Бүгінде өңірлерде дәрігер тапшылығы айқын сезіліп тұр. Бұл мәселе Қарқаралы ауданын да айналып өткен жоқ. Қазіргі таңда Қарқаралы аудандық ауруханасында небәрі 45 дәрігер қызмет етеді. Дәл қазір терапевт, педиатр және өзге де тар бейінді мамандарға сұраныс жоғары. Кадр жетіспеушілігін азайту мақсатында былтыр облыстық мәслихат бекіткен «Ауылдық елдімекендерге, кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау» жобасы аясында ауданға бес маман тартылған. Алайда, бұл да мәселені түбегейлі шешпей тұр. Ауруханаға әлі де сегіз дәрігер қажет.
Мәселе тек кадр тапшылығымен шектелмейді. Ауруханада қажетті құрал-жабдықтар бар болғанымен, олар да тозған. Бұл жағдай медициналық қызмет сапасына тікелей әсер ететіні анық.

Құрал-жабдықтар жеткіліксіз
Коронавирус індеті өршіген кезеңде аудандық ауруханада компьютерлік томография аппараты мүлдем болмаған. Науқастарды көлікпен облыс орталығына жеткізіп, сол жерде тексеруден өткізіпті. Содан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2023 жылы бюджеттен қаржы бөліп, ауруханаға компьютерлік томография аппаратын алып берген. Құрал-жабдық жеткізілгеннен кейін онымен жұмыс істейтін маман даярлау мәселесі де қолға алынды. Аурухана есебінен бір маман резидентурада екі жыл оқытылып, толыққанды біліктілікке ие болды. Кейіннен мекемеге тағы екі жас маман келіп, олар да дублер ретінде арнайы дайындық курсын тәмамдаған.
Сонымен қатар, өткен жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен ауруханаға заманауи ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараты алыныпты. Осыған байланысты жүрекке эхокардиографиялық зерттеу жүргізетін маман да арнайы даярланған. Қазіргі таңда аудандық аурухана жүрек эхокардиографиясын жасай алады. Ал, бұған дейін ауруханада мұндай аппарат мүлде болмаған. Жаңа құрал іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарына қызмет көрсету басталды. Қазіргі уақытта жүрекке эхокардиографиялық зерттеу аптасына екі рет тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

2024 жылдың соңында аудандық аурухана тыныс алу жүйесінің патологияларын анықтауға арналған заманауи спирография аппаратымен жабдықталды. Аталған құрал былтырдан бастап қолданыста. Онымен жұмыс істеу үшін де мекемедегі орта буын медицина қызметкерін арнайы іс-тәжірибеден өткізген.
– Қазіргі таңда аппарат тапшылығы сезіліп отыр. Стационарлық бөлімде мамандарға эндоскопиялық операциялар жүргізуге арналған медициналық жабдықтар қажет. Сонымен қатар, түрлі анализаторлар да жетіспейді. Жалпы алғанда, қолданыстағы аппараттардың басым бөлігін жаңарту қажет. Осыған байланысты жыл сайын басқармаға жаңартуға және қосымша алуға қажетті медициналық аппараттардың тізімін ұсынып келеміз. Алайда, әзірге бұл бағытта нақты жауап, оң шешім болмай тұр, – деді директордың амбулаториялық-клиникалық қызмет жөніндегі орынбасары Назира Ыдырысова.
Былтыр аудандық ауруханаға алынған жаңа құрылғының бірі – өкпенің тыныс алуын тексеруге арналған спирометрия аппараты. Бұл аппарат аудан бойынша есепте тұрған өкпесі, жүрегі ауыратын науқастардың жағдайын бақылау үшін қолданылады екен.

– Алдымен науқасқа құрылғыны қалай қолдану керектігі жөнінде нұсқаулық береміз. Кейін аппараттың түтігі арқылы адамның демі өлшенеді. Сосын экранға өкпенің қаншалықты жұмыс істеп тұрғаны автоматты түрде көрінеді. Аппарат іске қосылғаннан бері диспансерлік тексеруден өтуге келген әр аудан тұрғыны осы кабинетке міндетті түрде келуі тиіс. Осындай жолмен біз әртүрлі өкпе ауруларын дер кезінде анықтаймыз, – деді медбике Махаббат Әбеуова.

