Қарқаралыдағы дала өрті: бір науқастың жағдайы ауыр
Қарқаралыдағы өрт көпшілікті алаңдатып отыр. Қазіргі таңда өртті сөндіру үшін 562 адам мен 81 техника жұмылдырылған. Аудан әкімі Әділжан Арғынов сағат 11:00-дегі жағдай бойынша мәлімдеп, әлеуметтік желіге жазба қалдырды. Одан бөлек, Шөптікөл ауылында дала өртін сөндіру кезінде бес адам зардап шекті. Науқастардың жағдайы жайлы Профессор Х.Ж.Макажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Тулеубаев айтып берді.
Аурухана басшысы өз сөзінде:
– Зардап шеккен бес науқастың төртеуінің жағдайы тұрақты. Бесінші науқастың жағдайы ауыр. Денесінің 35%-ын күйік шалған. Жансақтау бөлімінде жатыр. Барлық зардап шеккендерге ауруханада барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген, – деді ол.
Ал, аудан әкімі:
– Өртті сөндіруге 562 адам мен 81 техника жұмылдырылған. Құтқарушылар азық-түлікпен, сумен қамтамасыз етілді. Техникалар үшін жанар-жағармай толық көлемде жеткізілді. Сондай-ақ, аудандағы азық-түлік дүкендерінде қажеттінің бәрі бар. Кез келген техника елді мекендерге оңай жетеді. Өрттің аумағы ұлғайып жатыр. Бірақ, ең бастысы елді мекендерден алшақта. Малдардың өлгені туралы ақпарат түскен жоқ. Барлық шаруалармен байланыста отырмыз. Барлық тұрғындардан жедел штабтың жұмысына кедергі келтіретін жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын, – деді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz