Қарқаралыда даму қарқынды
Қарқаралы ауданы барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Бүгінде бірқатар жұмыс атқарылып, ауыл шаруашылығы өнімі молайып, өндірісі де өркендеген. Бұл жөнінде Қарқаралы ауданының әкімі Халел МАҚСҰТОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Қазіргі таңда ауданда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында туристерді тарту үшін отандық туроператорлармен қоян-қолтық жұмыс істелуде. Олардың ішінде «Астана Сити Тур», «Алматы Сити Тур», «Саят Трэвел» сияқты туроператорлармен Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парк арасында бірлескен қызмет туралы келісімшарт жасалып, «Сарыарқаның інжу-маржаны – Қарқаралы» маршруты бекітілді. 26 туристік бағыттағы нысандары бар өңір бір күнде 2576 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Құтты аймақта кәсіпкерлік, егін, мал шаруашылықтарында өрістеу бар, экономикасы да еселенген.
Жалпы экономика көлемі индексі 47 млрд. 981 мл. 100 мың теңгені құраған. Былтырғы жылы мемлекеттік бюджетке 1 млрд. 152 млн. теңге түскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 млрд. теңгеге жетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,5 млрд. теңгеден асып, жоспар 104, 6 пайызға орындалған. Оның ішінде «Өркен-Кентөбе», Қарағайлы байыту фабрикасы және қайта іске қосылып, жанданған «Абыз» кен орны өздерінің өндірістік жоспарларын орындаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы іске қосқан «Алтай Полиметаллы» кәсіпорны ырғақты жұмыс істеуде. «Көктасжал» кен орнында жұмыстарын бастаған Теректі кен байыту комбинаты қазіргі кезде 150 мың тонна кен өндірілді. Құны 64,2 млрд. теңгені құрайтын «Алайғыр» кен орнында полиметалдық кендерді өндіру және қайта өңдеу» жобасы жүзеге асырылуда. 2018 жылы іске қосылатын өндіріс ошағы, қорғасын қойыртпасы өнімін 60 мың тоннаға дейін шығару жоспарланған.
Аймақта 1784 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінде 3341 адам жұмыс істеуде. Бұлардың басым бөлігі шаруа қожалықтары мен саудамен айналысатындар. Өңірде кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындары ашылған. Атап айтқанда, бір жылда 234 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл жұмыссыздар санын азайтуға сеп болып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 199 адам жұмысқа тұрған. Ал, бір жылда 700 адам жұмысқа орналасқан.
Аудан әкімі мәлімдегеніндей, үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен бағдарламалар арқылы көптеген жұмыс атқарылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Сары-Арқа» шаруа қожалығы арнайы техника сатып алса, гранттық қаржыландыру бойынша Егіндібұлақ селосына 2 млн. теңгеге дәріхана ашу жобасы қолға алынған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 51 адамға 153 млн. теңге несие беру жоспары асыра орындалып, 158,8 пайыз қаржыландырылған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылған. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шаруашылықтардың жағдайы жақсарған. Өнім көлемі 23,2 млрд. теңгеден асқан. «Сыбаға» бағдарламасынан 13 шаруа қожалығы 795 ірі қара малын, «Алтын асық» бағдарламасынан 5 шаруа қожалығы 1468 қой, «Құлан» бағдарламасынан 3 шаруа қожалығы 94 жылқы алған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 460 млн. 719 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 3 кооператив құрылған. Оның біреуі «50 ауыл» пилоттық бағдарламасы аясында «Балқантау-Агро» өндірістік кооперативін құрып, 26 адам 68 млн. теңге несие алған. Қалған екі кооператив несие алуға жұмыстар атқаруда. Диқандардың егіні бітік шығып, 62,8 мың тонна астық алған. Биыл 30 шаруа қожалығын ашып, 40 мың гектар жер конкурстар арқылы беріледі. Шаруа қожалықтарының қорына барлығы 106,9 млн. теңге инвестиция салынған.
Білім саласында да ілгерілеу бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 77,21 бал көрсеткішімен аудан, селолар арасында 1 орынға табан тіреген. 51 мұғалім жаңартылған білім мазмұнына көшу бағдарламасы аясында біліктілігін арттыру курсынан өтсе, биылғы жылы 472 мұғалім қайта оқиды деп жоспарлануда. Бүгінде 3 мектеп «Электронды журнал», 5 мектеп «Электронды күнделік» жобасы арқылы жұмыс істеуде.
Айта кетейік, әкім есебі кезінде округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың тынысымен танысып қайтқан. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге назар аударып, табиғаттан келетін апаттардың алдын алуға, сондай-ақ, селолық округтердің басшыларына ең өзекті делінген тапсырманы міндеттеген. Аудандағы ерекшеліктерді моншақтай тізген Халел Мұқатайұлы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына да тұщымды жауап қайырды. Өңірдегі бұдан өзге де өркенін жайған жарқын істер мен жасампаз жұмыстарды тілге тиек етті.
Нұрдос КӘРІМ