АймақҚарқаралы

Қарқаралыда орман саласының ардагеріне тағзым тақтасы қойылды

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғимаратында орман шаруашылығы саласының ардагері, еңбек майталманы Жолдасбек Мақсұтұлына арналған тағзым тақтасының ашылу салтанаты өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Игі шара ардагердің 1979 – 1989 жылдар аралығында қызмет еткен Қарқаралы орман шаруашылығы мекемесінің ұжымының бастамасымен жүзеге асты. Он жылдық қажырлы еңбегімен көзге түскен Жолдасбек Мақсұтұлын орман саласының дамуына сүбелі үлес қосып, артында өнегелі із қалдырған тұлға ретінде еске алды.

Салтанатты рәсімге Қарағанды облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы А. Балтабаев, аудан әкімінің орынбасары Н. Ілияш, Қарқаралы ауданының қоғамдық кеңес төрағасы С. Әлиұлы, аудандық мәслихат төрағасы С. Оспанов, ардагердің ұлы Берік Жолдасбекұлы, сондай-ақ мекеменің бұрынғы қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Жиын барысында қатысушылар Жолдасбек Мақсұтұлының еңбек жолы мен адамгершілік қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісіп, орман шаруашылығын өркендетудегі еңбегін ерекше атап өтті.

– Жолдасбек ағамыздың орманға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі бізге үлгі. Ол әр ағашқа, әр талға жанашырлықпен қарайтын, – деді шара кезінде сөз алған ардагер әріптестері.

Ардагер есімін ұлықтау – жас мамандарға өнеге. Табиғатты қорғау мен жасыл желекті сақтау ісіне ғұмырын арнаған Жолдасбек Мақсұтұлының еңбегі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Эльвира ТЛЕУБЕКОВА

“Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” табиғат кешендерін күзету, қорғау, молықтыру және табиғатты пайдалануды реттеу бөлім басшысы

Басқа материалдар

Back to top button