Биыл аудандық аурухана ғимаратының іргетасы қаланғанына – 18 жыл. Осы уақыт ішінде ғимаратқа толыққанды жөндеу жүргізілмеген. Алдағы мақсат әуелі ауруханаға бейінді маман тарту болса, екіншіден, аталған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу. Алайда, бөлінетін қаржы жағы қалай болатыны әзірге белгісіз.
– Ауруханадағы дәрігерлердің басым бөлігі – жас мамандар. Оларға әлі біліктілікті көтеруге ерте. Сондықтан, бірнеше жыл тәжірибе жинауы қажет. Ал, бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан дәрігерлердің бәрі І – және одан жоғары санаттағы мамандар. Қазіргі жас мамандардың ойлау және қабылдау ерекшеліктері бұрынғы буыннан өзгеше. Сол себепті біз олармен тұрақты түрде семинарлар өткізуді қолға алдық, – деді Назира Нұрланқызы.
Қарқаралыға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүрмейді
– Бүгінде ауруханада ЛОР, офтальмолог, кардиолог, психиатр-нарколог, акушер-гинеколог, терапевт, жалпы практика дәрігері жоқ. Мұндай мамандарға үкімет тарапынан көтерме жәрдемақы қарастырылған. 8,5 млн теңге берілмесе де, кемінде үш миллион теңгеден жоғары сома қарастырылған. Бірақ, күні бүгінге дейін ешқандай маман келген жоқ. Олардан бөлек, акушер, фармацевт және медбикелерге де қаржылай қолдау бар. Оларға ауданға келгені үшін 1,5 млн теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы тағайындайды. Өз басым олар үшін бұл сома аз деп ойлаймын. Мысалы, жалпы тәжірибелік дәрігер мен анестезиологтар 8,5 млн теңге алады. Ал, кардиолог, терапевт, рентгенолог сияқты мамандарға – 5 млн теңгеден. Қазіргі таңда ауруханадағы рентгенолог маман зейнет жасында. Оны алмастыратын жас маман жоқ. Негізі, аурухананың күндізгі стационарда терапевт дәрігерлер жұмыс істеуі қажет. Ал, бізде ондай мамандар жоқ. Мамандар келсе, үкімет тарапынан оларға бір реттік жәрдемақы тағайындалатын еді, – деді Назира Ыдырысова.

Кадр тапшылығын шешу мақсатында облыс басшылығы тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, ауылдық елдімекендерге, кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жобасы іске асырылып келеді. Осы бағдарлама аясында оқуын енді аяқтаған жас мамандарға облыс бюджеті есебінен бір реттік 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған. Аталған қолдаудың нәтижесінде былтыр осы бағдарлама бойынша аудандық ауруханаға бес дәрігер жұмысқа қабылданыпты.
– Бүгінде ауруханаға келген бес маман Қарағанды медициналық университетін тәмамдағанымен, олардың көпшілігі оңтүстік өңірлерден келген. Аудандық ауруханаға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жолдама алу мүмкін емес. Себебі, біздің аудан орталығы «қала» мәртебесіне ие. Ал, аталған бағдарлама тек ауданға қарасты ауылдық елдімекендерге бағытталған. Сондықтан, ауданға жұмысқа келген жас мамандарға қолдау тек облыстық мәслихат шешімімен бекітілген бағдарлама аясында жүзеге асады.
Егер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келсе, жас маман міндетті түрде ауылдық жерге баруы тиіс. Алайда, қазіргі жастар ауылға барғылары келмейді. Олар орталықтандырылған су, жылу желісіне қосылған елдімекендерге барғысы келеді. Бір сөзбен айтсақ, от жағып, су тасудан қашады. Одан бөлек, «Үйіміз орталықтандырылған жылу желісіне қосылуы шарт» деп те талап қояды, – деді Назира Нұрланқызы.
Аталған мәселені шешу мақсатында 2022 жылы аурухана іргесіндегі төрт қабатты колледж жатақханасын күрделі жөндеуден өткізіп, дәрігерлерге арналған тұрғын үй ретінде пайдалануға берген. Қазіргі таңда бұл ғимаратта барлығы 27 пәтер бар. Олардың бәрі екі бөлмелі. Тұрғын үйге кіретін жылуы да, суы да орталықтандырылған. Бүгінде дәрігерлер үйі аудандық білім бөлімінің балансында. Одан бөлек, дәрігерлер үйінде аудан орталығынан ауылдарға қатынап жұмыс істейтін дәрігерлер де тұрып жатыр.

