Бас тақырыпБәрекелді!

Қарқаралыда – Қарқабат ана ескерткіші

Ұлысты ұйыстырып, руды ұйытқан ұлт анасы Қарқабатты білмейтін жан беймәлім шығар?! Кешегі Қаздауысты Қазыбек бидің арғы әжесі, әйелде болса ел анасы атанған ер жүрек батыр анаға Қарқаралы қаласында ескерткіш қойылды. Тастұғыр тоғыз жолдың торабында тоғысар қанша қазақ баласына рух беріп һәм шежіре қуғызып, ұрпақ сабақтастырары сөзсіз.

Күйеуінің кебісін көдемен ұлтарақтап, құманын қойнына салып жылытқан жұмақ жүзді жауһар ізді ана туралы аңыз-әңгімелер қаншама. «Алғыс арты ақ май қарғыс арты қара нан» демекші жарының жанынан ризашылық алған осынау ұлы әйел тұлғасы маңайына сән, өлі далаға жан бергендей-ақ. Монумент қоладан қойылды. Биіктігі тұғырымен бірге 7,5 метрді құрайды. Мүсіннің авторы – Бейбіт Мұстафин. Ескерткіштің орнатылуына Орталық Қазақстан Академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов бастамашы болып, ашылуына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Қазақ аналарының ұлығы – Қарқабат ана. Ол – қазақ даласындағы аналардың бар асыл қасиеттерін бір арнаға тоғыстырған тау тұлға. Бұл ескерткіш бүкіл ана атаулыға арналады. Қарқабат ананың даналығы, өмір жолы мен бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болады. Себебі, ол – халық бірлігін, патриотизмді және парасаттылықты білдіретін нышандарының бірі, – деді Жеңіс Қасымбек. Атағы атан түйе шөктірер аруақты ана бұл күнде тек шежіре. Тастан тұғыр қойылды. Бұл да бір рухани баюдың белесі, әрине. Десек те, тағы бір қыры ескерткіштің бүгінгі аналарға өнеге екендігінде. Ана тарихын санаға сіңірген әйел қауымы қоғамдағы өз рөлінің маңызын ұғып, жалаң жарнамамен жанын былғамас еді-ау.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button