Жаңалықтар

Қарқаралыда өрт шықты

Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы орман өртіне байланысты Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өртке оранған Бақты орман шаруашылығының аумағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарайды.

Ресми мәліметтер бойынша өрт аумағы 500 гектарды қамтыған. Өртті сөндіру жергілікті жердің бедеріне байланысты қиындық туғызған.

Тілсіз жауды ауыздықтау үшін Төтенше жағдайлар департаменті, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Қу шаруашылығы, ерікті өртке қарсы құрылымдар, жергілікті полиция қызметі, барлығы 169 адам мен 27 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт аймағында «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының МИ-2 тікұшағы арқылы әуе барлауы ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар комитетінің МИ-8 тікұшағы су себу құрылғысымен пайдаланылған.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті халықты табиғатқа шыққанда өте мұқият болуға шақырады. Сөндірілмеген темекіні, сіріңкені тастауға, сөндірілмеген алау, сондай-ақ сынған шыны қалдыруға болмайды.

Дала жұмыстарына тартылған адамдарға орман-дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігінің негізгі шаралары туралы нұсқау берілуі тиіс, техниканы жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықтау қажет.

Орман аймағына, сондай-ақ елді мекендерге жақын орналасқан дала өрттерінің көлемі ұлғаюына жол бермеу мақсатында жерді жырту жұмыстарын жүргізу керек.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button