«Жарлы-Қарқаралы» су құбырының құрылысы толық аяқталды
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында тұрғындар өмірін жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға және туризмді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Су құбыры тартылып, ауылдар сапалы ауызсумен қамтылуда. Одан бөлек, спорт кешені салынып, өрт сөндіру бөлімшесі жаңартылды. Туризмге де ерекше ден қойылып отыр. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік тынысын кеңейтіп, тұрғындарға жаңа мүмкіндік ашады. «Ауданға жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып қайтты» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сапалы ауызсу – тұрғындар игілігіне
Қарқаралы қаласында көптен күткен ірі жоба – «Жарлы-Қарқаралы» су құбырының құрылысы толық аяқталды. Бұған дейін тұрғындар орташа пайдаланылу мерзімі елу жылға жуық ескірген ұңғымалардың суын ішіп келген еді. Жаңа магистраль осы көпжылдық түйткілді шешіп отыр. Барлығы 38 шақырым су желісі тартылып, төрт сорғы станциясы мен көлемді екі резервуар орнатылды.
Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин құрылыс-монтаж жұмыстарының толық аяқталғанын айтты. Қазіргі уақытта су Қарқаралыға жеткен. Желілер мен резервуарлар шаю және залалсыздандырудан өтуде. Санитарлық қорытындыдан кейін нысан ресми пайдалануға беріліп, тұрғындарға сапалы ауызсу жаңа құбырлар арқылы жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, жерасты су көзі алдағы ондаған жылға жетеді.
Ауданда тағы бірнеше ауылда су құбырларын салу және жаңғырту жобалары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған соң Қарқаралы ауданы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
Аймақ басшысы сапар барысында Көктас ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын да көрді. Әлеуметтік маңызы зор жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Кешен ашылған соң, бұқаралық спорт қолжетімді болып, балалар мен жастар үшін қосымша секциялар ашылады. Бір мезгілде 40 адамға дейін жаттыға алатын үлкен спорт залы, бапкерлер бөлмелері, жуынатын және киім ауыстыратын орындар қарастырылған. Жаңа кешен келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев күрделі жөндеуден кейін ашылған өрт сөндіру бөлімшесіне барды. Әмбебап құтқару бөлімшесі заманауи техникамен және құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет етуге, азаматтық қорғанысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Құтқарушылардың міндеті тек өртпен күрес емес – алдын алу, авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстары да олардың еншісінде.
Туризм тынысы артады
Сапар барысында туризмді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Ермағанбет Бөлекпаев «Бұғылы» рекреациялық аймағында болды. Мұнда 75 гектар аумақта заманауи туристік кешен салынады.
Қазір қажетті инженерлік коммуникациялар – су, кәріз жүйесі, электр желілері мен байланыс инфрақұрылымы тартылуда. «Бұғылы» табиғи оазисі кездейсоқ таңдалмаған. Рекреациялық аймақ Қарқаралы қаласына жақын орналасқан және Ұлттық табиғи паркке ұласады.
Жоба келесі жылы аяқталып, іске қосылғанда туристер легі еселене түспек. Ал, толық іске асқанда өңірдің туризм әлеуеті артып, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындары мен қосымша табыс көздері ашылады.
Тұрғындармен ашық кездесу
Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізді. Басқосуда инфрақұрылымды дамыту, жаңа мектептер салу, жолдарды жөндеу және мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды. Кездесуге облыстық басқармалар мен аудандық, қалалық бөлімдердің басшылары қатысып, тұрғындар қойған сұрақтарға бірден жауап беруге тырысты.
Әкім атап өткендей, Қарқаралы ауданында әлеуметтік жобалар, инфрақұрылымды жаңғырту және туризмді дамыту бағытында бірқатар ірі жұмыс атқарылып жатыр. Соның ішінде «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
– Жолдың жақсаруы өңір тұрғындарының ғана емес, туристердің де жағдайын жеңілдетті. Қарқаралының болашағы туризммен тығыз байланысты, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, ол экология мәселесіне де тоқталды. Әкімнің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы тек әкімдіктің міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қазір ауданда күзгі тазалық айлығы басталып, тұрғындардың белсене қатысатынына сенім білдірді.
Қарқаралы ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жарлы ауылында ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Қарағайлы кенті мен Көктас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен дәл осындай нысан Нұркен ауылында да салынып жатыр.
– Инфрақұрылымды дамыту үшін инвесторларды тарту маңызды. Әсіресе, жастарға арналған тұрғын үй саласында басқа өңірлердегі табысты тәжірибелерді енгізу қажет. «Қазақмыс» корпорациясы сіздерде Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отыр. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнестің жарқын үлгісі, – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында тұрғындар «Егіндібұлақ-Қарқаралы» жолының жағдайын және Тәттімбет, Қасым Аманжолов, Талды ауылдарындағы ауылішілік жолдардың жөнделуін сұрады. Ермағанбет Қабдулаұлы аталған бағыттағы қайта жаңғырту жұмыстары «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесе отырып, келесі жылы басталатынын хабарлады.
Электрмен қамту, тарифтер және коммуналдық жүйелердің жұмысы да талқыланды. Қарқаралыдағы бірқатар үйлердің жертөлесін жер асты сулары басып кететіні айтылды. Осыған байланысты, аймақ басшысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жобаны қайта тексеруді, қала әкіміне мәселені шешуді тапсырды.
Білім ошақтары жаңғыртылуда
Биыл ауданда сегіз мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілген. Ынталы ауылындағы №3 және Егіндібұлақ ауылындағы №5 мектептер «Мектептерді жаңғырту» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуде. Егіндібұлақ мектебіндегі жұмыстардың жақын арада аяқталуы тиіс екенін айтқан Ермағанбет Бөлекпаев бұл нысанды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
2026 жылы осы бағдарлама бойынша Ынталы, Жарлы және Бүркітті ауылдарындағы тағы үш мектеп жөнделеді. Сонымен қатар, Матақ, Аппаз және Томар ауылдарындағы білім ошақтарын да бағдарламаға қосу қажеттігі атап өтілді.
Тұрғындар жылумен қамту тақырыбын да көтерді, соның ішінде мектептерге жеткізілетін көмірдің сапасына қатысты сын айтылды. Облыс әкімі бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырып, әлеуметтік нысандарды уақытылы жылумен қамтамасыз етпегендерге шара қолданылатынын ескертті.
– Біз бірден нәтиже болады деп уәде етпейміз. Бірақ, нақты міндеттер қойылды. Алдымен ірі елдімекендерден бастаймыз, кейін басқаларына көшеміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындарға белсенділігі үшін алғысын білдіріп, көтерілген барлық ұсыныс пен ескертудің бақылауда болатынын айтты.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»