АймақБас тақырыпҚарқаралы

Қарқаралы – өңірдің айрықша бренді

Қарағанды облысында экологиялық туризмді дамыту және демалушыларға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру басым бағыттардың біріне айналып отыр.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Өңірде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер жүйелі түрде жүзеге асуда. Мемлекет басшысы туризмді экономиканың драйвері әрі инвестиция тартуға тартымды сала ретінде бірнеше рет атап өткен.

Өңірдің негізгі туристік аумақтарының бірі — Қарқаралы ауданы. Мұнда облыстағы барлық орман қорының 90 пайыздан астамы шоғырланған, ал Қарқаралы қаласының өзі өңірдің визит карточкасына айналған. Қазіргі таңда ауданда шамамен 40 демалыс аймағы бар, туризм саласында 300-ден астам адам еңбек етеді. Өткен жылдың жазғы маусымында ғана бұл өңірге 20 мыңға жуық турист келген.

Ішкі туризмнің дамуына жол инфрақұрылымының жаңаруы да серпін беруде. Атап айтқанда, Қарағанды – Қарқаралы автожолына жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар табиғат аясында жайлы демалысқа қажетті жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Бұғылы тауының етегінде заманауи рекреациялық аймақ құруға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Аумағы 75 гектарды құрайтын бұл жер мемлекеттік ұлттық табиғи паркпен шектеседі және бірнеше функционалдық аймаққа бөлінген: тыныш демалыс аймағы, этноауыл, ойын-сауық паркі, демалыс үйлері мен тау шаңғысы кешені.

Болашақ туристік нысандар үшін инженерлік инфрақұрылым алдын ала жасалуда. Атап айтқанда, шамамен 16 шақырым электр желісі тартылған, су құбыры мен кәріз жүйесі жүргізілген, кіреберіс жолды жөндеу жоспарланған. Жер телімдері инвесторларға конкурс арқылы берілмек.

Эко- және этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қарқаралы мен оның маңында ұлттық нақыш пен заманауи жайлылықты үйлестірген қонақ үйлер, глэмпингтер мен этноауылдар ашылып жатыр. Соның бір мысалы — шағын қонақүй деңгейінде жабдықталған киіз үйлері бар қонақ кешендері. Мұнда санитарлық тораптар, жатын орындар мен демалыс аймақтары қарастырылған.

Саланы дамытуға мемлекеттік қолдау да ықпал етуде. Кәсіпкерлер «Даму» қоры арқылы жылдық 7 пайызбен жеңілдетілген несиеге, сондай-ақ гранттар мен жұмыспен қамту бағдарламалары аясындағы қолдауға қол жеткізе алады. Бұл туризмді дамытуға ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Осы қолдаудың игілігін көргендердің бірі — «Орман» қонақ кешенінің иесі Жанат Жетенова.

— Шамамен екі жыл бұрын ашылдық. 200 жыл бұрын салынған үйді сатып алып, оны ретро стильде жөндедік. Қалған шағын үйлерді өзіміз салдық. Ай сайын шамамен бір жарым мың адамды қабылдаймыз, араларында қазақстандықтар да, шетелдік қонақтар да бар. Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттау үшін киіз үйлер орнаттық, — дейді кәсіпкер.

Ал бизнесвумен Айжан Оңғарбай жеке қаражаты, гранттық және қарыз қаражаты есебінен глэмпинг кешенін салған.

Қарқаралы ауданында туризмді кешенді дамыту үшін инфрақұрылымнан бастап кадр даярлауға дейінгі барлық бағыттарды қамтитын жол картасы әзірленген.

Туризмнің дамуына цифрландыру да өз үлесін қосып отыр. Өңірде Visit Karaganda орталығы жұмыс істейді, ол туристерге қолдау көрсетіп, облыс бағыттарын насихаттайды. Сондай-ақ 170-тен астам тілде кеңес бере алатын жасанды интеллект негізіндегі чат-бот іске қосылған. Бұдан бөлек, тұрғын үй мен экскурсияларды брондауға арналған цифрлық сервистер қолданысқа енгізілген.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button