Былтыр жаз айында облыстық мәслихаттың игі жобасы аясында ауданға келген жас маманның бірі – теміртаулық Қайсар Еркінбек. Өзі Қарағанды медицина университетінде жеті жыл білім алып, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын меңгеріп шыққан. Дипломын қолына алған соң жас маман ауылдық жерге барып, тәжірибе жинауды жөн көріпті.
– Қарағандыдағы емханалардың бірінде іс-тәжірибеден өтіп жүргенімде, жетекшім: «Қазір көп жастар ауылға барып, тәжірибе жинап жүр. Оның үстіне, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айтарлықтай қолдау бар» деп жиі айтатын. Сол сөз санамда сақталып қалды. Жолдасым екеуміз бір жоғары оқу орнында қатар оқып, бірге тәмамдадық. Ол ауылдық квота бойынша грантта білім алды. Ал, талап бойынша оқуын аяқтаған соң үш жыл ауылдық жерде жұмыс істеуге міндетті. Осы жағдайды ескеріп, ақылдаса келе Қарқаралыға келуді жөн көрдік.
Қазіргі таңда жергілікті бюджет тарапынан берілген бір реттік көтерме жәрдемақыны алдым. Ал, жолдасым ауылдағы міндетті еңбек мерзімін өтеп жатыр. Алдағы уақытта осы жоба аясында оны да тізімге қосуды жоспарлап отырмын. Сөйтіп, екеуміз бірнеше жыл ауданда еңбек етіп, тәжірибе жинамақпыз, – деді Қайсар Қанатұлы.
Қазіргі уақытта жас маман аурухананың күндізгі бөлімінде еңбек етіп жүр. Сонымен қатар, Бүркітті ауылдық округіне бекітіліп, тұрғындардың медициналық қызметпен қамтылуына жауапты.
– Ұжымның басым бөлігі – жастар. Әрине, жұмыс барысында арақашықтықты сақтаймыз. Бірақ, жұмысқа келген уақытымда ортаға тез үйренісіп, әріптестермен тіл табысып кеттік. Қазір өзімді үш-төрт ай бұрынғы күйіммен салыстыра алмаймын. Жұмысқа алғаш қабылданған шағымда пациенттермен сөйлескенде қорқақтап, не айту керегімді білмей сасқалақтайтынмын. Қазір әрқайсымен ортақ тіл табысып кеттік. Әрі бізге дәрігерлер үйінен пәтер де берді. Тек жеке заттарымызды көтеріп, көшіп келе салдық. Егер жолдасым да аталған жоба аясында жұмысқа келсе, үй сатып алуды көздеп отырмыз. Ауруханаға келгеніме көп бола қоймаса да, біраз тәжірибе жинадым. Алдағы уақытта білімімді одан әрі жетілдіріп, резидентураға оқуға түссем бе деймін, – деді жас маман.
Қазіргі таңда дәрігерлер үйінің 25 пәтері бос емес. Мұнда тек жас маман ғана емес, орта білімді медбикелер, акушерлер де тұрады. Мамандарды ұстап қалу мақсатында оларға да дәрігерлер үйінен тегін тұрғын үй берілген. Алайда, жаңа дәрігер келген жағдайда пәтерді босатып беру туралы келісім бар.
«Жастар ауылда жұмыс істеуге құлықсыз»
Ауданда жалпы алты фельдшерлік-акушерлік, 27 медициналық пункт және 13 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Үкімет бекіткен 2023-2025 жылдар аралығындағы «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 нысан бой көтереді. Оның жартысы қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Қалғандары жыл соңына дейін толықтай қолданысқа беріледі деп күтілуде.
– Бұл жерде де басты мәселе – маман тапшылығы. Кейбір ауылда, әсіресе, жаңадан салынып жатқан нысандар орналасқан жерлерде орта буын қызметкерлер мүлде жоқ. Біз ауылдарға, ауданға маман тарту үшін түрлі шараларды жүзеге асырып келеміз. Колледж студенттерімен кездесіп, бос орындар жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз. Дегенмен, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Себеп – жастар ауылда жұмыс істеуге құлықсыз, – деді Назира Ыдырысова.
