Руханият

Қарқаралы тарихы қашаннан басталады?

Орталық Қазақстан Академиясының ұйымдастыруымен «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қарқаралы жерінің тарихы қазақ елінің тарихымен біте қайнасып жатыр. Ұлтты ұйыстырып, елдіктің туын биік көтерген марғасқаларымыз бен майталмандарымыздың ізі қалған жердің терең тарихынан сыр шертілді.

Талай ғасырдан бері түтінін түтетіп келе жатқан мекеннің қала мәртебесін алғанына келер жылы 200 жыл толады. Қыдыр дарып, құт қонған киелі мекеннің тарихы тереңде.

Конференцияның да басты мақсаты – қала мерейтойын тек 200 жылдықпен шектемей, Қарқаралы тарихын біздің дәуіріміздің 840 жылынан бастап, 2025 жылы 1185 жылдығын атап өту. Бұл тұжырым – академик Ә.Марғұланның тарихи зерттеулері мен археологиялық жұмыстарын және Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің зерттеулерін, сонымен қатар белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі Сатай Сыздықовтың тарихи-деректік зерттеулеріне сүйене отырып жасалды. Конференцияның ашылуында сөз алған Орталық Қазақстан академиясының ректоры, ҚР заң ғылымдары академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Жүнісов:

– 2021 жылы Қарқабат анамыздың ескерткішін ашу салтанатында Ұлықбек Есдәулет «Қазақ елі Қарқаралыға қарыз» деп айтып еді. Сол сөзбен толықтай келісемін. Ұлы халқымыздың ұлт болып дамып, ел болуында, керегесі кең, терезесі тең мемлекет болып қалыптасу тарихында Қарқаралының алар ерекше орыны бар. Әсем табиғатымен танымал Қарқаралы өңірі орта жүзге билік айтқан Қаздауысты Қазыбек би бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің, данышпан ойшылдар мен ғұлама ғалымдардың, ірі мемлекет қайраткерлері мен асқан өнер шеберлерінің, ақындар мен батырлардың мекені, – дей келе тарихи конференцияның маңызы мен күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды.

«Қарқаралы жасын қай уақыттан бастаған дұрыс?» тақырыбында Еуразия Ұлттық университетінің жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» Орталығының директоры Сатай Сыздықов, «Қарқаралының көне тарихы» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы, профессоры Жамбыл Артықбаев, «Өлке тарихы – Отан тарихының бастауы» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық университетінің доценті Қанат Өскембаев, «Қарқаралы өңірі: тарих, таным, тағылым» тақырыбында Мәуен Хамзин, «Использование искусственного интеллекта в развитии экологического туризма Қарқаралы» тақырыбында заң ғылымдарының докторы, профессор Төлеш Қаудыров тұщымды тарихи баяндама жасады. Секциялық жұмысты тізгіндеген филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Дүкенбаева келелі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, конференцияға Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын, Түркия елінен келген Орду мемлекеттік университетінің профессоры Мұрат Охон мен Мисуд Қарақұлық, Ұлықбек атындағы Өзбек ұлттық университетінен келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Дильяром Иноятова, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің аға оқытушысы, доцент Диана Макембаевалар да өздерінің жылы лебізін білдірді.

Жерінің тарихы аңызға, елінің тарихы шежіреге толы мекеннің таңға таусылмас, жылға жеткізбес, ғасырға қол ұсындырмас ұланғайыр тарихы конференция өзегіне айналды. Қалың тарих, қатпарлы шежірені түгел парақтап шығу мүмкін емес. Дегенмен, сол тарихтың біразы ұйымдастырушының қолдауымен шыққан «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» кітабына жарияланды.

Көк жазиралы жерімен, наркескен ерен ерімен танымал мекеннің талай тарихы шертілді. Бірқатар ұсыныстар да айтылды. Атап айқанда Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымова Қарқаралыға Жақып Ақбаевтың ескерткішін қою, белгілі қаламгер Бану Мұқашева, жазушы-журналист Сүйіндік Жанысбай, Аман Жанғожин ой-пікірлерін білдірді.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button