Жаңалықтар

Қарқаралыда үшем дүниеге келді

Дінмұхаммед, Нұрмұхаммед, Мұхаммед-Әли – Қарқаралы ауданында 1978 жылдан кейін туған үшемдер. Олар 26 мамырда Қарағанды қаласы, Ә.Бөкейхан ауданының Пришахтинск қалашындағы перзентханада дүниеге келген.

«Бір қозы туса, бір топ жусан артық шығады» деп қазақ халқы ықылым заманнан бала санын шектемеген. Әр туған сәбидің өз ырзық-несібесінің болатынына сеніп, шаңырағының берекесіне балаған. Жаңанегіз ауылындағы Бабайбек әулетінен өрбіген үшем қарашаңырақты шаттыққа бөледі. Атасы мен әжесі Жұмаш пен Айгүлдің қуанышында шек жоқ.

– Үшінші рет УЗИ-ге барғанда үшем екенін білдік. Бірақ ешкімге жар салмадық. Көз тиер деген ырым болды. Қашан келінім аманесен аяқ қолын бауырына алғанша, уайымдап жүрдім. Өзімде егіздерді дүниеге әкелсем де қорқынышым басым болды. Себебі, кесір тілігі арқылы дүниеге келетін болғаннан кейін де болар. Бүгінде атасы екеуіміздің қуанышымызда шек жоқ. Алла балапандарыма ұзақ ғұмыр берсін,–дейді әжесі Айгүл Сұлпатаева.

Үшемнің әкесі Сержан – егіздің сыңары, егізі Айдананың да егіз қызы бар. Ал үшемнің анасы Айман Бекіштің егіз бауырлары бар екен. Осындай ерекше отбасында дүниеге келген сәбилердің салмағы 1.900, 1.850, 1.500 грамм, ана мен балалардың жағдайы жақсы. Дәрігерлер де жеткілікті деңгейде көңіл бөлуде.

Аталмыш қуанышты жаңалықты сүйіншілеген Сержанның ағасы Айдын да көпбалалы отбасы. Ізін басқан інісінің шаңырағындағы жаңалыққа жүрегі жарыла қуанды.

Сананы тұрмыс билейді ғой. Өмірге ұрпақ әкелгеннен кейін оның бар жағдайын жасау ата-ананың борышы. Інім мен келінім Қарқаралы қаласына қатынап жұмыс істейді. Өзім көпбалалы отбасы ретінде баспана алған едім. Інім соған қызығатын-ды. «Мен де көпбалалы болсам екен» деген тілегі орындалды. Аянат атты тұңғыштарының соңынан бауырлары ерді, дейді ағасы.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button