Қарқаралы ауданында спорттық бағдарлаудан ел чемпионаты басталды. Дәстүрлі шараға еліміздің 9 облысынан 200-ден астам спортшы қатысуда. Шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Құсайын арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Аталмыш чемпионат Қарқаралының таулы орманында өтіп жатыр. Қатысушылар түрлі спорттық сайыстардан бақ сынап, өзара күш сынасады.
ҚР спорттық бағдарлау федерациясының президенті Рашит Хасанов, Қарағанды облысының спорттық бағдарлау федерациясының президенті Мейрам Искаков, мемлекеттік бапкер Әділ Төлеубаев та чемпионаттың ашылу салтанатына арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Қасиетті қарқаралы жері – құтты қоныс, аяулы атамекеніміз. Арқа жеріне келген қонақтарымыз, қош келдіңіздер! Елдің түпкір-түпкірінен келіп жатқан қонақтарымызға алғыс білдіреміз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Осы шараны Қарқаралы өңірінде өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді Ерлан Бейсенбайұлы.
Чемпионат қорытындысы жексенбі күні шығады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz