын. Қыс келсе болды, шаңғы тебуге асығамыз. Былтыр да осы турнирге қатысқантынмын. Бүгінде Қарқаралының қысқы спортын дамыту жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Қазір аудан жастарының бос уақыты жоқ. Жұмыстан қолы қалт етсе болды, орманға келіп, шаңғы тебеді. Өзімнің екі балам бар. Ұлым әскерде. Ал, қызым – студент. Екеуі де кішкентайынан шаңғы теуіп өсті. Қызым ауылға демалысқа келген сайын міндетті түрде шаңғы теуіп, таза ауада бір демалып қайтады, – деді Амангелді Қадырұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша әр спорт түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке-жеке анықталды. Ал, сайыс соңында жалпыкомандалық есепте үздік шыққан командаға да жүлде табысталды. Қоржынына үш алтын және бір күміс жүлде салған М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжінің құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды.

– Биыл ұжымнан тоғыз спортшы келді. Барлық спорт түрінен өнер көрсеттік. Шана сүйреу мен алыптар айқасынан – І орын иелендік. Командалық эстафетадан ІІ орынды қанжығаласақ, жекелей сында, оның ішінде 30 жасқа дейінгілер арасында тағы бір алтынды қоржынға салдық. Арқан тартыстан – IV орынға табан тіресек, тюбинпен сырғанаудан өкінішке қарай жүлдегерлер қатарына енбедік, – деді команда мүшесі Қасым Қайырбек.

Турнир шартына сәйкес шанамен сырғанау сайысына әр командадан екі ер және бір әйел қатысуы керек. Ереже бойынша әйел адам шанаға отырса, ер адам оны өрге қарсы 50 метр қашықтыққа сүйреп шығуы тиіс. Бұл спорт түріне де қатысушылар саны көп болды. Соған байланысты төрешілер қатысушыларды үш лекпен жіберіп, әрқайсының уақытын есепке алған. Нәтижесінде, берілген қашықтықты ең аз уақытта жүгіріп өткен команда – чемпион. Аталған сайыста Қасым Саятұлы жоғары нәтиже көрсетіп, өз командасының қоржынына алтын жүлде салған.

– Біз бұл турнирге жыл сайын қатысамыз. Былтыр да командалық есепте үздік шықтық. Ал, өткен жылы күміс жүлдеге қол жеткізген болатынбыз. Биыл команда құрамына өзгеріс енгізіліп, қыздар құрамы жаңарды. Ерлер құрамы бұрынғы қалпында сақталды. Биылғы турнирге командалық шаңғы эстафетасы бірінші мәрте енгізілген. Соған қарамастан, біздің команда мәре сызығына екінші болып келді. «Алты жүлде аламыз» деп ниеттеніп едік, дегеніміз болы, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button