ФАП-та міндетті түрде медбике мен акушер қызмет көрсетуі тиіс. Ал, медициналық пункттерде тек медбике болады. Дәрігерлік амбулаторияларда осы қызметкерлерге қосымша дәрігер де болады. Жалпы, ауылдағы халық саны 50-ден асса, медициналық пункт ашу міндеттеледі. Фельдшерлік-акушерлік пункт салу үшін тұрғын саны кемінде 500 болуы шарт. Дәрігерлік амбулатория ашу үшін – 1500 адамнан кем болмауы қажет.
– Бүгінде аталған жоба аясында ауылдарда жаңадан салынған мекемелер от жақпайды. Жылуды тоқ көзінен алады. Әрі жарығы мен су жүйесі кіргізілген. ЭКГ және физиотерапиялық аппараттармен жабдықталған. Қазір сол ғимараттарға электрик мамандарын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр ашылған мекемелерге маман алдық. Енді қалған ғимараттарға да маман тарту қажет. Егер мекемеде жарық сөніп қалса, мамандар дереу генераторды іске қосуы тиіс, – деді Назира Нұрланқызы.
Аудан бойынша Қарағайлы, Қарқаралы және Егіндібұлақ елдімекенінде жедел жәрдем станциясы жұмыс істеп тұр. Әр станцияда фельдшер, диспетчер және жүргізуші қызмет атқарады. Барлық ауылдарда бір-бір жедел жәрдем көлігінен бар деп есептегеннің өзінде, аудан бойынша барлығы 20 көлік бар. Соңғы рет көліктерді осыдан екі жыл бұрын жаңартқан. Бірақ, «жаңартылған» деген аты болмаса, заты басқа мекемелердің қолданысынан шыққан көліктер…
– Көліктердің барлығы тозып тұр. Ауылдағы көліктің көбі есептен шығуы керек. Бірақ, біздің жүргізушілер бұзылған жерін жөндеп алады. Соның күшімен жүр. Біз басқармаға жыл сайын ауылдарға 10 жаңа көлік алуға өтініш береміз. Екі жыл бұрын облыстық станция көліктерін жаңартқан кезде, бізге есептен шыққан бірнеше «Газельді» берген-тін. Алайда, жүрілген көліктерді ауыл жолына салу қиын. Жолға жарамайды. Әрі асты да тым төмен. Қазіргі таңда алған көліктеріміздің тек екеуінің ғана төрт дөңгелегі айналып тұр. Ауылдық жерге мұндай маркалы көлік емес, «УАЗ» қажет. Біз жыл сайын жаңа көлікке өтініш беріп келеміз, бірақ әлі жауап жоқ. Биыл қайтадан жібереміз, – деді Назира Ыдырысова.
Ауданда вакцина алмаған 80 бала бар
Назира Ыдырысова кінәні тек ақ халаттылардан іздеу дұрыс еместігін де айтып, көпшілікке өз ойымен бөлісті.
– Біріншіден, халықтың түсінігін өзгерткен жөн деп ойлаймын. Қандай да бір жағдай орын алса, көбіне дәрігерлерді кінәлайды. Мысалы, бір жылдары аудан тұрғыны инсульт алып, ауруханаға жеткізілген. Артынша бізге арыз жазды. Ал, инсульттің негізгі себебі неде? Қан қысымы. Аурудың алдын алу үшін не істелді? Әуелі науқас өзін күтуі қажет. Дәріні уақытында ішіп, режим сақтау қажет. Көп жағдайда адамдар қарапайым осы дүниені түсінбей жатады. Керек десеңіз медициналық сақтандыру төлемдерін де төлемейді. Сондықтан, «Бізге үкімет беруі керек», «Дәрігерлер мынаны былай істеуі керек» деген ойды өзгерту қажет, – дейді Назира Нұрланқызы.
Қазіргі таңда мемлекет есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмек беріп отыр. Қан қысымы, жүрек, бронхиалды астма, эпилепсия, қант диабеті сияқты ауруларға шалдыққан аудан тұрғындарына рецептпен тегін беріледі. Бүгінде осындай диагнозы бар аудан тұрғындарының саны алты мыңға жеткен. Дәріхана Қарқаралыдан бөлек, Егіндібұлақ, Қарағайлыда да жұмыс істеп тұр. Сол жерлерде науқастарға дәрігердің рецепті бойынша тегін дәрі беріледі. Дегенмен, мамандардың айтуынша, тегін дәрі алған күннің өзінде оны уақытылы қабылдамай, жыл сайынғы тексерістерден өтпейтін науқастардың барын жасырмады.
