Қарқаралы аймағының айнасы болған, өңір шежіресін тасқа басқан, орталық Қазақстандағы ең көне басылым – «Қарқаралы» газетіне 95 жыл толды. Тамырын тереңге жайған газет замана дәуірімен үндесіп, қоғам тынысын тамыршыдай тап басып, ғасырға жуық елмен бірге жасасып келеді. Қазақ журналистикасында өз орнын, өз биігін айқындаған аға басылым әлі күнге дейін елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды.

Басылым алғаш рет 1930 жылдың 7 қарашасында жарық көрген. Содан бері газет талай нәубетті жылдардың тарихын тасқа қашап, күні бүгінге дейінгі аймақтың тыныс-тіршілігін жариялады.
Алғашқы нөмірі «Еңбек туы» деген атпен жарық көрген, біраз уақыт өткен соң «Еңбек майданы» атанып тарады. Орталық Қазақстандағы ең көне басылым болған газет кезінде округтік, ауданаралық газет болды. Ең көне аталатын себебі – аудан орталығы Қарқаралы өлкесі де – Орталық Қазақстандағы байырғы қалалардың бірі саналады. Бұрын «Еңбек туы», «Еңбек майданы» деген атаумен шыққан газет Қарқаралы, Баянауыл, Абыралы, Шұбартау, Қоңырат, Шет, Ақтоғай, Балқаш, Жаңаарқа, Қу (бұрынғы Егіндібұлақ) аудандарына тараған. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бері қарай 95 жыл бойы тұрақты жарияланып, осы мекеннің бас басылымына айналды. Бүгінге дейін 12 мыңнан астам саны жарық көрген екен.
Газет тігінділерінде ұлылардың ізі сайрап жатыр. Редакцияда қызмет еткен әр қаламгердің сөзі мен салмақты ой орамдары басылымда жарық көріп, мәңгіліктің еншісіне ескерткіш болып қалды.
Әуел баста газеттің тұңғыш редакторы Жұмабай Орманбаевтың жетекшілігімен арна тартқан дәстүр ширек ғасырда Қосан Садуақасов, Әбікен Бақтыбаев, Оспанбай Орынтаев, Шәймерден Сатыбалдин, Заманбай Игіліковтен Назипа Асқарова, Рымбек Смағұловқа ұласып, бүгінгі күні Құрманғазы Өтебайға жалғасқан. Сонымен қоса, өзіндік қолтаңбасымен дараланатын Айташ Омаров, Шаймарал Ескербаев, Мақсұм Омарбеков және басқа да алып тұлғалар мен қаламы жүйрік журналистер қызмет етті. Бүгінде сол үрдісті Ермек Балташұлы, Меруерт Балкеева, Диляра Арғын жалғап келеді.
Қазақстанның Құрметті журналисі Рымбек Смағұлов «Қарқаралы» газетінің ғасырға жуық ғұмырында бүгінгі редакторға дейін 17 басшы қызмет еткенін санамалап береді. 2021 жылы газет тізгінін қолына алған Құрманғазы Өтебай тарихтан тамыр тартқан газеттің жазба дәстүрін заманға сай бейімдеп, ерекше форматта (Д2 форматта) шығаруда. Апта сайын жарық көретін басылымда Қарқаралы өлкесінің қат-қабат мәселесін өрнектеген кестелі тіл шенеуніктерді қалай шағып алғанын байқамай қаласың. Мұның салмағын газеттің әлеуметтік желідегі оқырманы бағамдап береді. Өлкенің бас басылымында өңір халқының жанайқайы, жол жөндеу, ауыз су, кәріз жүйесі т.б. мәселелер жиі көтеріліп, шешімін табуға атсалысуда. Газет бетінде түрлі тақырыптағы сараптама, шолу, публицистикалық мақалалар жарияланады. Автор сонымен қоса, Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген деректі фильмдер түсіретін «Qagan production» жобасын қолға алыпты. Бұл ел топырағынан ұлттық құндылықтарды талмай іздеген «Қарқаралы» газетінің бел баласы.
– Қарқаралы өңірі – талай ұлылардың кіндік қаны тамған киелі жер. Әр ауылынан шыққан кесек-кесек тұлғалар өңірдің ғана емес, күллі республиканың мақтанышы. Ал олардың еңбегі мен шығармашылығы газеттің бір-бір нөміріне татиды. Қарқаралы – руханияттың ордасы болғандықтан, газет бетінде мәдени-рухани тақырыптар жиі жарық көреді. Бүгінде республикаға танымал, сұлу сөзден маржан терген ақындардың алғашқы тұсауын кескен осы «Қарқаралы» газеті болатын, – дейді бас редактор Құрманғазы Ғазизұлы.
Сонымен қоса, ол «Жазба журналистика ешқашан өлмейді. Оқырманның үдесінен шығу үшін газет те, журналист те әмбебап болуы қажет» деген пікірде. 90-жылдары коммуналдық қазынашылдық мекеме болып құрылған газет редакциясы 2012 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік мәртебесін иеленген. Цифрлық БАҚ өрістеген кезеңде «газет оқылмайды» деген пікір қылаң береді. Десе де, жазбаша журналистика бұқараға жақындығын жоймақ емес.
2021 жылы аудандық және қалалық газеттер жекеменшікке өтіп жатқанда «Қарқаралы» газеті де сондай күйді кешкен еді. Сол кезде басшылыққа келген Құрманғазы Өтебай газет аяққа тұрып кеткенше жүйрік қаламымен тегін көмек көрсеткен әріптес достарына алғыс айтты.
Аудандық газеттерге жас журналистердің аз баратыны – басы ашық дүние. «Шалғай аймақтарға жұмысқа келетін жас журналистер үшін «Дипломмен – ауылға!» секілді бағдарламалар неге жоқ?! Мемлекеттен қолдау болса ғана тарихи басылымның ізін жалғайтын, аудандық газетті одан әрі көркейтетін қаламгерлер келуші еді», – деп қынжылады бүгінгі басшы.
Әлемдік тәжірибе газеттің күні өтпегенін, қоғамды дамытуда әлі де өзекті орында екенін айқындап келеді. Орталық Қазақстанның абыз басылымы, аймақ жылнамасы болған «Қарқаралы» қоғамдық-саяси газеті қара орман оқырманымен бірге жасай береді.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



