АймақБас тақырыпҚарқаралы

Қарқаралы ұлттық паркі жаңа өрт сөндіру техникаларымен толықты

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі заманауи өрт сөндіру техникасымен толықты. Отандық “QazTehna” зауытында құрастырылған HOWO маркалы сегіз жаңа автоцистерна паркке табысталды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл машиналар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің техникалық талаптарына сай әзірленген, жол талғамайтын қабілеті жоғары және ең күрделі жағдайда да жұмыс істей алады. Әрбір техника ЕВРО-5 стандартына сәйкес, экологиялық тиімді әрі барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған.

– Жаңа техника бізге өте қажет болды. Қолданыстағы машиналардың көбі ескірген. Сонымен қатар, жаңа орман өрт сөндіру бекеттерін салып жатырмыз, енді оларды да жабдықтаймыз. Жаңа машиналар Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингке алынды. Олар барлық қажетті өртке қарсы-техникалық құралдармен жабдықталған. Су цистернасының сыйымдылығы көбірек. Жалпы алғанда, бұл машиналар жол талғамайтын қабілетімен ерекшеленеді, ең қиын жететін орман учаскелеріне де баруға мүмкіндік береді. Бұл өрт шыққан жағдайда жедел шара қолдануға және орман өртінен келетін зиянды азайтуға сеп болады, – деді Карқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Руслан Төлепбаев.

Әрбір автоцистернада кузов пен доңғалақ доғаларын суландыру жүйесі орнатылған. Бұл өртті тіпті жүріп келе жатып та сөндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, биыл ұлттық парк аумағында өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылады. Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен 18 бейнебақылау камерасы бар мұнаралық құрылымдар орнатылады. Жаңа жүйе өртті дер кезінде байқап, бастапқы кезеңде оқшаулауға жағдай жасайды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button