– Қарапайым мысал, кейбір аудан тұрғындары дәрігерге дейінгі тексерістен өтпейді. Тіпті, екі жыл бойы флюорографияға түспей жүргендер де бар. Ертең олардан түберкулез, онкологиялық аурулар анықталуы мүмкін. Біз болсақ, осындай тексерістер арқылы ауруды уақытында анықтап, ертерек тиісті ем-дом жүргізуге уақытымыз болады. Сондықтан, әр адам өз денсаулығы үшін жауапты болуы тиіс. Мысалы, былтыр үш аудан тұрғынынан омырау безінің қатерлі ісігін анықтадық. Егер олар тексеріске келмесе, ауруды дер кезінде анықтай алмас па едік?! Бүгінде науқастар уақытылы ем қабылдап, оларға сәтті ота жасалды, – деді маман.
Сонымен қатар, былтыр ауданда үш тұрғыннан түберкулез анықталыпты. Бұл науқастар да жылдық тексерістен өтпей жүргендердің санатынан көрінеді.
– Солардың бірі – Алматыдан келген азамат. Өзі – Қарқаралының тумасы. Жұмыс бабымен Алматыға қоныс аударып, сол жақта қалып қойған. Кейін өкпесі ауырып, ауруы асқынған соң еліне оралды. Нәтижесінде, «түберкулез Қарқаралыда тіркелді» деп базаға енді. Тағы бір мысал, бір шаруа қожалығының иесі өз жұмысшысын алып келді. Ол өмірінде флюорографиядан өтпеген екен. Тіпті, құжаттары да жоқ болып шықты. Одан қала берді, бүгінде ауданда үш мыңнан астам тұрғын медициналық сақтандыруын төлемей жүр. Ертең сол адамдар бізге келеді ғой. Бірақ, ол кезде жағдай қиын болады. Себебі, барлық процестер тек компьютерлік база арқылы жүргізіледі. Егер медициналық сақтандыру төленбесе, біз ештеңе жасай алмаймыз, – деп еске салды Назира Ыдырысова.
Тағы бір айта кететіні, ауданда вакцинация мүлдем алмаған 80 бала бар екен.
– Балаға екпені ағзасын инфекциядан қорғау үшін саламыз. Бұрын қызылшаға шалдыққан көптеген бала көз жұмған. Соңғы жылдары да бұл ауру белең алып барады. Оған себеп – адам ағзасының әлсіреуі. Вакцинациядан бас тартқан ата-аналарға тек түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ғана болады. Олар екпеге сенбейді. Оны тек «химия» деп қабылдайды. Мысалы, манту сынағы кезінде баланың қолы ісіп кетеді ғой. Сол сәтте түберкулездің белгілері бар-жоғы міндетті түрде тексеріледі. Сол тексеретін бір пробаның өзі – 16 мың теңге. Ал, бір жылдың ішінде тек осы пробаға ғана 1 млн 600 мың теңге жұмсалады, – деді маман.
Қазіргі таңда қыз балаларға папилломаға қарсы вакцинация салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудан бойынша 600-ден астам бала екпе салдырмаған екен. Оның ішінде 273-і – 11 жастағылар десек, соның 26%-ы ғана екпе алыпты.
– Бұл екпе, негізінен, қыз балалардың даму кезеңінде, яғни 11-14 жас аралығында салынады. Папиллома егер жыныс мүшесінде пайда болса, жатыр мойны обырына әкеп соғуы мүмкін. Ал, дер кезінде емделмесе, салдарынан адам өмірін жоғалтуымыз ықтимал, – деді Назира Ыдырысова.
Қорыта айтсақ, Қарқаралы медицинасының жай-күйін жан-жақты зерделеп көрдік. Түйткілді мәселелер де жоқ емес. Сондықтан, жағдайдың жақсаруы үшін мемлекет қана емес, әр аудан тұрғынының жауапкершілігі де аса маңызды. Бар үміт – алдағы күннің еншісінде.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



