Қарқаралыда майлы дақыл шаруашылығы дамып келеді
Қарқаралы ауданының Нұркен ауылында орналасқан «Атамекен» шаруа қожалығында алғаш рет күнбағыс өсіріле бастады. Майлы дақыл 300 гектарға жуық алқапқа егілген. Жоба сәтті жүзеге асса, бұл тәжірибе өңірдегі егіншілік құрылымын айтарлықтай өзгертеді деп күтілуде.

– Бұған дейін Қарқаралы жерінде күнбағыс өсірілмеген. Біз Солтүстік Қазақстан өңіріндегі әріптестеріміздің оң тәжірибесіне сүйендік. Ол жақта бұл дақыл өзінің жоғары өнімділігі мен табыстылығын көрсетті. Күнбағыс, кірістілік жағынан, бидайдан әлдеқайда тиімді, – дейді «Атамекен» шаруашылығының басшысы Сламбек Кинаятұлы.
2023 жылы шаруашылық «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жылдық 2,5% мөлшерлемемен 230 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.
Бұл қаражатқа заманауи ауылшаруашылық техникасы, соның ішінде жаңбырлатып суару қондырғылары сатып алынған. Сонымен қатар, 292 гектар жерді кезең-кезеңімен суармалы алқапқа айналдыру жұмыстары басталды. Бұл жобаның іске асуына қажетті электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі дер кезінде шешіліп, оған облыс басшылығы тікелей қолдау көрсеткен.
Бүгінгі таңда «Атамекен» шаруашылығы тек күнбағыс өсірумен ғана емес, сонымен қатар, дәстүрлі дақылдар – бидай және арпа өсірумен де шұғылданады. Жалпы егістік алқап биыл 500 гектарды құрады.
Агроқұрылым мал шаруашылығын да қатар дамытып отыр. Қазір мұнда 278 бас ірі қара мал бар, оның 120-сы – асыл тұқымды. Сонымен бірге жылқы өсіру де жолға қойылған. Алдағы жоспарлар ауқымды: сауын сиыр санын 400 басқа дейін көбейтіп, суармалы жер көлемін 1200 гектарға жеткізу көзделіп отыр.
– Қазіргі уақытта біз «Сауын сиыр фермасын 400 басқа дейін кеңейтіп, халықты экологиялық таза, сапалы әрі қолжетімді сүт өнімдерімен қамтамасыз ету» жобасын іске асырып жатырмыз. Егер жоба жоспарға сай жүзеге асса, 30–35 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады, – деп атап өтті Сламбек Кинаятұлы.
Қарқаралы ауданы үшін күнбағыс сынды жоғары табысты, экономикалық жағынан тиімді дақылдарды өсіру – ауыл шаруашылығының келешегін әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама аймақ экономикасының аграрлық секторын дамытуға жаңа серпін бермек.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА