Қарқаралы тізімге қалай ілікті?
Қарқаралының қала мәртебесіне сәйкес келмейтін елді мекендер қатарына енгені жөніндегі ақпар аймақты шарлағалы айдың жүзі. Жалғыз Қарқаралы емес, бүтін Қарағанды аймағына түрпідей тиген жағымсыз жаңалық дүйім жұртты дүрліктірмесе де, әжептәуір абдыратып тастады. Байырғы қаланың мәртебесін саудалау – әрісі мемлекетке, берісі елге – сын. Бірақ, тасқа басылған заң тармағының тақиясына Қарқаралының тұрғын саны тар келіп тұр. Нақтыласақ, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында аудандық маңыздағы қаланың тұрғыны 10 мыңнан кем болмауы тиіс. Ал, Қарқаралыда қазір 8195 адам. Қайтпек керек мұндайда? Тағдыры мен мәртебесі тұрғын санына байланған тарихи мекеннің ертеңіне ел – алаң.
Қарқаралы мәртебесі: Қауіп қайдан?
Елдегі кейбір ауылдың қала, ал қайсыбір қалалардың ауыл мәртебесін алуы мүмкіндігі кейінде жиі айтылып жүр. Ауылдың шағын шаһар атануы – жақсылықтың нышаны. Шағын қаланың алақандай ауылға айналуы жаппай жұртқа жаға қоятын жаңалық емес әсте. Десек те, бұл мәселе тап бүгін ғана көтерілген жоқ. Осы күрделі жайттың күрмеуін шешу жөніндегі әңгіме кейінгі екі жылда жылтыңжылтың бой көрсетіп келеді. Нақты шешім, я байлам әлі шықпады. Дәлірек айтсақ, дәл осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2018 жылы Қазақстанда ауылдық маңыздағы 13 қаланың мәртебесіне тұрғындар саны сәйкес келмейтіндігі және керісінше, 101 ауылдың қала мәртебесіне сұранып тұрғаны хақында Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеген. Сонау Бақытжан Сағынтаевтың Үкіметі тұсында. Содан кейін былтыр желтоқсанда КазТАГтың осы сауалына Ұлттық экономика министрлігінің берген жауабынан соң ел көңіліне тағы күдік кірген. Ал, сол тізімнің ішінде байырғы қала – Қарқаралының да аталуы «япырайә!» дегізгенді. Бұл деректің қаншасы ақиқат, қанша пайызы қауесет екенін енді саралап көрелік.
«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейтін 13 қала бар: Степняк (Ақмола облысы) 3535 адам; Ерейментау (Ақмола облысы) 9736 адам; Державинск (Ақмола облысы) 6058 адам; Темір (Ақтөбе облысы) 2570 адам; Жем (Ақтөбе облысы) 1771 адам; Шар (Шығыс Қазақстан облысы) 7570 адам; Серебрянск (Шығыс Қазақстан облысы) 8578 адам; Қаражал (Қарағанды облысы) 9664 адам; Қарқаралы (Қарағанды облысы) 8191 адам; Қазалы (Қызылорда облысы) 7758 адам; ФортШевченко (Маңғыстау облысы) 7103 адам; Сергеевка (Солтүстік Қазақстан облысы) 7771 адам; Булаев (Солтүстік Қазақстан облысы) 7756 адам», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі КазТАГтың ресми сауалына.
Ал, бұған дейін, яғни, 2018 жылдың 28 қазанында, депутаттар осыған байланысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдаған. «Экономикалық зерттеулер институты 2018 жылдың басында жүргізген зерттеулердің шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі халық саны бойынша белгіленген талаптарға сәйкес болмауынан 13 қаланың, оның ішінде, 1 моноқала – Серебрянскінің мәртебесін ауылдық елді мекен етіп өзгертуді қайта қарау бойынша ұсынымдар алды. Биылғы жылы министрлік зерттеу қорытындылары бойынша одан әрі шешім қабылдау үшін аталған ұсынымдарды жергілікті атқарушы органдарға жіберді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға 2018 жылдың соңына дейін әрбір нақты жағдайда (экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және т.б.) жоспарланып отырған ықтимал өзгерістерге жанжақты талдау жүргізу бойынша экономикалық есептеулер жүргізу тапсырылған»,– деп жазылған Мәжіліс депутаттарының шағын қалаларды дамыту мәселелеріне қатысты депутаттық сауалына берілген сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жауабында. Шағын қалалардың мәртебесін өзгерту мәселелері бойынша облыс әкімдіктерінің ұсыныстары өңірлік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарып, осы жұмыс аяқталғаннан кейін комиссияның ұсыныстарын 2019 жылғы бірінші тоқсанда министрлік Үкіметтің қарауына енгізетін болған. Сол уақытта 41 шағын қала мен 12 аудандық маңызы бар қаланың «Халық саны» критерийі бойынша бұл мәртебеге сәйкес келмейтіні анықталды. Яғни, бұл қалалардағы халық саны 10 мың адамнан кем (Степняк, Державинск, Ерейментау, Жем, Темір, Шар, Қарқаралы, Қазалы, ФортШевченко, Булаево, Сергеевка және Мамлютка қалалары).
Жыл бойы «жылы жабылып» келеді
Содан бері жылдан астам уақыт өтті. Тиянақты бір шешім қабылданған жоқ. Себебі, «Қазақстан Республикасының әкім шілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы 1993 жылы қабылданған, Онымен қоса, әлі күнге қайта жаңарған жоқ. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі заң жобасы бойынша былтырғы жылы жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеген еді. Атап айтқанда, 2019 жылдың тамызында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов 1993 жылы қабылданған заңды өзгерту бойынша аймақтармен бірлесіп жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Онда ол қайсыбір ауылдардың қалаға айналу мүмкіндігін жоққа шығармады.
– Бұл орайда Үкіметтің екі жолы бар. Не нормативтік актілердің заңдық ау қымын кеңейтеді немесе қалаларға ауыл мәртебесін береді, – деген-ді вице-министр. Сонымен бірге, мұнда тұрғындардың да пікірі басты критерий болмақ.
Сондықтан, ұғуымызша Арқаның алтын тәжі – Қарқаралының қала мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін деген әңгіме әзірге қауесет ғана. Тап бүгін-ертең ешкім Қарқаралыдан мәртебесін бас салып, тартып алғалы отырған жоқ. Иә, жоғарыда аталған «Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Заңда халқы 10 мыңнан кем болмауы тиіс деген тармақ бар.
«..3-бап. Қалалар мен басқа да елдi мекендердiң санаттары
3) аудандық маңызы бар қалалар, оларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жатады…»
Таяқтың екі ұшы
Әлбетте, елдегі байырғы қаланың бірегейі – Қарқаралының мәртебесін жоғалтып алуы, ең алдымен, рухани тұрғыда ауыр соққы болары хақ. Әлеуметтік-экономикалық негізде де біршама өзгерістер тап келері және анық. Елді мекеннің мәртебесін өзгерту әртүрлі салаларға, ең алдымен, салық және бюджет заңнамасына, кәсіпкерлікке, сондай-ақ халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететіндігі айқын.
Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі бірінші кезекте, қала мен ауылда тұратындардың саны өзгеретіндігін атайды. Сондай-ақ, салық және бюджет заңнамасына, аумақтарды қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысу шарттарына, кәсіпкерлікке ықпалы болмақ. Инфрақұрылымдық басымдықтардан да біршама шеттеп қалуы әбден мүмкін. Бұл – таяқтың бір ұшы. Айталық, қазіргі таңда қала мәртебесінде отырған Қарқаралы ауылға қатысты бағдарламалардан, өзге де үстеме төлемдерден құралақан. Ауылдарға берілетін Үкіметтің қаржысынан қалыс қалып келеді. Бұл – екінші ұшы делік.
Шипажайлық-туристік шаһардың тынысы кең бе?
Қарағандыдағы 11 қаланың 8-і моноқала болса, қалған үшеуі шағын қала деп айдарланады. Сол үшеудің бірі – осы Қарқаралы. Қарқаралының 200 жылдық тарихын, Алаш көсемдерінің ізі мен табанының табы қалғанын осы арада қайталаудың қажеті жоқ. Оны әр қазақ айтпай-ақ жан-тәнімен ұғынады. Қарқаралының қасиеті де, киесі де сон да. Басқасын айтпағанда, Құнанбай қажы мешіті мен Абай түскен үйдің өзі тарихи мекен екенін әйгілеп тұр. Сол себепті, Қарқаралыны қала мәртебесінен қағылып қалудан сақтайтын бүгінгі дамуы мен ертеңіне назар салған абзал-ды.
Бұл арада әуелі Қарқаралының туристік аймақ ретінде Қазақстанның 2025 жылға дейінгі туризмді дамыту бағдарламасында 50 жобаның қатарында тұрғанын естен шығармау керек. Деректерге сүйенсек, былтырғы 2019 жылы мұнда 35 мыңға жуық турист ат басын бұрыпты. Туристерге жыл он екі ай қызмет көрсететін 29 демалыс орны және бар. Қала басындағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орындары. Қала іргесіндегі Кент тауларының Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Бұған қарап Арқа төсіндегі Қарқаралының 2 мыңжылдан астам тарихы бар, ескі жұрт екенін бағамдайсыз. Кент, Алат, Талды қоныстары жарты әлемді жайпаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені болғаны – айғақты тарих. Ән мен жырға арқау болған Шайтанкөл, атақты Қоянды жәрмеңкесі туризмнің тіректері. Алайда, туризмнің тынысын тарылтып отырған қаусаған көлік жолы екені ешкімге құпия емес. Бірақ, Арқадағы туризмді дамытуда Қарқаралы мен Ұлытауға ұшақ шығару ұсынысы да былтырғы жылы бір-екі рет айтылып та қалды. Егер айтылған сөз аяқасты қалмаса, Қарқаралы мен Ұлытаудың бағы ашылары хақ.
Іргелі кәсіпорындар «Қазақмыс Корпорациясы», «Өркен-Кентөбе», «Алтайполиметталы», «Интеррин» секілді ірі өндіріс орындары біршама алшақ орналасқанымен, қаланың қамбасына қаржы құйып отыр. Бұл кәсіпорындарда үш мыңға жуық қала тұрғыны нәпақа айырып келеді. Сол себепті, әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң динамикасына күмән келмесе керек-ті.
Түйін
Бүгінгі таңда Қарқаралыда 8195 тұрғын барын ескерсек, қауіп – негізді. Бірақ, Ұлттық экономика министрлігі қандай жағдайда да тұрғындардың пікірі, қаланың тарихи-экономикалық маңызы басымдыққа алынатындығын айтады. Осы орайда, жергілікті биліктің біршама терлеп-тепшуі керек секілді. Оның үстіне, Қарағандының топырағынан шыққан халықтың аманатын арқалаған халық қалаулылары да бұл орайда қарап қалмауы керек. Бұл оларға да – сын.
…Себебі, Қарқаралының мәртебесі – елдің мәртебесі.
Қызғалдақ АЙТЖАН.